Басты ақпаратБілім

Сапалы білім – табысты ұлт

Әділетті Қазақстан қоғамына батыл қадам басқан қазіргі кезеңде білім сапасын көтеруге ерекше маңыз беріліп отыр. Дәстүрлі білім беру қызметкерлерінің биылғы тамыз кеңесінің басты тақырыбы мектеп оқушыларының білім сапасын көтеруге, жас ұрпақты адалдыққа тәрбиелеуге, табысты ұлт болуға үндеуге бағытталды. Жаңа форматта өткен кеңесте білім саласындағы жүйелі мақсаттар мен міндеттер айқындалып, ақжолтай жаңалықтар жарияланды.

Білім беру қызметкерлерінің дәстүрге айналған кеңесі Астанада 24-25 тамызда екі күнге жалғасты. Биылғы шара «Жайлы инфрақұрылымды қалыптастыру» бағыты бойынша «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбы аясында өтті. Тамыз кеңесінің алғашқы күні әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында басталып, келушілерге «Жайлы мектеп» жобасына арналған мектеп жабдықтары» көрмесі ұйымдастырылды.

Елордалық ұстаздардың басын қосқан жиын барысында өткен оқу жылы қорытындыланып, оқушыларды тәрбиелеу мен оқытудағы ұстаздарды толғандырып жүрген өзекті мәселелер мен аймақтағы білім беру жүйесін жетілдірудегі негізгі мақсаттар мен міндеттер айқындалып, жалпы республикада білім саласына енгізіліп жатқан жаңалықтар таныстырылды.

Биылғы тамыз кеңесі жаңаша форматта өтті. Жылдағыдай педагогтарды бір залға жинап емес, әртүрлі тақырыптағы секциялық отырыстар ұйымдастырылды. Биыл алғаш рет дәстүрлі кеңес еліміздің барлық өңірінде бір уақытта тақырыптық бағыттар бойынша жаңа форматта өтуде. Онда өткен оқу жылының қорытындыларын, қазіргі жағдайды және жаңа 2023-2024 оқу жылына арналған міндеттер айқындалды.

Тамыз кеңесінің алғашқы күні өңірлер де өз тақырыптық бағыттарына сәйкес секциялық отырысын өткізді. Қызылорда облысы «Мектепке дейінгі оқыту», Ақтөбе облысы «Ауыл мектебі», Абай облысы «Оқуға құштар ұлт», Қостанай облысы «Инклюзивтік және арнайы білім беру», Ақмола облысы «Балалардың демалуы мен сауығуы» тақырыбын қозғаса, Астана қаласы «Жайлы жағдай қалыптастыру» мәселелерін сөз етті.

1-секциялық алаң «Ата-ана және білім беру ұйымдарының рөлі: «Барлығы қамтылған» модель және бала пікірі» проблемасын қозғаса, басқа алаңдарда «Жайлы мектеп: академиялық білім және әлеуметтік-эмоционалды оқыту», «Білім берудегі инновациялар», «Жайлы мектеп: құқықтық-нормативтік база» тақырыбында білім саласының өзекті мәселелері сөз болды.

Ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі

Жалпы тамыз кеңесінің секция­лық алаң отырысының бірінде ата-ана мен білім беру ұйымдарының рөлі туралы ата-аналар, республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекдайыр Күзембай модератор ретінде жақсы пікір айтты.

Балаларды тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарды игерудің маңызы туралы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, мегажұлдыз, әнші Димаш Құдайбергеннің анасы Светлана Айтбаева тәрбие мәселесін мектеп пен ұстаздарға жүктемеуге шақырды. Ол жастардың діни көзқарасына байланысты қазақы салт-дәстүрден ажырап бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Осы орайда ол ұлттық құндылықтарға көбірек мән беру қажет екенін алға тартты.

Толық адам болу ­идеясы өзекті

«Жайлы мектеп» жобасына арналған мектеп жабдықтары көрмесі көрсетіліп, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен кеңестің пленарлық сессиясының модераторы болды.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің басқарма басшысы Қуаныш Монолбаев білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет­ті қалыптастыру мәселелері туралы, Астана халықаралық университетінің педагогика ­институты директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Жанна Ахмадиева «Елорда үшін педагогикалық білім», Ташкент қаласынан келген отандасымыз «International Talent Academy» бас директоры Арсен Байтуков «Мектеп директоры – өзгерістер көшбасшысы» тақырыбында баяндама жасаса, Алматы қаласынан келген «Жаңа ұрпақ» мектебінің негізін қалаушы, білім саласының коуч-тренері Асхат Абжанов саналы ата-ана болудың алғышартын атап, отбасы құндылығы туралы сөз етті, «Бала – бізге Жаратқаннан берілген кітап, оны сақтап, қолдайық» деді.

