Басты ақпаратШартарап

Үзілген келісім, күшейген күдік

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путиннің 4 қыркүйек күнгі Сочидегі кездесуі нәтижесіз аяқталды. Кездесуден кейін түрік басшысы тілшілерге берген сұхбатында «бейбіт келісімге себеп болатын ешқандай мүмкіндік көрмегенін» айтып, Қара теңіз келісімі қайта жалғасын табады деген үміттің селге кеткенін сездірді.

Аштық алқымынан алды

Қара теңіз келісімі Украина соғысы себебінен үлкен дағдарысқа дөп келген әлемдік астық қауіпсіздігінің маңызды кепілі еді. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Украинаның Қара теңіз арқылы Таяу Шығысқа, Солтүстік Африкаға және Азияның кейбір елдеріне астық жеткізу жолы шорт кесілді. Атап айтқанда, Ресейдің Украинадағы әскери әрекеті «әлемнің нан қоржынынан» астықтың шетелге экспортталуына үлкен кедергі келтіріп, жасыл шардағы азық-түлік бағасының күрт қымбаттауына мұрындық болды. Салдарынан Африканың кейбір елдеріне аштық қаупі төнсе, ұзақ жылдар бойы Украинадан астық импорттап келген дамушы елдерде саяси тұрақсыздық белең ала бастады. Өйткені Ресей мен Украина дүниежүзіндегі бидай мен арпаның үштен бір бөлігін, күнбағыс майының 70 пайызын экспорттайды. Әлемдік нарықтағы жүгерінің көп үлесі де осы елдерге тиесілі. Мәселен, Сомали, Ливия, Ливан, Египет және Судан сияқты мемлекеттер соғысып жатқан екі елдің бидайына, жүгерісі мен күнбағыс майына қатты тәуелді. Түркия да Украина астығымен өз еліндегі азық-түлік мәселесін шешіп отырған ел. Сондай-ақ Ресей ауыл шаруашылық тыңайтқыштары өндірісі бойынша әлемде бірінші орында тұр. Кейбір деректерде дүниежүзінде 400 миллион адам украиндық азық-түлікке тәуелді деген мәлімет те айтылады. Сосын да шығар, Украина соғысы басталғаннан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы соғыстың салдарынан 41 елдегі 181 ­миллион­ға жуық адам аштыққа ұшырауы мүмкін деген болжам жасаған.

Тасымал неге тұсалды?

Украинаның бидайы мен басқа да егіс дақылдарының 90 пайызы әлемдік нарыққа теңіз арқылы тасымалданады. Аз мөлшері теміржол, автомобиль және өзен ағысымен әлемдік нарыққа жеткізілгенімен, оның үлесі теңіз тасымалымен салыстырғанда тамшыдай ғана. Ал теміржол арқылы вагондап тасымалдайын десе, Украина теміржолының батыстық рельстерімен сәйкес келмейтіні де кедергі болды. Еуропаны айналып Жерорта теңізіне өткенмен, тасымал бағасы бір есеге жуық қымбат.

Соғыс басталғалы Украина бидайдың көп бөлігін Шығыс Еуропа елдері арқылы тасымалдап жатыр. Бірақ бұл жолда логистикалық мәселелер көп болды. Жергілікті шаруалар Украина бидайы келгелі өз астығы өтпей қалғанын айтып шағына бастады. Осыдан кейін Еуроодақ Болгария, Венгрия, Польша, Румыния мен Словакияға ішкі нарықта Украиналық дәнді-дақылдар (бидай, жүгері, рапс және күнбағыс дәндері) сатылымына тыйым салуға рұқсат берді.

