Басты ақпаратҚоғам

Басты міндет – ата заң үстемдігін қамтамасыз ету

2023 жылдың 1 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елімізде Конституция­лық сот құрылды. Бұл елдің тарихындағы үлкен бетбұрыс. Өйткені жаңа органның бірінші міндеті – Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету. 

Өткен жылы жалпыхалықтық референдум нәтижесінде елдің институ­ционалдық ортасын түбегейлі өзгерткен бірқатар конституциялық реформа жүзеге асты. Қазақстан Конституциясы бірқатар өзгеріске ұшырап, суперпрезиденттік жүйеден парламенттік жүйеге көшті.

Жаңартылған Конституция қоғам мен мемлекетті одан әрі жетілдірудің, саяси трансформацияның, мемлекеттің әлеуметтік рөлін және құқық қорғау тетіктерінің әлеуетін күшейтудің құқықтық негізін салды.

Бұл нақты жағдайда ауыл әкімдерін халықтың тікелей сайлауына, саяси партиялардың Мәжіліске өтуін жеңілдетуге, Қазақстанда алғаш рет бір мандатты округтерге кандидаттарды енгізуге әкелді. Сонымен қатар, халықтың сенімінен шыққан депутаттарды қызметінен босату тетігі енгізілді.

Өкілеттіктерді тиімді бөлу жөніндегі институционалдық шаралар кешені азаматтардың құқығын нығайтуға бағытталған саяси реформалармен қатар жүрді. Өлім жазасын конституциялық түрде алып тастау, гендерлік теңдікті насихаттау және саяси партияларды тіркеу тәртібін жеңілдету референдумда қолдау тапқаннан кейін күшіне енді.

Көптеген үкіметтік емес ұйым­дардың өтініші бойынша «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңға да өзгерістер енгізілді. Осы уақытқа дейін заңның мәтіні азаматтардың шерулері мен қоғамдық тәртіпті бұзудың аражігін нақты ажырата алмайтын. Осылайша, теориялық тұрғыдан азаматтық бостандықтарды қорғауға мүмкіндік беретін нақтылау енгізілді.

Кейінгі кезде жаңа Конституциялық сотқа өтініш берген азаматтардың саны артып келеді. Бұл сенімінің жанданғанын айғақтайды. Бұдан былай кез келген азамат өз құқығын қорғау үшін Конституциялық сотқа тікелей жүгіне алады. Бұл – Қазақстандағы жаңашылдық.

Негізі, біздің Конституциялық сот тарихына көз жүгіртсек, жүріп өткен жолынан мол тәжірибені аңғарамыз. Мәселен, 1995 жылы Конституциялық сот Конституциялық кеңеске ауыстырылды. Ол – заңнаманың, құқық қолдану тәжірибесінің конституциялық талаптарға сәйкес келуін қадағалау, Парламент қабылдаған заңдардың Ата Заң талаптарына сәйкестігін тексеру, мемлекеттік органдар арасында туған конституциялық-құқықтық дауларды шешу, олардың өкілеттіктерінің аражігін ажырату, Президент, Парламент сайлауларының дұрыс­тығын қадағалау, Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру, халықаралық шарттардың ратификация алдында конституциялық талаптарға сәйкестігін зерделеу. Сондықтан олардың өкілеттігі өте ұқсас. Жалпы, қазір 120-ға жуық елде конституциялық бақылау органы құрылса, соның 80-ге жуығында Конституциялық сот, 12-сінде Конституциялық кеңес жұмыс істейді.

Қазіргі таңда Қазақстан Конституциялық сотына беріліп отырған өкілеттіктер еліміздегі Ата Заңның жоғары тұруын, талаптарының өмірге енуін қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Конституциялық соттың заңдарды Парламент қабылдап, Президент қол қойғанға дейін, сонымен қатар қолданыста жүрген барлық нормативтік құқықтық актілердің де Конституцияға сәйкестігін тексеруге мүмкіндігі бар. Көптеген елде Конституциялық соттар Президент қол қойғанға дейін заңдарды тексере алмайды. Біздің елімізде бұл органға қос мүмкіншілік беріліп отыр

