Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Ұлттық санамыз өсе ме, өше ме?

Доп ойнап жүрген ұлым алқын-жұлқын есіктен кірді де: «Әке, менің жейдемнің алдына да керей деп жаздырып берші. Менен басқа балалардың бәрінің руы жазылған жейдесі бар екен» деп өтінді. «Ру не керек? Қазақ болсаңдар болды емес пе!» десем, «жоқ, маған да руым жазылған жейде керек, қазақпын десең дым да қызық емес» деп сазарып тұр…

Қазір машинасының терезесіне, белбеуіне, жейдесінің алдына руын жазып алатын азаматтарды жиі көретін болдық. Өлілер мекені – зираттарға да аты-жөнімен қоса, руын қосып жазып қою сәнге айналды. «Туыстар басқосуы» деген атпен әр ру үлкен той жасап, өз руынан шыққан батырларға, мықты адамдарға ескерткіш қою, көше атын беру де дендеп келе жатқан «дәстүр». Осының әсерінен иісі қазаққа ортақ небір марғасқа тұлғалар ұлттық деңгейде ұлықталудың орнына рулық деңгейде еске алынатын күйге кіріптар болдық. Керек десеңіз, өз руласы немесе ауылдасы айтып, құзырлы орындарға құлаққағыс етпесе, ұлттың ұлы тұлғаларының өзі ұмытылып қалатын жағдайға жетуге шақ қалдық. Міне, бұл да біздің елде ұлтты ұйыстырып, халықты қауымдас­тыратын ортақ ұлттық идеология жоғының айқын дәлелі.

Біздің елде рулық сананың алға озғаны сонша, біреу биікке көтерілсе, билікке жетсе, алдымен «руы кім екен?» деп сұрайтын күйге жеттік. Өйткені бұл күнде кім мансапқа қол жеткізсе, алдымен руласын, одан қалса ауылдасын тартады. Сосын да шығар ел арасында «анау шапырашты, мынау жалайыр, ол қоңырат, пәленше арғын» деген пыш-пыш сөз де көп. Неге? Өйткені біздің елде рулық сананың өршуіне биліктің өзі де себепкер. Жазушы Мұхтар Мағауиннің «Билікке қатыс­ты шенеунік атаулы қайткенде де жанын ғана емес, мансабын да сақтау амалына көшті. Бұрын жекелеп орын алған сатқындық енді жалпыға тән үйреншікті сипатқа айналды. Міне, дәл осы кезде билікке жақын мемлекеттік қызметкер атаулының өз тұғырын нығайту үшін ойлап тапқан амалдың бірі төңірегіне топ жинау болды. Әлбетте, ойы келте, өрісі қысқа шенеунік пікірлес, тілектес іздемеді, жерлес, жемтіктес іздеді. Мүлде дерлік ұмытыла бастаған рулық ұжым аяқ астынан қайта тіріле бастады» деп ашына жазатыны – соның айғағы.

Қазақтың ұлы тұлғаларының бәрі руым деп емес, ұлтым деп ғұмыр кешті. Ендеше сондай тұлғаларды ұлттық биікпен бағаламай, рулық өремен өлшеу ұсақтықтан басқа ештеңе емес. Ұлтына емес – руына, қабілетіне емес – қанына тарту ешқашан қоғамды алға бастырмайды

Қазаққа ру не үшін керек?! Бір ауыз сөзбен айтқанда, қан тазалығымызды сақтап, жақыныңмен жанаспай, жатырыңа шаппау үшін ғана керек. Рас, кезінде рулық жүйе қазақтың басты әкімшілік басқару тәсілінің бірі болды. Рудың ұраны шақырылғанда, ұлттың намысы оянған кез де болды. Бірақ қазақтың арғы-бергі тарихын қарап отырсаңыз, ұлтымыздың жүзге, руға бөлініп, ұрынбаған қасіреті, жығылмаған жары жоқ. Қарға тамырлы қазақ осыны біліп тұрып, рушылдық әдетін ешқашан тастамайды. Неге? Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, қазір рудың қандастық қатынасты сақтау рөлінен гөрі ел алдында жүрген азаматтардың өзара топтасып, бір-бірімен иық тірестірудің құралына айналып кетті де, саны көп рулар қоғамдық жағдайға ықпал ететін деңгейге жетті. Қазір аймақтарға барсаң, басты көшелері – сол өңірден шыққан тұлғалар. Әр өңірдің өз көсемі бар. Тіпті Шымкенттегі ең ұзын көше бұрын аудан басқарып, істі болған хатшының атында. Ал Өзбекәлі Жәнібеков көшесі оның ширегіне де шамаламайды. Мемлекеттік комиссия барша қазақ қадір тұтатын 20-30 есімді, атауды белгілеп, неге барлық мегаполистер мен облыс орталықтары көшелеріне соларды бермеске?!

Жақында Кеңес Одағының Батыры Ізғұтты Айтықовтың 100 жылдығы батырдың туған өлкесі – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында аталып өткенін біз қайраткер Сәдібек Түгел ағамыздың әлеуметтік желідегі парақшасынан білдік. Қазақтың арда ұлы Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдығы да айтулы тұлғаның туған жері – Жаңаарқа ауданында өтті. Осыдан бұрын Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы Ақтоғайда өткені мәлім. Байтұрсынұлының да мерей­тойы Торғай жерінде өтпек. Оның қай дәрежеде өтетіні неліктен тек Торғайда туғандарды ғана толғандыру керек? Ахмет – ұлт ұстазы емес пе?! Неге осы тұлғалардың мерейтойын мемлекеттік деңгейде елордада өткізуге болмады?! Мемлекет жағынан біртұтас ұйымдастырылып, алдымен ел астанасында жоғары деңгейде атап өтсе, елдің рухы көтерілмес пе еді?! Әрине, бұл жерде бір мәселе бар, бір тұлғаның 100 жылдық немесе 150 жылдық мерейтойы ел астанасында мемлекеттік деңгейде аталып өтсе, екінші бір ру «Біздің пәлен деген тұлғамыздың бұлардан қай жері кем, оның мерейтойын неге астанада өткізбейсіңдер?» деп өре түрегелетіні анық. Осыдан барып рулық алауыздық қайта тұтанатындықтан, мемлекет те тұлғаларды туған жеріне қарай сырып тастауды тамаша тәсілге айналдырған. Ал шын мәнінде ұлтқа қызмет еткен адамды руға тәуелдеу, рулық деңгейге дейін түсіру – санасыздықтың белгісі. Өйт­кені қазақтың ұлы тұлғаларының бәрі руым деп емес, ұлтым деп ғұмыр кешті. Ендеше сондай тұлғаларды ұлттық биікпен бағаламай, рулық өремен өлшеу ұсақтықтан басқа ештеңе емес. Ұлтына емес – руына, қабілетіне емес – қанына тарту ешқашан қоғамды алға бастырмайды. Әсіресе жаңадан тәуелсіздік алған жас мемлекет тұрғысынан алғанда, бұл – біздің ұлт болып ұйысып, жұдырықтай жұмылуымызға үлкен қатер. Өйткені рулық сана алға озса, ұлттық мүдде кейін сырылады да, жан-жаққа тартып, елдікке қатер төнетіні айтпаса да түсінікті. Ендеше бізде қашан да рулық махаббаттан ұлттық сезім күшті болғаны дұрыс. Өйткені ұлт болып ұйысып, халық болып қауымдаспасақ, тәуелсіздіктің өзі ұсақ құмдай қолымыздан сусып кетуі мүмкін.

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button