Басты ақпаратЕл тынысы

Ішкі туризмнің ілкімді қадамы



Жаз басталса туризм мәселесі БАҚ-тағы басты тақырыпқа айналады. Себебі саланың артықшылығы мен кем-кетігі, дамуы мен кенже қалуы осы маусымда айқын көрініс тауып, саяхаттаған ел әлеуметтік желіде соны жарыса жазады. Қазақстанда ішкі туристер саны былтырғы көрсеткіш бойынша 8,9 млн адам болды. Ал биыл қалай? Жалпы Қазақстан туризмінің бүгінгі дамуы мен болашағы туралы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Аманбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Қазақстан туризмін дамытпай отырған қандай ең басты өзекті мәселелерді атап айтар едіңіз?

– Еліміздегі туризм саласы тек соңғы жылдары ғана алдыңғы қатарға шығып келеді. Оған дейін туристік инфрақұрылым мәселелеріне қажет ететін деңгейде көңіл бөлінбегені анық. Қазақстанның түкпір-түкпірінде туристерге қызықты жерлер әлбетте көп. Оның барлығын бір кезде дамыту бюджетке айтарлықтай жүктеме түсіретінін де ескеру керек.

– Дегенмен бар мәселелерді шешу үшін қандай жобалар, шаралар қабылданып, жүзеге асырылуда?

– Биыл қабылданған салалық Тұжырымдамаға сәйкес бірінші кезеңде қазірдің өзінде жаппай туристерді қабылдау қабілеті жоғары туристік аймақтарды дамыту қолға алынды. Жыл сайын туристердің жайлы демалуына жағдай жасалып келеді. Осы жазғы туристік маусым басталар алдында Туризм және спорт министрлігі туристік аймақтардың дайындығына мониторинг жүргізген болатын. Мониторинг аясында «қосымша» инфрақұрылымға басты назар аударылды. Әкімдіктердің мәліметінше, негізгі демалыс орындарында қолда барға қосымша урналар, контейнерлер және тағы басқа 700-ден астам «қосымша» инфрақұрылым пайда болды.

– Ел туризмін дамытуға жылына қанша қаржы, қандай салаларға бөлінеді?

– Туристік саланы дамыту аясында Үкімет тарапынан 2019 жылдан бері бөлінген 170 млрд теңгеге 118 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. Оның ішінде 50 жоба – көлік инфрақұрылымы, 10 – электрмен жабдықтау, 2 – жылумен қамтамасыз ету, 1 – инженерлік инфрақұрылым, 22 – сумен жабдықтау, су тарту және 33 жоба – аумақты абаттандыру бағытында болды.

– Қазақстанда туризмді қарқынды дамыту үшін қаржы аз бөлінеді дедіңіз? Сонда қанша қаржы бөлінсе мәселелер толық шешіледі? 

Туристік саланы дамыту аясында Үкімет тарапынан 2019 жылдан бері бөлінген 170 млрд теңгеге 118 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. Оның ішінде 50 жоба – көлік инфрақұрылымы, 10 – электрмен жабдықтау, 2 – жылумен қамтамасыз ету, 1 – инженерлік инфрақұрылым, 22 – сумен жабдықтау, су тарту және 33 жоба – аумақты абаттандыру бағытында болды

– 2021 жылдан бері туризмді дамыту бағытында көршілес елдер қомақты қаражат жұмсап келе жатқанын білеміз. Алдағы жылдары Өзбекстан, Әзербайжан, Грузия, Армения туризм маркетингіне инвестицияларды едәуір күшейтуді жоспарлап отыр. Егер жыл басынан бері Қазақстан тек 2 халықаралық көрмеге қатысса, Өзбекстан мен Әзербайжан 6, ал Қырғызстан 8 халықаралық көрмеге қатысты. Өзбекстан 2023 жылға елдің брендін әзірлеуге және әлемдік медиа арналарда елдің жарнамасын ұлғайтуға 9 млн АҚШ доллар, яғни 4 млрд теңге қарастырған. Әзербайжан туризмі бойынша бюджеті шамамен 24 млн еуроны, яғни 7,4 млрд теңгені құрайды. Оның шамамен 60%-ы маркетинг, PR, жарнамаға кетеді. Сондай-ақ, Starring Georgia науқаны аясында Грузияда 27,7 млн АҚШ доллары, яки 12,5 млрд теңге сомасына танымал шетелдік әртістер мен өнерпаздардың концерттері өтеді.

Сыртқы туризмді дамыту бойынша қаражаттың шектелуін ескере және неғұрлым қолайлы форматтарды таңдай отырып, мақсатты нарыққа күш-жігер жұмсап жүрміз. Сондай-ақ, жарнамалық пакеттер кем дегенде 1 миллион АҚШ долларынан басталатын BBC және CNN сияқты сайттарда жарнамамыз жоқ. Жалпы бәсекелестікке дайын болу үшін туризмді дамыту бағытында кем дегенде жылына 3 млрд теңге жұмсауды қарастыру керек.

