Руханият

Ең бірінші бақытым – тілім менің…



Елімізде тіл мерекесі аталып өтілді. Тіл – біздің ең қасиетті, ең киеліміз. Өз тіліңде сөйлемей, тілді шұбарлап сөйлеу – ертеңгі болашаққа балта шабумен тең. Тіл құрыса, жер бетінен халық та жоғалады. Ол елдің мәдениеті де, өркениеті де ұмыт болады.

Қазіргі қоғамда ана тілін білмейтін жеткіншектер өсіп келе жатқанын көргенде, жүрегім қан жылайды. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих екенін ескерсек, қазір сол балалардан туылған ұрпақ қай тілде сөйлейді?! Қай елдің баласымын деп айтады?!

Қазақстан Республикасы Конституциясы 7-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп бекітілген.

Десек те, бұл Ата Заңды бәрі бірдей ұстана бермейді. Әркім өзінше түсініп, ресми тілдің де қолданыста екенін алға тартады. Иә, оған қарсылық жоқ. Бірақ, ұлтың қазақ емес пе?! Неге өзіңнің туған тіліңде сөйлемеске?!

«Мемлекеттiк тiл – еліміздің бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» делінген «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» ҚР Заңының 4-бабында.

Қазақстан Республикасындағы басқа ұлт өкілдеріне, өзіміздің азаматтарға «біздің тілді үйрен, жұмыс істеп, қызмет атқарғың келсе, өзің жүрген елдің тілін біліп, заңын құрметте» дегіміз келеді.

Қазіргі таңда барлық мемлекеттік мекеме іс қағаздарын тек қана қазақ тілінде жүргізу керек, ал арыз-шағымдар қай тілде түссе, сол тілде жауап беріледі деген қағида бар. Бірақ іс қағаздар көптеген мекемеде қазақ тілінде жүргізілмейді. Көбі аудармамен айналысады.

Бұл – істің жалпы мемлекеттік тілде сотқа берілу пайызын арттыру үшін жасалып жатқан әрекеттер.

Өзім мемлекеттік қызметкер болғандықтан, іс бойынша тараптарға алдымен қазақ тілінде амандасамын. Әңгімелесуші тарапқа қай тілде сөйлеу ыңғайлы болса, сол тілде сөйлеп, реті келсе, қазақ тілінде әңгіме өрбітуге тырысамын.

Тілге деген құрметті мемлекеттік мекемелердің жүзеге асыруын ғана қадағаламай, Қазақстан Республикасындағы барлық азаматтың біздің ана тілімізге құрметін жоғарылату үшін жұмыс істеуіміз қажет.

Әркім өзінен бастауы керек. Тілдің одан әрі жалғасып, жер бетінен жоғалып кетпеуі үшін әр адам өзінің отбасында, кішкентай сәбидің өз ана тілінде сөйлеуі үшін алдымен ата-ана, балабақша, мектеп, барлық қоғам болып ат салысуымыз керек.

Жібек ТОҚМАҒАНБЕТОВА,

Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған

 ауданаралық сотының бас маманы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button