Басты ақпаратҚоғам

Электрсамокат қаупі неде?



Астанада «Astana Invest» ҚИДО» ЖШС «Jet Kazakhstan» компания­сымен бірге қала тұрғындары мен қонақтары үшін тұңғыш рет электрсамокаттарды жалға бере бастады. Енді қалада кез келген адам белгіленген орынға қойылған электрсамокатты қалта телефонына JET мобильді қосымшасын жүктеп алып, банк картасы немесе QR-код арқылы минутына 35 теңге ақысын төлеп, баратын жеріне жетіп алғаннан кейін келесі бір белгіленген жерге қойып кете алады. Қазір тек сол жағалаудың өзінде осындай 60 орынға электрсамокат қо­йылған. Ал оң жағалау­да олардың саны 73-ке жетті.

 Таяқтың екі ұшы

Заман талабына сай электрсамокаттар біреулер үшін уақыт үнемдеуге, артық ақша жұмсамауға әрі экологиялық жағынан да тиімді шығар. Дегенмен таяқтың екі ұшы болатыны сияқты бұл құрылғымен жүрудің де өзіндік қиындықтары көрініп отыр. Мәселен, миллионнан аса тұрғыны бар ірі мегаполис үшін көшедегі жол жүру қауіпсіздігін сақтау ең басты кезекте тұруы керек. Самокат мінгендердің барлығы бірдей жол жүру ережесін оқығандар емес. Сондықтан шаһар көшелерінде жиі тәртіп бұзылатынын айтып, олардың үстінен жүргізушілер ғана емес, жаяу жүргіншілердің өзі де арыз-шағым түсіре бастаған.

Өткен аптада жүргізген рейд кезінде жол инспекторлары тек бір күнде самокатпен жүргендерге 450 мың теңге айыппұл салған. Алайда айыппұл салумен олардың бойында жол жүру мәдениетін қалыптастыра алмайтынымыз түсінікті. Не істеу керек? Елімізде самокатты жалға алушылар туралы ереже де, олардың нақты мәртебесін айқындайтын қағида да жоқ. Қазір полицейлер жыл соңына дейін жол жүру ережесі жөніндегі Әкімшілік кодекске өзгерістер енгізуді көздеп отыр.

Алматы қаласында самокат мінген адам тура полиция машинасына барып соғылған. Ол ол ма, жергілікті полиция басқармасының аға лейтенанты Мұхит Танабаевтың айтуынша, оңтүстік мегаполисте бір күнде жүргізілген рейдтік бақылау кезінде электрсамокатпен жүрген 40 адамның жол жүру ережесін өрескел бұзғаны анықталды. Алайда оларға жаяу жүргіншілерге салынатын айыппұлдан артық шара қолданылмаған. Өйткені одан артық жаза қарастырылмаған.

– Қырық самокатшының көше тәртібін бұзуы қырық қайғылы оқиғаға алып келуі әбден мүмкін. Сондықтан мұндай бақылау рейдтерін ай бойы үздіксіз жүргізсе, мемлекет қоржынына кем дегенде 7,3 миллион теңге қаржы түсер еді. Сөйтіп, айыппұлдан түскен ақшаға самокатшылардың өздері жүретін қауіпсіз жол салып беруге болар еді. Арнайы заң шығарып, олардың жауапкершілігін арттырмаса, жағдай күннен-күнге ушығып бара жатыр. Сондықтан полиция органдары олардың үстінен тұрақты бақылау орнатуы керек, – дейді елорда тұрғыны Иса Байтасов.

Өткен сегіз айдың қорытындысы бойынша мопед пен электрсамокаттардың жол ережесін бұзуынан елордада – 62, Алматы қаласында 80 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 93 адам түрлі дәрежеде жарақат алып, бір адам көз жұмды. Ал Астана қаласында 32 бала самокат пен мопедтен жарақат алды.