Ресей-Украина соғысы басталғаннан кейін Африкада 30 миллион тонна азық-түлік тапшылығы туылды да, азық-түлік бағасы бірден 40 пайызға қымбаттады. Біріккен Ұлттар Ұйымы астық тасымалының кедергіге ұшырауы салдарынан «Йемендегі ұн бағасы 42 пайызға, нан бағасы 25 пайыз­ға өсті» деп мәлімдеді. Міне осы мәселеге байланысты былтыр шілдеде БҰҰ және Түркияның атсалысуымен жасалған Қара теңіз астық келісімі ғаламдық азық-түлік дағдарысы аз да болса бәсейіп, соғысқа байланысты экспорты тоқтап қалған Украина астығын қауіпсіз тасымалдауға мүмкіндік берген еді. Атап айтқанда, келісім жасалғаннан кейін, бидай бағасы 14 пайыз, жүгері бағасы 23 пайыз­ға арзандады. Одан да маңыздысы, астық мәмілесі нәтижесінде 800 мың тонна гуманитарлық азық-түлікті Украинадан шығарып, ашаршылыққа жақындаған елдерге, соның ішінде Эфиопия­ға, Ауғанстанға және Йеменге жеткізілді.

Алайда, Ресейдің биыл шілде айында осы келісімнен бас тартуы астық тақырыбын тағы да әлемдік қоламталы түйінге айналдырды. АҚШ бастаған елдер «Қара теңіз тасымалының баламасын табамыз» деп даурыққанымен, одан ешқандай нәтиже шықпады. Есесіне әлемдік нарықтағы астықтың бағасы бірден 15 пайызға қымбаттап, украиналық азық-түлікке тәуелді елдер тағы да қиыншылық қыспағында қалды. Оның үстіне, ғаламдық жылынудың әсерінен көптеген елде қуаңшылық апаты болып, астық шықпай қалды. Бұл онсыз да дағдарысқа дөп келген әлемдік астық мәселесіне «жығылғанға жұдырық» боп тиді. Мәселен, БҰҰ-ның дерегінше, 2021-2022 жылы бүкіләлемдік жүгері қоры кейінгі 6 жылдағы ең төменгі шекке түсті. Дегенмен АҚШ-тың ауылшаруашылық департаменті 2023-2024 жылдары әлемдік жүгері қоры кейінгі 5 жылдағы ең жоғарғы көрсеткішке жетеді деген болжам жасап отыр. Ал бидай өндірісі керісінше кеміп, жыл соңында кейінгі 8 жылдағы ең төменгі деңгейге түсуі мүмкін.

Астық қаруға айналды ма?

Егер астық келісімі жалғаспаса, Ливаннан Мысырға дейінгі аралықтағы импорттық азық-түлікке тәуелді елдер Қара теңіз аймағынан тыс мемлекеттерден жеткізушілерді табуы керек. Ал мұндай елдер алыста, демек жол шығыны артып, астық құны қымбатқа түспек. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының бас экономисі Ариф Хусейннің ойынша, Қара теңіз астық келісімі жаңартылмаса, табысы төмен елдер мен адамдар үшін азық-түлік «қолжетімсіз тауарға айналады». Міне осы жағдайларды көріп-біліп отырған Ресей астықты «қару ретінде пайдалануға» көшті. Атап айтқанда, мамыр айында 2 айға ұзартылған астық келісімінен Ресей шілде айында шығып тынды.

Ресей келісімшартты ұзартуға негіз жоғын бірнеше рет айтқан. Мәскеудің мәлімдемесіне сенсек, Ресейдің азық-түлік өнімдері мен тыңайтқыш экспортына кедергілерді алып тастау туралы міндеттемелер орындалмаған. Сондай-ақ Ресей Россельхозбанкті SWIFT төлем жүйесіне қосуды сұраған еді. Мәскеу одан бөлек, ауылшаруа­шылық техникасы мен бөлшектерін жеткізу мен Тольятти-Одесса аммиак құбырының жұмысын қайта жандандыру, сақтандыру мен қайта сақтандыруға қойылған шектеулерді алып тастау, азық-түлік және тыңайтқыш экспортымен айналысатын ресейлік компания­лардың активтері мен шоттарын бұғаттан шығару сияқты бірнеше талап қойған. Ресей батыстың банк ісіне және кеме қатынасына салған санкциялары Ресейдің азық-түлік пен тыңайтқыш экспорттау мүмкіндігін тежеп отыр деп санайды. Бірақ Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен мен басқа да батыстық лидерлердің пікірінше, аталған санкциялар азық-түлікке әсер етіп отырған жоқ. Ал, АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебінше, Ресей 2022-2023 сауда жылында 45,5 миллион тонна бидай экспорттап, рекордтық деңгейге жеткен. 2023-2024 жылдары бұл көрсеткіш 47,5 миллион тоннаға жетіп, тағы да рекорд жаңартылуы мүмкін екен.

