Басты ақпаратҚала мен Сала

«Жайлы қала» жобасы қалай жүзеге асып жатыр?

Бүгінгі таңда қала тұрғындары елорданың келбеті көрікті ғана емес, адамдардың өмір сүруіне аса ыңғайлы, жайлы болғанын қалайды. Бұл ретте қалалық ­Урбанистика орталығы тиімді жобалар жасаумен жүйелі айналысып келеді. Осыған орай, ­көгалдандыруға, абаттандыруға, жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударылуда.

Елорданы дамыту мәселелері жөнінде өткен кеңес­те Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы қала тұрғындары үшін жаңа тартымды мекенге айналдырудың ерекшелігін ескере келе, оның келбетін мейлінше жақсарту қажеттігін баса айтқан болатын. Қалалық урбанистер болса «Астана – жайлы қала» жобасы аясында бас шаһарды мейлінше ажарландыруға атсалысып келеді. Бұл ретте Президент тапсырмалары негізге алынуда. Жоба аясында бұрынғы ескі үйлердің орнына көше бойларына шағын саябақтар салынып, ондағы ойын және спорт алаңдары қала тұрғындарының жиі баратын, бос уақытын тиімді пайдаланатын орындарына айналды.

– Президент Астана «жасыл» қалаға айналуы тиіс екенін атап өтті. Қалалар әртүрлі болғанмен, тұрғындардың қажеттіліктері ортақ. Олардың бәрі де өмір сүруге қолайлы, жайлы орта іздейді. Астана белсенді дамып келеді. Сондықтан кейбір қабылданған шешімдер бірнеше жылдан кейін қайта қарауды қажет ететіні белгілі. Біз бүкіләлемдік тәжірибеге сүйене отырып, елорданың заманауи жаңа келбетін қалыптастыруға тырысудамыз, – деді Урбанистика орталығының жетекшісі Елнар Базыкен.

Қалалық Урбанистика орталығының мамандары жұмыс барысында жергілікті жұртшылықтың тілегін ескеруде. Мысалы, қоғамдық кеңістіктер, саябақтар, скверлер, аулалар бірыңғай көрінуі үшін елорданың дизайн-кодына сәйкестендірілуі керек. Дизайн-кодқа сәйкес, Астанада маңдайшалар артқы фонсыз болуы тиіс. Негізгі жазу фриз биіктігінің 70%-ынан аспауы керек. Барлық белгі қасбеттің бір сызығында болуы және қажет болған жағдайда қасбеттің стиліне бейімделуі керек. Бір ғимаратта орналасқан әртүрлі ұйымдар белгілерінің түрлері мен дизайнын ғимараттардың қасбетінің кешенді шешіміне сәйкес орналастыру ұсынылады.

Соңғы үш жылда елордада 1060-тан астам қоғамдық кеңістік абаттандырылды, ағымдағы жылы тағы 160 аула тұрғындар үшін қолайлы орынға айналды. Бұл қаладағы жаңартылған қоғамдық кеңістіктердің жалпы саны 1000-нан асқанын білдіреді.

Қазіргі кезде қаланың тарихи орталығында, Есіл өзенінің оң жағалауын абаттандыру жоспарланып отыр.

– Соңғы екі-үш жылда біз Есілдің оң жақ бөлігін түрлендіру бойынша белсенді жұмыс істедік. Мәселен, «Еуразия» сауда орталығы орналасқан аудандағы Сәтбаев көшесі абаттандырылуда. Келешекте бұл кеңістік жаяу жүргіншілер үшін жайлы аймаққа айналады. Біз аудан әкімдіктерімен бірлесе жұмыс істеудеміз. Сондай-ақ, қаланы дамыту жоспарларымыз белгілі сәулетшілермен, урбанистермен және елорданы жақсы көретін және оны әдемі әрі жайлы етуге тырысатын белсенді мамандардың қатысуымен жүзеге асып жатыр. Астананы дамыту кезінде Президенттің тапсырмасын негізге ала отырып, биыл қаланың барлық бөлігіне миллионнан астам жасыл желек отырғызылады. Ағымдағы жобаларға келетін болсақ, биыл қаланың ескі орталығына іргелес орналасқан Бейбітшілік, Желтоқсан көшелерінде жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Бұл көшелердегі жаяу жүргіншілер аймағы кеңейтіліп, жол бойына жоғары сапалы шойын шамдар, орындықтар, урналар орнатылды. Сонымен қатар, Байқоңыр ауданындағы Ақбұлақ жағалауы абаттандырылды. Сондай-ақ, Амман көшесі мен Абылай хан даңғылындағы көпірдің астында жаяу жүргіншілер байланысы жасалды, – деді орталық жетекшісі.

Расында да, қазір қала тұрғындарының қатысумен аулалар түбегейлі өзгертілуде. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар да көп. Серуен­деушілер бұрын тым сирек болса, бүгінде олардың қатары күн санап өсіп келеді. Сайып келгенде, мұның бәрі «Халық қатысатын бюджет» жобасының жемісі екені шындық. Қазір адамдар өздері таңдау жасап, аулаларды қалауы бойынша өзгертуге қол жеткізуде.

Тұрғындардың қажеттіліктерін анықтау үшін қала урбанистері сауалнама ұйым­дастыруды дәстүрге айналдырды. Соңғы кездері 2500 адам осындай сұрақ-жауапқа қатысты. Орталық жетекшісі қала дамуында бұл пікірлер ескерілетінін жеткізді.

Урбанистиканың жақсы қағидаттарының бірі – полицентризм принципі. Осыған сәйкес, дамыған қаладағы емханалар, мектептер, балабақшалар және сауда орталықтары сияқты барлық адамға аса қажетті нысандар тұрғын үйге жақын жерде болуы керек. Мұндай мекемелердің жаяу жүру радиусы 15 минуттық қолжетімділік қағидатына сай болуы және бұл аудандардың даму дәрежесіне қарамастан, қаланың барлық жерінде сақталуы тиіс. Тек әрбір ауданның өзіне тән ерекшеліктері ескеріліп, әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, адамдар ағынында біркелкіліктің сақталуына мән берген жөн. Дегенмен тұрғындардың пікірі барлық жағдайда бірдей біз ойлағандай дұрыс бола бермейтіні тағы бар. Әдетте, халықтың тек 5 пайызы ғана көпшіліктің мүддесін ойлайды. Кейде жеке қара басының қамын күйттеп кететіндер де жоқ емес.

– Біздің мақсат – қаланы тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз ете отырып, айналаны көріктендіру. Жасыратыны жоқ, «Астана – жайлы қала» жоспары жүзеге асырылғалы бері жаяу жүргіншілерге жағдай жасалып, поли­центриализмге бағытталған тәсілдер енгізілді. Нәтижесінде айналамызда жасыл алаңдар мен велосипед жолдарының саны көбейді, көпірлер мен қоғамдық кеңістіктердің қатары артты. Әу баста көзделгендей, осылайша бас шаһар, шын мәнінде, адамдар үшін жайлы қалаға, экологиясы таза әрі тұрақты, сондай-ақ тұрғындары белсенді өмір салтын жүргізетін салауатты шаһарға айналып келеді, – деді Елнар Базыкен.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button