Қатаң бақылау қажет

«Баламды самокатқа мінген екі адам қағып кетіп, қолы мен аяғын жаралады» деп полицияға Астана тұрғыны Сәлима Нарышова шағым түсіріпті.

Әрине, самокатшыларға тиісті жаза қолданылған. Алайда қалада айыппұл салынғанмен, осы негіздегі оқыс оқиғалар азаймай тұр.

«Astana Invest» ҚИДО» ЖШС менеджері Ербол Сағатовтың айтуынша, шілде айында электрсамокатшылар үшін өздері арнайы ереже қабылдап, оны жалға алушыларға таратқан. Міне, сол ережеде электрсамокатты тек бір адам ғана пайдалана алады. Жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспауы керек» деп тайға таңба басқандай жазылып тұрса да, екі адам мініп алып, сағатына 50 километрге дейін жылдамдықпен зымырайтындар жетіп артылады. Осындай ереже сақтамаудың салдарынан жаяу жүргіншілер жолында адамдарды қағып кететін, көшедегі көлікпен қақтығысып қалатын оқиғалар аз емес.

– Расы керек, электрсамокатшылар үшін белгіленген шектеуді, нақтырақ айтқанда, жаяу жүргіншілер режимі техникасын стандарттан жалға алушылар алдырып тастап отыр. Бұл дегеніңіз жаяу жүргіншілер жолына келгенде жылдамдықты сағатына 5 километрге дейін мәжбүрлі түрде азайтатын қондырғы енді самокаттарға қойылмайды. Қауымдастық өкілдері сарапшыларды «GPS-трекер дәл керек жерінде іске қосылмайды, қосымша жабдықтың құны жоғары болғандықтан, жалға беру бағасы өсіп кетеді» деп сендіріп, адамдарға жақындағанда жылдамдықты автоматты түрде азайтатын қондырғыны самокатқа орнатпай, көшедегі адамдарға қауіп төндіріп келеді, – дейді елорда тұрғыны Тоқсанбай Кенжебаев.

Бұл жерде бір құйтырқылық бар екенін мамандар да жоққа шығармайды. Егер самокаттағы жаяу жүргіншілер режимі толыққанды жұмыс істейтін болса, самокатты жалға алуға деген сұраныс мүлде азайып кетпек. Бизнес үшін ол өте тиімсіз болар еді. Сондықтан бұл жердегі істі реттейтін бір тетік – құзыретті органдардың қатаң бақылауы. Тіпті бақылаудың аздығынан көңіл үшін бір-екі жүз грамды тартып алған кейбір жүргізушілер көлігін бардың немесе дәмхананың қасына қаңтарып, өзі үйіне шала буалдыр самокатпен баратын фактілер де байқалып қалады. Ал полиция қызметкері арнайы рейд болмаса, оларды тоқтатып, тексермейді де. Егер Ресейдегідей тәртіп бұзған самокатшыларға жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізгенде салынатын айыппұл салатын болса, олар аяғын аз да болса жияр еді.

Ереже сақтамау салдары

Жасыратыны жоқ, жол жүру ережесіне пысқырып та қарамайтын тағы бір топ бар. Ол – мопедшілер. Осы көлік иелері жолға шыға қалса, тек жол жолағының оң жақ бөлігімен ғана жүруі керек екені баршаға аян. Алайда бұл қағиданы сақтап жатқан мопедшілерді көрмейсің.

P.S: Мінекей, ірі мегаполис көшелеріндегі электрсамокатшылар мен мопедшілердің қазіргі жай-күйі осындай. Әзірше электрсамокат та, мопед те қала көшелерінде зымырап жүргенмен, көлік санатына жатқызылып (қозғалтқыш көлемі 50 шаршы сантиметрден кем болса, көлік санатына кірмейді), тіркеуге алынбаған. Бұл қазір ойланатын мәселеге айналды. Сондықтан құзырлы органдар алдағы уақытта осы жайға байланысты тиісті шара қабылдайды деп сенеміз.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button