Сонымен қатар, Ресей Қара теңіз келісімі арқылы тасымалданған астықтың дені батыстың бай елдеріне кетіп жатыр деп отыр. Ресей басшысы Путиннің айтуынша, астық келісімі жасалған жылы Украинадан 32,8 миллион тонна жүк кетсе, оның 70 пайыз­дан астамы бай елдерге кеткен. Африканың ең кедей елдері Қара теңіз бастамасы бойынша 1 миллион тоннадан аз жүк алған. Сол себепті де Ресей-Африка форумында Ресей президенті «алдағы төрт айда Зимбабве, Буркина-Фасо, Сомали, Эритреяға 25-50 мың тонна астықты тегін жіберуге дайынбыз» деп мәлімдеді.

Астық келісімінің үзілуі соғысты одан әрі үдетуі мүмкін. Өйткені Ресейді айтқанына көндіре алмаған Батыс елдері алдағы уақытта Украинаға үстемелеп қару беріп, Ресейді әлсірете түсуге тырысатыны анық. Оның үстіне жақында Қара теңіз астық дәлізін Ресейсіз де пайдалану үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек екенін атап көрсеткен Украина президенті Зеленский «Біз қорықпаймыз. Кеме компанияларының өкілдері бізге хабарласты. Олар Украина жөнелтсе және Түркия өткізуге рұқсат берсе, астық жеткізуді жалғастыруға дайын екендігін айтты» деп мәлімдеді.

Бізге де салқыны тимей ме?

Биыл Украинада да астықтың түсімі төмен. Өйткені шаруалар көп астық себе алмаған, ер азаматтардың көбі соғысқа аттанған. Сол себепті 2023-2024 жылдары Украинаның да бидай экспорты азаяды. Оның үстіне, Ресей соңғы кездері Украинаның порт қалаларын, астық сақтаған қамбаларын құтырына бомбалап жатыр. Жақында ғана Одессадағы қоймада 100 мың тонна асбұршақ пен 20 мың тонна арпа соққы себебінен күлге айналды. АҚШ-тың ауылшаруашылық департаментінің болжамынша, биыл Украинаның жүгері экспорты 28 миллион тоннадан 19,5 миллион тоннаға дейін азайса, бидай экспорты былтырғы 16,8 миллион тоннадан 10,5 миллион тоннаға дейін төмендеуі мүмкін. Енді астық тасымалы қиындайды, логистикалық шығындар артады. Әсіресе, Украинаның шығысында өндірілген астықты шекараға жеткізуге көп күш пен уақыт кетеді.

Қысқасы, Қара теңіз астық келісімінің үзілуі үлкен әлемдік дағдарыс деп айтуға болады. Бұл мәселе алдағы уақытта тек қана Украина астығын сатып алушы елдерге ғана емес, әр құрлықтағы астық сатушы және сатып алушы елдерге де ықпал жасайды. Қазір Ресей де қат-қабат кедергінің себебінен өз астығын алыс шетелдерге сата алмай, іргесіндегі елдерге жағалай бастады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның да астық экспортына салқынын тигізіп, бұрын қазақтың бидайын сатып алып келген кейбір елдер Ресейдің арзан бидайын сатып алды да, Қазақстанның бидайға жаңа аларман іздеуіне тура келді. Кейбір сарапшылар сатылмай қалған Ресей бидайы Қазақстанға кіріп, елімізде астықтың бағасы төмендеп, егіншілердің бидайы өтпей қалуы мүмкін деген болжам да жасап отыр. Мүмкін бұл тығырықтан шығу үшін Қазақстанның бидайы өңдеп сатуға күш салғаны абзал шығар…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button