Конституциялық соттың жаңадан құрылуы – заман талабы. Нақтырақ айтсақ, құқықтық мемлекеттің алғышарты болатын. Бұған дейін Конституциялық кеңеске азаматтар тікелей жүгіне алмады. Олар өз құқығын қорғау үшін кеңеске тек жалпы соттар арқылы шығуға мәжбүр болды. Яғни азаматтар соттарда қаралып жатқан қандай да бір азаматтық, қылмыстық, әкімшілік, басқа да істерді шешу үшін қолданылған белгілі бір заңның конституция­лылығына күмәні болса, судьяға істі тоқтата тұрып, Конституция­лық кеңеске жүгінуді сұрайтын. Өтінішін судья қанағаттандыр­маса, әрі қарай ештеңе істей алмайды. Ал судьялар болса конституциялық қайшылық көрсе ғана Конституциялық кеңеске жүгінеді. Көріп отырғанымыздай, бұл ретте азаматтар тілегі әрқашан қабыл бола бермейтін. Енді Конституциялық сот құрылуының арқасында азаматтардың оған тікелей жүгінуге құқығы пайда болып отыр. Егер азамат заң Конституцияға сәйкес емес деп күмәнданса, сотқа тәуелді болмайды. Конституциялық сотқа тікелей шығып, күмәнданған заң нормасын тексерте алады. Бұдан өзге Конституциялық сотқа жүгінудің тағы екі арнасы ашылып отыр. Олар – Бас прокуратура және омбудсмен арқылы даулау мүмкіндігі. Республика Президенті де күшіне енген заңдарды Конституциялық сотта даулай алады. Бұл жерде Мемлекет басшысы өз еркімен де және келіп түскен азаматтардың арыз-шағымдарын қорытындылаудың нәтижесі бо­йынша да осындай өтініш енгізуі мүмкін. Осының бәрі – азаматтардың конституциялық құқығы мен мүддесін тиімді қорғау үшін енгізіліп отырған шаралар.

Қазір Конституциялық сот Конституциялық кеңестің бүкіл өкілетін алып отыр. Қосымша қосылған өкілеттер: атап өткен азаматтардың, Бас прокурордың және омбудсменнің өтінішін қарау. Конституциялық соттың жұмысы жандануы үшін жеке Конституциялық заң қабылданды. Онда Конституциялық соттың мәртебесі, судьяларына қойылатын талаптар, жұмыс істеу принциптері, конституциялық іс жүргізу сатылары, Конституциялық соттың шешімдері және түрлері, өкілеттіктері және басқа мәселелері қарастырылды. Қазір Конституциялық сот құрамында 11 судья жұмыс істейді.

Судьялардың тағайындалуы да Ата Заңда дәйектелген. Органның төрағасын Президент Сенаттың келісімімен және төрт судьясын өз ықтиярымен тағайындайды. 3 судьядан 6 судьяны Сенат пен Мәжіліс бекітеді. Бұл үдеріске осылай әртүрлі билік өкілдерінің қатысуы Конституциялық соттың бейтараптылығын, тәуелсіздігін, объективтілігін қамтамасыз ету көзделді. Жалпы, халықаралық тәжірибеде Конституциялық сот судьясы заңгер мансабының шыңы деп айтуға болады. Қазірдің өзінде Конституциялық кеңес мүшесі лауазымдарына үлкен өмірлік тәжірибесі бар, Парламент депутаты болған, Бас прокуратураның, Жоғарғы соттың басшылығында болған азаматтар немесе елімізге танымал ғалымдар тағайындалып келді. Меніңше, бұл үрдіс болашақта да сақталады. Қазіргі заң жобасы бойынша судьялардан Қазақстан Республикасының азаматы болуы, 40 жасқа толуы, заң саласында кемінде 15 жыл қызмет өтілінің қажеттігі, моральдық келбетінің тазалығы және құқық саласындағы біліктілігінің жоғарылығы талап етіледі. Олар 8 жылға тағайындалады.

Конституциялық сот судьялары тек Ата Заңға бағынады. Бұл «Конституциялық сот туралы» заң жобасында айтылған. Екіншіден, осы құжатта айқындалған судьялардың теңдігі, олардың құзыретіне қол сұғылмайтыны, тәуелсіздігі, мәселелерді алқалы түрде көпшілік дауыспен шешуі, қызметіне ешкімнің араласуына жол берілмеуі, мұндай әрекетке Қылмыстық кодексте арнайы баптың қарастырылуы, қаралған іс бойынша ешкімге жауап бермеуі, ешкімнің есеп ала алмайтыны, қабылданған шешімге білдірген құқықтық позициясы үшін қудаланбауы – Конституциялық соттың тәуелсіздігінің белгілері.

Конституциялық сот шешімінің міндетті заң күші бар. Ол бүкіл ел аумағында қолданылады және шағымдануға жатпайды. Өйткені Ата Заңның, мемлекеттің атынан сөйлеп тұрғаннан кейін ол шешім орындалуы тиіс. Оны қайта қарайтын инстанция да, шағымдану тетіктері де жоқ. Халықаралық тәжірибе де солай. Өз шешімін тек Конституциялық соттың өзі ғана жоя алады. Оған Ата Заңның өзгеруі, яғни Конституциялық сот қабылдаған шешім негізделген норманың өзгеруі себеп бола алады. Биыл төртінші конституциялық реформа болып, Ата Заңның 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді. Осы баптар бойынша бұрын қабылданған шешімдер болса, оларға қазір ревизия жасауға болады.

