Басты ақпаратМәдениет

Театрлар фестивалі басталды



Астанада Қазақстан драма театрларының республикалық XXVIII фестивалі өтіп жатыр.

Биылғы салтанатты іс-шара театр мен киноның көрнекті актрисасы, КСРО Халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналды. Сондай-ақ фестиваль аясында Қазақстанның Халық әртісі Қадыр Жетпісбаевтың 80 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарланды.

23 қазанға дейін жалғасатын іс-шараға сараптама кеңесінің шешімі бойынша іріктеуден өткен 10 театр қатысады. Қойылымдарды танымал театр сыншыларынан құралған қазылар алқасы бағалайды.

– Бұл – фестиваль елі­міздің мәдени өміріндегі ең ауқымды және маңызды жобалардың бірі. Ол көрер­мендерді шығармашылық ұжымдармен таныстырып қана қоймай, сонымен қатар жас актерлерге, режиссерлерге және жазушыларға үлкен сахнадан мәлімдеме жасауға мүмкіндік береді. Фестиваль бағдарламасы барынша ауқымды және бұл бізге ең өзекті мәселе бойынша сараптама жүргізуге мүмкіндік береді, – деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ресми ашылу салтанатында.

Министрдің айтуынша, Шолпан Жандарбекованың шығармашылық жолы – сүйікті ісіне адалдық пен нағыз кәсібиліктің жарқын үлгісі.

Фестивальге С.Қожам­құлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры,  Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, Ф.Достоевский атындағы Мемлекеттік орыс драма театры, Ақмола облыстық орыс драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Түркістан музыкалық драма театры, Республикалық академикалық неміс драма театры қатысады.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button