Басты ақпаратЕлорда тынысы

Жаңа басқару моделі несімен ерекшеленеді?



 Мемлекеттік басқару академиясының өзекті мәселелерін талқылап, практикалық ұсыныстарды әзірлеуді негіз еткен «Ашық үкімет және жаңа басқару мәдениеті: есту, түсіну, әрекет ету» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция отандық және шетелдік сарапшылардың басын қосты.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан ­Жазықбаевтың модераторлығымен өткен ғылыми іс-шараға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы тұрақты үйлестірушісі Фриберг-Стори Микаэла, бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов қатысты.

Конференцияның пленарлық отырысында алғысөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев елде жүргізіліп жатқан саяси реформалар мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, сервистік мемлекет аппаратын және жаңа саяси мәдениетті қалыптастыратынын атады.

– Мемлекеттің ашықтығы мен жариялығын қамтамасыз етуде азаматтық қоғам мен тәуелсіз журналистердің белсенділігі маңызды рөл атқарады. Көп жағдайда мемлекеттік қызметкерлер жауапкершілікті өз мойнына алып, шұғыл шешім шығаруда жоғары жаққа қарап отырады. Бұл ұстаным дұрыс емес. Тағы бір ескеретін жайт, мемлекеттік орталық аппаратта басшылық қызмет ететіндердің 18 пайызы ғана өңірлік деңгейде тәжірибесі бар. Сондықтан орталықтан өңірлерге және өңірлер арасында бағытталған ротация жүргізуді қолдаймыз, – деді Сенат төрағасы.

«Ашық үкіметті» енгізудің халықаралық және ұлттық тәжірибелері, «Цифрлық мемлекет» үлгісін қалыптастырудың негізгі аспектілері, мемлекеттік басқаруды бюрократиядан арылту мәселелері туралы ойымен Тимур Сүлейменов бөлісіп, мемлекеттік қызмет саласын дамытуда ашық талқылауға дайын екенін жеткізді.

Пленарлық отырыста спикерлер өз ұсынысын ортаға салып, ойының маңызын түсіндірді. Мәселен, Рае Квон Чунг «жасыл энергияны» дамыту, эко-қалалар құрудың экономикалық перспективаларын қозғады.

Конференция АҚШ, Германия, Польша, Болгария, Орта Азия елдерінен келген сарапшылардың қатысуымен секциялық отырыстармен жалғасты. Халық үніне құлақ асатын мемлекетті қалыптастырудың концептуалды негіздері, мемлекеттік басқару жүйесін бюрократиядан арылту және тағы басқа тақырыптарда дискуссия орын алды.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button