– Қазақстан туризмінің бас­ты ерекшелігі неде? 

– Еліміз халықаралық туристік картада өзінің экобағыты бойынша ерекшеленеді. Қазақстанда 14 ұлттық парк бар, ал жалпы ерекше қорғалатын аймақтардың аумағы Ұлыбритания аумағымен тең екен. Қазақстан экотуризм бойынша бірқатар ірі шетелдік басылымдарда да аталып өткен. Мәселен, әйгілі Lonely Planet басылымының нұсқасы бойынша экотуризм бағытында туристік «Оскар» алған болатынбыз.

– Бір сөзіңізде Қазақстан туризмін ерекше бағытта дамыту үшін тау шаңғы спортын жолға қою керек дедіңіз. Бұл салада қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Біздегі тау шаңғы курорттарының сапасы Еуропадағы демалыс орындарымен деңгейлес, ал бағасы 2-3 есе арзан. Сол себепті бізге Еуропа және ТМД елдерінен шаңғы тебуге көп туристер келеді. Шаңғы туризмін бұдан әрі дамыту мақсатында мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр, яғни тау шаңғы жабдықтарын сатып алу кезінде оған кеткен шығынның 25%-ы қайтарылады. Одан бөлек біздің халықаралық жарнамаларда тау шаңғы туризмінің мүмкіндіктерін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

– Шетелдіктерді көбіне еліміздегі қай туристік нысан қатты қызықтырады?

– Осы жылдың 7 айында еліміздегі қонақ үйлерде 730 мың шетелдік турист демалып, олардың басым бөлігі немесе 35%-ы Алматы қаласына тоқтаған. Оларға мұндағы тау шаңғы курорттары, әдемі табиғат, қолайлы климат және қонақжайлылық ұнайды. Осы және басқа да артықшылықтарға ие Алматы – еліміздің ең басты туристік қаласы. Біздің сарапшылардың айтуынша, Алматы қаласының ең танымал туристік нысандары –  Шымбұлақ, Медеу, Көктөбе, Атакент, Ботаникалық бақ және Орталық саябақ.

– Көп қазақстандық туристің айтатыны – әжетхана мәселесі. Бұл мәселе неге шешімін таппай тұр? 

– Соңғы бір-екі жылдықта туристік әлеуеті жоғары аймақтарда 200-ден аса жаңа санитарлық тораптар ашылған болатын. Оның үстіне демалыс орындарында осы және алдағы жылы 300 әжетхана салынады. Бірақ бұл сұрақты тек мемлекет емес, жеке кәсіпкерлер де шешуге үлесін қоса алады. Қалай? Өткен жылдан бері мемлекет туристік аймақтарда орналасқан әжетханаларды күтіп ұстауға ай сайын 83 мың теңгеден төлем жасауға дайын. Ол үшін кәсіпкерлер жергілікті әкімдіктерден толық ақпарат ала алады.

– Елімізге келетін сыртқы және ішкі туристер саны, туризмнен түсетін табыс көлемі қандай?

– Жаһандық коронавирустық пандемия саланы ең үлкен дағдарысқа әкеліп соқты. Дүниежүзілік туристік ұйымның (UNWTO) мәліметтері бойынша халықаралық туризм тек 2024 жылда қалпына келеді деп болжануда.  Алайда, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда пандемияға дейін жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізілді. Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 2021 жылмен салыстырғанда 1,7 млн адамға артып, 8,6 млн адамды құрады. Аталған сан пандемияға дейінгі деңгейден 2 млн адамға көп. Биыл кемінде 9 млн турист болады деп отырмыз. Қонақүйлерде қызмет көрсетілетін шетелдік туристер саны 2021 жылмен салыстыр­ғанда 3 есеге артып, 928 мың адамды құрады. Орналастыру объектілері 182,9 млрд теңге сомасына қызмет көрсетті, бұл 2021 жылдың қорытындысы бойынша 70 млрд теңгеге артық. Қызмет көрсету көлемі де 2019 жылдың қорытындысынан 60 млрд теңгеге асып түсті. Биылғы қорытынды бойынша бұл көрсеткіш шамамен 200 млрд теңге болады деп күтілуде. Қонақүйлер саны 284-ке артып, 4 мыңға жуықтады. Бұл ретте қонақүйлердің рекордтық толымдылығы 31,1% мөлшерінде тіркелді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық парктерге келушілердің саны рекордтық көрсеткішке жетті. 2021 жылмен салыстыр­ғанда олардың саны 400 мың адамға артып, келушілер саны 2 млн астам адамды құрады.