Қазіргі таңда Қазақстан ­Конституциялық сотына беріліп отырған өкілеттіктер еліміздегі Ата Заңның жоғары тұруын, талаптарының өмірге енуін қамтамасыз ету үшін жеткілікті. ­Конституциялық соттың заңдарды Парламент қабылдап, Президент қол қойғанға дейін, сонымен қатар қолданыста жүрген барлық нормативтік құқықтық актілердің де Конституцияға сәйкестігін тексеруге мүмкіндігі бар. Көптеген елде Конституциялық соттар Президент қол қойғанға дейін заңдарды тексере алмайды. Біздің елімізде бұл органға қос мүмкіншілік беріліп отыр.

Жалпы, Конституциялық соттың құрылуы еліміздің заң құрылымдарының, заң қауым­дас­тығының тығыз ынтымақтас­тығын талап етеді. Өйткені кез келген азамат Конституциялық сотқа жүгінуге құқылы болса да, сол соттың алдына қойылатын мәселені өз бетімен қағаз бетіне түсіре алуы, құқықтық сауатының болуы шарт. Жалпы, заң талабымен неге келіспейтінін, қай жеріне қарсы екенін уәждеп өтініш жазу қарапайым азаматтың қолынан келе бермейді. Онда оған кім көмектеседі? Осы мәселе біздегі заң қауымдастығының ынтымақтаса, өзара әріптестікте жұмыс істеуін қажет етеді. Біраз елдерде азаматтар Конституция­лық сотқа тек адвокатпен келеді. Ондағы мақсат – Конституциялық сотта шығарылатын мәселенің қаралу сапасын қамтамасыз ету. Ол жерде тараптың еркін білдіретін заңгер болуы тиіс. Жарыспалылық болуы керек. Конституциялық соттың міндеті – соны тыңдап, объективті шешім шығару. Сондықтан бұл бағытта да нақты жұмыс жүреді.

Расы керек, қазір Конституция­лық сотқа арыз-шағым көптеп келіп жатыр. Бірі сот үкімімен келіспейді, бірі тағайындалған жазаны әділетсіз деп таниды, тағы бірі банктен алған несиесін жауып беруді сұрайды. Мұндай мәселелерді Конституциялық сот қарамайды. Конституция­лық соттың басты міндеті – белгілі бір дауды шешкен кезде қолданылған заңның, басқа да нормативтік-құқықтық актінің Конституцияға сәйкестігін қарау. Сотталушы қылмыс жасады ма, жоқ па, тағайындалған жаза әділетті ме, заңсыз ба деген мәселені қарамайды. Мұны дұрыс түсінген жөн. Екіншіден, қазір кейбір заңгерлер әрбір азамат заң бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланғаннан кейін оның қандай да бір бабына күмән туындаса, Конституциялық сотқа жүгінуге құқығы болсын деген пікір айтуда. Бұл дұрыс емес. Халықаралық тәжірибеде қалыптасқан үрдіс бойынша Конституциялық сотты адам құқығын қорғаудың қосымша кепілі деп қарастырған жөн. Мысалы, азамат әкімдіктің шешімін сотта даулады делік. Сот әкімдіктің шешімін қолдады. Келесі сот сатысы бұл істі алқалы түрде қарап, заңды мүлде басқаша қолдануы мүмкін. Бұл әрбір заңгердің заң жайлы түсінігі мен тәжірибесіне байланысты. Мұндай шешімдер көп. Сондықтан егер де облыс­тық сот заңды басқаша түсініп, қолданса, азаматтың пайдасына шешсе, онда ол заңды әрі қарай дауламайды. Егер жоғары тұрған сот та заңды бірінші сатыдағыдай қолданса, азамат онымен келіспесе, заңды даулау Конституциялық сотта жүзеге асырылуы тиіс. Көптеген елде Конституциялық сотқа мұндай даулар жалпы сот сатыларынан өткеннен кейін келеді. Үкімді емес, тек заңның өзін ғана даулайды. Дау туындамаса да болашақта керек болып қалар деп, заңды әшейін тексертіп алу үшін Конституциялық сотқа жүгінуге болмайды. Заңды даулай отырып, оның салдарын да ескерген жөн. Егер заң Ата Заңға қайшы деп танылса, соның негізінде бұрын қабылданған сот шешімінің күшін жою керек болады. Ал ол заң жаңадан немесе 5 жыл бұрын қабылдануы мүмкін. Осы уақыт ішінде мыңдаған адам тағдырына қатысты қаншама шешім шықты. Оның бәрін қайта қараудың салдары қиын. Осындай жағдайдың алдын алу үшін заңгерлер қауымдастығының ынтымағы, біліктілігі өте қажет.

Эльвира АЗИМОВА,

Қазақстан Республикасы

Конституциялық

сотының төрағасы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button