Мәселе

Үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативiн тарату тәртібі

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы заңының 47-бабына сәйкес, үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативiнiң жоғары органы кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысы болып табылады. Үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің кооперативін тарату туралы шешімді қабылдау кооператив мүшелерi жалпы жиналысының ерекше құзыретiне жатады.

Заңды тұлғаны ерікті түрде тарату тәртібі Қазақстан Рес­публикасы Азаматтық кодексінің 50-бабымен көзделген. Бұл тіркеу процедурасы үшін қажетті құжаттар тізімі «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы заңыңың 16-бабымен реттелген, атап айтқанда: Қазақстан Рес­публикасының Әдiлет министрлiгi белгiлеген нысан бойынша заңды тұлғаның таратылуын мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiш; заңды тұлға мүлкiнің меншiк иесiнiң немесе меншiк иесi уәкiлеттiк берген органның не бұған құрылтай құжаттарымен уәкiлеттiк берiлген заңды тұлға органының заңды тұлға мөрiмен бекемделген шешiм; заңды тұлғаның таратылуы, кредиторлардың талаптарды мәлiмдеу тәртiбi мен мерзiмдерi туралы ақпараттың Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланғанын растайтын құжат; заңды тұлғаның мөрiн жою туралы құжат; коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркегені үшін тіркеу алымының бюджетке төленгенін растайтын құжат.

Осылайша, кооперативті тарату үшін бірінші кезекте ПИК мүшелерінің жалпы жиналысымен шешім қабылдау қажет. Содан кейін заңды тұлға бұл туралы әдiлет органына, тіркелген жеріндегі мемлекеттік кіріс органына дереу жазбаша түрде немесе электрондық-цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып, интернет-ресурс арқылы хабарлауға мiндеттi.

Заңды тұлғаның таратылуын мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiш тiркеушi органға заңды тұлғаның таратылғаны туралы ақпарат жарияланған күннен бастап кемінде екі ай өткен соң ұсынылады.

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2020 жылғы 29 мамырдағы №66 бұйрығымен бекітілген «Заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу, филиал мен өкілдікті есептік тіркеуден шығару» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес, бұл қызмет «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы немесе «egov» порталы арқылы көрсетіледі.

Егер құжаттарды тексеру процесінде тарату тәртібінің бұзылуы анықталмаса, тіркеуші орган заңды тұлғаның таратылуын мемлекеттік тіркеу туралы өтініш қажетті құжаттарымен қоса берілген күннен кейінгі бес жұмыс күні ішінде заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын тіркейді және ол туралы бұйрық шығарады.

Заңды тұлға өз қызметiн тоқтатты деп бұл жөнінде мәліметтер бизнес сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлгеннен кейiн есептеледi.

Тіркеу процедуралары туралы сұрақтар пайда болған жағдайда, Астана қаласының Әділет департаментіне ­8-7172-32-37-08 телефон нөмірі арқылы хабар­ласуыңызға болады.

Шолпан МЫРЗАБАЕВА,

Астана қаласы Әділет ­департаментінің коммерция­лық емес ұйымдарды ­тіркеу және тіркеу қызметі ­саласындағы бақылау бөлімінің бас маманы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button