– Елімізде туризм 4 бағытта дамуда дедіңіз. Сол туралы толық ақпарат берсеңіз.

– Отандық туризм келбетін «4Е» тұжырымдамасымен сипаттауға болады, олар: eco, ethno, events, entertainment. Мысалы «eco» бағытына еліміздің бірегей ұлттық парктері кіреді. Әсіресе, Алматы маңайындағы ұлттық парк­терге сұраныс көп. Бұл бағытта соңғы жылдары америкалық жүйе қолданылып келеді. Ол бойынша парктерге инвесторлар тартылып, туристерді қабылдауға қолайлы жағдай жасалуда. Мәселен, туристерге қажетті ақпарат беріп, туристік қызмет көрсететін визит орталықтар, стандартталған тораптар, көлік тұрақтары, жатын және тамақтанатын орындар, заманауи әжетханалар, т. б. Одан бөлек, соңғы жылдары табиғат төңірегінде жайғасқан экостильдегі глэмпинг орналасу орындарының пайда болу үрдісі байқалады.

«Ethno» бағытында басты назар – біздің қолөнершілерімізде. Олар үшін ірі қалаларда орталықтар ашылып жатыр. Мысалы, Астана қаласындағы Ұлттық мұражайда қолөнершілерге арналған жеке павильон бар. Осы бағыттың аясында гастрономия­лық мүмкіндіктер де шетелдік туристерге кеңінен насихатталады. Қазіргі уақытта бірқатар ұлттық тағамдар ұсынатын тамақтану орындары ашылып, туристерге ерекше әсер беретін өнімдерді әзірлейді.

«Events» құрамында «meetings, incentives, conferences, exhibitions» деген ұғымдар бар, бірігіп олар MICE деп аталып, іскерлік туризм бағыты болып танылады. Елімізде халықаралық іс-шаралар неғұрлым көп өтсе, соғұрлым іскер туристер көп келеді. Ал сарапшылардың байқауынша, іс-сапар мақсатымен келетін туристер ең қалталы туристер санатына жатады екен. Сол себепті, Kazakh Tourism халықаралық ұйымдардың іс-шараларын елімізге биддинг арқылы тартады. Осы жылдың өзінде Қазақстанда Enactus Kazakhstan National Expo 2023, TRAVELHUB Kazakhstan, BIZZ Eurasia, INQAAHE, 17-ші Азия өңірлік конференциясы өтті. Ал оларға қатысқан адам саны 2100-ден асты.

«Entertainment» бағытында қалалық турлар аясында даму мүмкіндігі мол. Әсіресе, Алматы мен Астана қалалары және олардың маңайында орналасқан туристік нысандар шетелдік туристердің көбін қызықтырады. Мәселен, Қытай, Үндістан, Араб елдері азаматтары осындай форматтағы демалысты ұнатады. Қытай азаматтары осы екі қаланың ірі сауда орталықтарына барып шоппинг жасауды қатты ұнатса, ал Үндістан мен Араб елдерінен келген туристер Алматының тау шаңғы курорттарына қызығады. Бұл бағытқа ойын-сауық дестинациялар да, яғни Бурабай және Қонаевта орналасқан казинолар қатысты.

– Туризм саласын дамытуға арналған қандай бағдарламалар бар?

– ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 262 қаулысымен ҚР-ның туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған жаңартылған тұжырымдамасы бекітілді. Қазіргі таңда бұл қолданыстағы басты стратегиялық құжат. Ал жалпы туризм мәселелері Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасында қарастырылған.

– Сіздің акционерлік қоғамның құзырына кіретін, қамтитын қызмет ауқымы қандай?

– Бастапқыда компания екі негізгі міндетті шешу үшін құрылды. Олар: шетелде турис­тік әлеуетті ілгерілету және салаға инвестиция тарту. 2019 жылы «ҚР-дағы туристік қызмет туралы» ҚР Заңында компанияның өкілеттігі бекітіліп, оның шеңберінде келесідей функциялар қосылды. Атап айтқанда, сырттан келетіндер және ішкі туризмді дамытуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруды жүзеге асырады, ҚР және оның туристік мүмкіндіктерін халықаралық және ішкі туристік нарықтарда, оның ішінде ұлттық туристік порталды пайдалану және дамыту жолымен дамытады. Халықаралық және ішкі туристік нарықтарда ұлттық туристік брендтерді әзірлейді және дамытады, бекітілген қағидаларға сәйкес олардың тізілімін қалыптастырады. Туристік салада маркетингтік стратегияны әзірлейді, оны іске асыруды үйлестіреді және мониторинг жүргізеді. Туристік ресурстарды құруға және дамытуға қатысады. ҚР-ның туристік әлеуетіне талдау жасайды.

–  Сұхбатыңызға рахмет!


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button