#Жаңа Қазақстан

Халық денсаулығы – басты байлық

Президент Қасым-Жомарт ­Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауын биыл да ұжыммен бірге отырып тыңдадық. Тақырып өте өзекті. Себебі елдің әрбір азаматының өмірі алда қандай экономикалық бағыт алатынымызға байланысты. Мемлекет басшысы денсаулық саласына әрбір Жолдауында тоқталады.

Бұл жолы да медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын және жалпы денсаулық сақтау саласын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды шараларды атап өтті. Былтырғы Жолдауының нәтижесінде ақ халаттылардың жалақасы көтерілгенін, енді олардың еңбекақысы елдегі орташа деңгейден жоғары екенін жеткізді. Сонымен қатар биыл Жолдауда ауылдық жерде 300 денсаулық сақтау нысанын салу жайы айтылды. Бұл, ел азаматтарының қайда тұрғанына қарамастан, медициналық көмекке қолжетімділікті арттыру, медициналық инфрақұрылымды дамытуда маңызды қадам. Президент сонымен қатар өскелең ұрпақтың психикалық денсаулығына көңіл бөлудің маңызын да айта кетті. Ол үшін білім беру ұйымдарында психологиялық көмек қызметін нығайту, бірыңғай сенім телефонын іске қосу, зорлық-зомбылық және буллинг құрбандарына көмек бағдарламасын әзірлеу керектігі туралы ұсыныс берілді. Біз де балаларымыздың жарқын болашағы үшін бұл бастаманы қолдаймыз. Сонымен қатар Мемлекет басшысы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету механизмдерін әзірлеу қажеттігін атап өтті. Мұндай қызметкерлерге 55 жастан бастап зейнет жасына жеткенге дейін арнайы әлеуметтік төлем төлеу де ұсынылды. Осы аталған ұсыныс жылдам жүзеге асып, таяу уақытта аталған азаматтар тиісті әлеуметтік қолдауға ие болады деп сенеміз. Себебі әлеуметтік жағдайдың жақсы болуы денсаулық сапасына да әсер етеді.

Марина ИБРАЕВА,

Астана қаласы №10 емхана директорының орынбасары

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button