– Гуманитарлық педагогика даналыққа, балалармен әр кездесу кезінде эмоцияларды жетік меңгеруге шақырады. Асхат Абжанов отбасы құндылығы туралы, бала тәрбиесіне қатысты күнделікті өмірімізден қызықты жайттардан мысал келтірді. Бұл Абайдың толық адам туралы айтқанымен үндес келетіндей, – деді Есет Берікұлы.

Абай ілімі бойынша әуелі «жарым адамнан» «адам» сатысына көтеріліп, содан кейін ғана «толық адам» сатысына жетуге болады. Бұл саты – көпшілік қауым көтеріле алмайтын, тек қана ұмтылатын меже, рухани жаңғырудың нысанасы ғана. Ерекше қасиеті бар адамдар ғана көтерілетін өте жоғары деңгей. Шындығында да, қазіргі педагогикада Абайдың «толық адам» іліміне ерекше көңіл бөліне бастағанын байқауға болады.

Жиында сөз алған Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев елордадағы тиімді білім берудің даму бағытын сөз етті.

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев сөз сөйлеп, қабылданып жатқан жүйелі шаралардың арқасында бірнеше жыл бойы халықаралық рейтингтерде еліміздің білім беру саласында оң өзгерістер байқалғанын айтты.

– Мәселен, «Білім» факторы бойынша IMD цифрлы бәсекеге қабілеттілік рейтингінде (Institute for Management Development – Халықаралық басқарушылық даму институты, Лозанна, Швейцария) Қазақстан өз нәтижесін 6 позицияға жақсартып, 30-орынды иеленді. «Білім беру саласына жұмсалатын қаржы» факторы бойынша еліміз 33-орынға шықты. 2021 жылы еліміз 62-орында болған еді. 2023 жылы мемлекеттік бюджеттен білім саласына жұмсалған қаржы көлемі 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 5,5 трлн теңгені құрады. Адами капитал көрсеткіші бо­йынша жаһандық инновациялар индексінде нәтижелеріміз айтарлықтай жақсарды. 2018 жылы 71-орында болсақ, 2022 жылы 60-орынға көтерілдік. Жалпы мемлекет барлық деңгейде сапа мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін қолдан келгеннің барлығын жасайды. Сондықтан өскелең ұрпақтың алған білімі мен іскерлік қасиеті еліміздің негізгі күшіне айналуы тиіс. Осы мақсаттарға жету үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданды, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы және басқа да стратегиялық құжаттар жүзеге асырылуда, – деді Ғани Бектайұлы өз сөзінде.

Оқу жылының жаңалықтары

Жаңа 2023-2024 оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова хабарлады.

* Министр Ғ.Бейсембаевтың айтуынша, биыл 1 қыркүйектен бастап барлық білім беру ұйымдарында ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы (ата-аналар академиясы) жұмысын бастайды.

* 1 қыркүйектен бастап 2023-2025 жылдарға арналған біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру басталады. Ол жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған және 5 млн білім алушыны, сондай-ақ, ата-аналар мен жұртшылықты қамтиды.

* Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша баланы кезекке қою және мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдауға жолдама алу бойынша мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету үшін есепке алудың бірыңғай базасы құрылады.

* Мектептегі буллинг, қауіпсіздік мәселесіне байланыс­ты 7 мың мектепке құзырлы министрліктерден мамандар келіп немесе оқушылар оларға барып, тиісті мағлұматты алады. Мектеп бағдарламасына Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерінің оқу дәрісі енгізіледі.

* Академиялық дербестік шеңберінде колледждер білім беру бағдарламаларының мазмұнын, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау үшін оқыту мерзімін айқындайды. Студенттерге еңбек нарығына шығу үшін 3 біліктілікке дейін алуға мүмкіндік берілді.

* Колледж студенттерін ынталандыру мақсатында биылғы қыркүйектен бастап стипендияны кезең-кезеңімен екі есеге ұлғайту көзделген (2023 жылы – 50 пайызға, 2024 жылы – 100 пайызға).

