Басты ақпаратМәдениет

Әлемнің әншісі – Димаш



1 қазан – Халықаралық музыка күні. Музыка адамдарды, халықтарды жақындастырады, арадағы мәдени-эстетикалық құндылықтарды дәріптейді. Қазақ ұлтын дүние жүзіне өнер арқылы насихаттап жүрген Димаштың әндері – қазақ елінің ғана емес, барша адамзаттың байлығы, құндылығы.

Қазақстанның оңтүстік астанасы – Алматыда өткен алғашқы «Stranger» концертінде Димаш төрт сағат бойы тік тұрып, жанды дауыспен туған елі алдында есеп берді, өнерінің жаңа жоғары деңгейге көтерілгенін паш етті. Шоу еліміздің ең үлкен спорт нысандарының бірі – орталық стадионда өтті.

Димаш Құдайбергеннің шетелдік тыңдармандары Алматыдағы концертіне арнайы ұшып келді. Бұл жолы, айта кету керек, Димаштың концертіне келген алыс-жақын шетелден қонақтарда есеп жоқ, Алматының қонақүйлерінде тіпті орын табу қиын болды. Қазақтың әніне, қазақтың тіліне жарнаманың осындай жоғары деңгейге жеткені осы ғана шығар, тәубе дедік оған да. Ешбір саясаткер, ешбір өнер иесі қазақ тілінде мұндай шоу-бағдарлама жасамаған болар.

«Біз Димаштың концертіне дүйсенбі күні Словакиядан арнайы ұшып келдік. Бұрын сәуір айында Прагада оның концертінде болғанбыз. Бізге оның өнері қатты ұнайды. Қазір біз 20 адамбыз және Қазақстанға алғаш рет келіп отырмыз. Алған әсеріміз керемет! Мұндағы табиғат өте әдемі, тамағы дәмді, оның үстіне біз жылқы етін жеп көрдік. Біз Алматыда «Көк базар», Көктөбе мен Көлсайға бардық, енді Медеуге бармақшымыз» деді Словакиядан келген қонақ әріптестерімізге берген сұхбатында.

Франция мен АҚШ-тан, Жаңа Зеландия мен Австралиядан, тағы басқа алыс шетелден келген қонақтар Қазақстанның табиғатына, Алатаудың бауырындағы ару Алматының сән-салтанатына тәнті болды.

Бір ғана туристік компания Димаш Құдайбергеннің ән кеші болатын кезде 200-ден астам туристті қабылдап, қыз­мет көрсетті. Олар әлемнің 35 елінен өтініш білдірген. Алғашқы легі, ондағы 11 фанат, Ақтөбені көруді мақсат еткен. АҚШ, Ұлыбритания, Уругвай, Литва, Малайзия, Вьетнамнан келгендер бар. Жалпы мұндай тур 2017, 2019 жылдары ұйымдастырылған болатын. Көптеген фанаттар Алматы, Астана, Түркістан, Тараз, Шымкентке барды. АҚШ-тан келген фанаттың бірі Аралға барып, енді оның проблемасын көтермек.

Концерт басынан аяғына дейін қазақ тілінде өтті. Кеш алдында Димаштың әлемнің 68 елінен келген жанкүйерлері стадион алдындағы суретке түсетін аймақта фотоға түсіп, бір-бірімен еркін сұхбаттасып жатты. Орталық стадиондағы өткен концертке 35 мың билет сатылды, билет таба алмағандары қаншама, концерт басталардан бірер күн бұрын Қанат Айтбаев әлеуметтік желідегі парақшасында көпшіліктің сұрауы бойынша қосымша орындарға билет сатылатындығын жазды.

Димаш концертінің басты жаңалықтары – бейнеклип, бейнежазбалармен әрленген, сахнадағы орындалған әндер 31 композициядан құралды. Димаштың Алматыдағы концерті тек ән кеші, шоу ғана емес, адамзатқа адами құндылықтарды еске салатын, татулыққа, бірлікке үндейтін бітімгер жанның үнжариясы ретінде, барлық тіршілік атаулыны қадірлеуге ой салатын тамаша ойлы кеш болып өткенін атап өту керек. Ата-анасының адал сүтін емген ақеділ көңілді алтын ұл әлемде соғысты болдырмауға барша адамзат мүдделі болғанын қалайтынын әнмен, бейнекөрініспен әсерлі жеткізді. Әншінің бейбітшілікті аңсаған, бейбіт өмірді қолдаған идеясы өзіне дейінгі әлемдегі ең үздік, танымал әншілерді еске салғандай болды. Концерттің ең басты идеясы, басты тақырыбындай көрінді маған – «Бір аспанның хикаясы» атты авторлық композициясы орындалды. Бұл – Димаштың рухани, саяси жағынан өсіп, есейгендігінің көрінісі.

Алтын бала Димаш «Алтын адамның» киімімен жарқырап шықты, аспаннан аспалы жіппен ерекше композициямен түсті. Концерт осылай басталды.

Концертте Димаш Құдайберген, бұрыннан айтып жүрген әндерімен қатар, жаңа туындыларды да орындады.

Жұлдызды кеште Димаш туған інісі Әбілмансұр Құдайбергенді үлкен сахнаға алып шықты, бұл жас музыканттың қалың көрерменнің алдындағы дебюті болатын. Димаш Әбілмансұрдың сөзіне жазылған әнді сахнаға алып шықты. Композитор Ренат Гайсин жазған авторлық аспаптық шығарманы Әбілмансұрдың өзі орындады.

Концертте халықаралық бишілер ұжымы, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі мен «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі өнерін ортаға салды.

Шоуға жиналған халық Димашпен бірлесе ән орындады. Концертте сондай-ақ қобыз, домбыраның тарихынан сыр шертетін бейнероликтер көрсетілді. Шоу барысында Димашты өзінің ­бэнд-тобы сүйемелдеді.

Алатаудың аспанын ғажайып ән мен сазға бөлеген алтын ұлдың концерті осылайша туған жерінде айрықша аншлагпен өтті. Ертеңіне фанаттар ­Димашпен, оның отбасымен тағы кездесті, фотоға түсті. Димаштың әнін тыңдап, сөйлеу тілі дамыған Габриэл – аутизм диагнозымен ауырған бала. Анасы Нэнсимен осы Алматыдағы концертке сонау АҚШ-тан арнайы келді, Димаштың өнерін тамашалады. Димаштың әндері арқылы дертіне дауа тапқан қаншама адам осы орталық стадиондағы алаңда кездесті.

Жер шарындағы миллиондардың жүрегіне жарық сәулесін шашып, тілімізді, музыкамызды әлемге паш еткен «Алтын адам» – алтын ұл Димаш Құдайбергенұлының жеңісті жолдары, әлем әншісі ретінде танылған турнесі жалғасын таба берсін


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button