Білім

Ұстаз атындағы кабинет ашылды



Астанадағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінде тілдер мерекесіне орай осы мектепті 2005-2018 жылдары басқарған ұлағатты ұстаз, Қазақстанның білім беру ісінің құрметті қызметкері Ербол Іргебай атындағы кабинет ашылды.

Дәрісхананың ашылу салтанатына белгілі алаштанушы ғалым, жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру департаменті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Қайырбек Кемеңгер, қалалық білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының басшысы Батыр Әлиұлы, Астана қаласы бойынша әдістемелік орталық әдіскері Күнімбала Баяхметбаева, композитор Кентау Назарбек, Ербол Іргебайдың отбасы мен туыстары, үзеңгілес дос­тары қатысты.

Аталған кабинетте Абай Құнанбайұлы, Мұхтар ­Әуезов, Қайым Мұхамедханов сынды тұғырлы тұлғалар туралы мәліметтермен қатар, Ербол Ісләмұлының еңбектері топтастырылған.

Шараны ұйымдастырушылар жаңа дәрісхана бұдан былай өскелең ұрпақтың ұлтжанды азамат болып қалыптасуына өзіндік септігін тигізіп, мұнда жинақталған құнды кітаптар, мазмұны бай ақпараттар қоры тәлім-тағылым береріне сенімді.

Ербол Іргебай өмірінің соңғы жылдары Қайым Мұхамедханов атындағы №90 мектеп-гимназияны басқарды. Осы білім ошағында қазақ күресінен оны еске алуға арналған «Astana open-2023» турнирі өтті. Жарысқа ел аймақтары мен Астана қаласынан 20-дан аса команда, 250-ден астам спортшы қатысты.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button