Білім. Бағыт. Болашақ

25 тамызда 20 өңірдің қатысуымен бірыңғай республикалық пленарлық сессия онлайн-режимде өтті. Тамыз кеңесінің алғашқы күнінде 12000 педагог офлайн, 20000 педагог онлайн, барлығы 32 мың адам болса, кеңестің екінші күнінде 1000 адам офлайн, барлық өңір мен республикалық маңызы бар қалалардан 11000 білім қызметкері қатысты. Тамыз кеңесінде мемлекеттік органдар қызметкерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері, білім саласының ардагерлері, педагогтар, ата-аналар, БАҚ өкілдері де болды.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова тамыз кеңесіне қатысушыларға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан құттықтау сөзін жеткізді.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өткен оқу жылының қорытындысын, қазіргі жағдайды және жаңа 2023-2024 оқу жылына арналған міндеттерді баяндап берді.

Екі апта бойы панельдік сессияларда педагогтар мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім берудегі өзекті мәселелерді, балалардың құқығын қорғау және білім беру сапасын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Кеше ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында тамыз кеңесі аясында «Жайлы инфра­құрылымды қалыптастыру» бағыты бойынша пленарлық отырыс өтті. Оған офлайн және онлайн режимде 11 мыңға жуық мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың басшылары, еңбек ардагерлері, педагогтар, өңірлерден келген әкім орынбасарлары, мәслихат хатшылары, білім, экономика, құрылыс, қазынашылық басқармаларының басшылары қатысты.

Сессияның негізгі спикерлері ретінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Премьер-министр орынбасары Тамара Дүйсенова сөз сөйледі. Олар педагогтар алдындағы жаңа міндеттер мен жауапкершілік туралы айтты. Олар онлайн-трансляция арқылы қатысты.

– Сапалы білім – қарқынды дамудың басты шарты, сондықтан адам капиталы мен сапалы білімге қойылатын талаптар жоғары болатынын ел Президенті қадап айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыс, қала әкімдері мен білім саласы қызметкерлерінің алдағы атқарар міндеттерін нақтылап, қорытындылайтын боламыз, – деді Тамара Дүйсенова.

«Жайлы инфрақұрылымды қалыптастыру» тақырыбындағы бірыңғай республикалық пленарлық сессиясын Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек модератор ретінде жүргізіп отырды.

– Халқы тығыз орналасқан Астанадағы сұраныс бойынша жылына 10-15 мектеп қажет. «Жайлы мектеп» жобасының бізге көп көмегі тиіп отырғанын айтуымыз қажет. Ағымдағы жүктеме проблемасын шешіп қана қоймай, болашақта мектептегі орын тапшылығы мәселесін толығымен жояды деген үміттеміз, – дей келе, Жеңіс Махмұдұлы модератор ретінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде әдіснамалық сүйемелдеу және мүдделі тараптардың жұмысын үйлестіру тақырыбы бойынша Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның баяндамасын тыңдауға шақырды.

– Педагогика мамандарына бүгінгі таңда сұраныс ұлғайып отыр. Қазір педмамандықтар бойынша жергілікті бюджет есебінен 4 мыңнан астам мемлекеттік грантпен жастар білім алуда, бірақ бұл кадрларға деген қажеттілігімізді толық шешпейді, осыған байланысты Мемлекет басшысы шілде айында Астанада педагогикалық университет ашу туралы тапсырма бергені белгілі, – дей келе, қала әкімі сол жайында, педагог кадрларды даярлаудағы жаңашылдық жайлы айту үшін Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловқа сөз берді.

Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылуы бойынша «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов, қосымша білім беру саласына бюджеттен тыс инвестицияларды тарту, елордадағы SANA инновациялық оқушылар сарайының тәжірибесі туралы «Damu Development Group» консорциумының тең құрылтайшысы Абзал Сағымбаев, оқытуға жайлы жағдай жасау бойынша халықаралық тәжірибені айту үшін доктор, профессор, білім саласындағы халықаралық эксперт (Сингапур) Нг Дэвид мырза сөз сөйледі.

Білім беру жүйесіндегі табыс­тың құпияларымен шетелдік спикерлер бөлісті. Мектеп ренновациясы, Эстония мемлекетінің тәжірибесі туралы Эстониядан келген білім беру технологы, доктор, профессор, Сингапур мемлекетінің білім саласындағы халықаралық сарапшысы Нг Дэвид және TKVG білім беру технологы, Эстония мұғалімдерін оқыту бойынша жаттықтырушы Людмила Рождественская өз тәжірибесімен бөлісті.

Іскерлік бағдарлама бары­сында қатысушылар білім беру саласындағы басты үрдістерді, ­сапалы білім берудің қолжетімділігін, сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысын талқылады.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button