Басты ақпаратҚала мен Сала

Астана рухы өзгермейді

Елорда әкімі Алтай Көлгінов қала атауы өзгергеннен кейін алғаш рет сұхбат берді. «Азаттық рухы» YouTube-арнасының журналисімен әңгіме барысында ол мегаполистің болашағы туралы жоспарларымен бөлісті, инфрақұрылымды дамыту, ЖЭО-3-ті іске қосу, су тапшылығы проблемаларын шешу туралы егжей-тегжейлі баяндап, қала атауын Астана деп қайта өзгертуге қатысты жеке пікірін білдірді.

Бас жоспарға түзетулер енгізу

– Алтай Сейдірұлы, Астанада жыл сайын халық санының өсуімен бірге инженерлік инфрақұрылымға жүктеме де артып келеді. Қарқынды қала даму үстіндегі көші-қон үдерісіне ілесе алар ма екен?

– Бұл – өзекті мәселе. Елордамыз урбанизацияның жаһандық трендін ұстануда. Соның нәтижесінде уақыт өткен сайын елордамыздың ажарланып, баршаға тартымды бола түскенін мойындауымыз керек. Иә, үлкен қалаларға адамдар көбірек келеді, тиісінше, бәрімізге белгілі, бұл шаһардың инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымына жүктемені арттырады. Мұның бәрі шаһардың бас жоспарына үнемі түзетулер енгізіп отыруды қажет етеді. Мәселен, 2001 жылы елорданың бас жоспарын бекіткен кезде, 2030 жылға қарай Астанада 850 мың адам тұрады деген болжам жасалды. 2010 жылы осы сандарды түзете отырып, 2030 жылға қарай халық саны 1 млн 200 мыңға жуық адамды құрайды деп есептелді. Бірақ бүгінде қала халқының саны бұрынғы болжамдардан асып түскенін көріп отырмыз. 2020 жылдың өзінде елорда тұрғындарының саны 1 млн 200 мыңнан асып түсті.

2022 жылдың 1 қыркүйегіне қарай елорда халқы шамамен 1 млн 330 мың адамды құрады.

Бұл ретте осында уақытша жұмыс істейтіндер, оқитындар, бірақ ресми түрде тіркелмегендер және т.б. есепке алынған жоқ.

Ал 2019 жылдың басында ресми түрде қалада 1 млн 70 мың адам тіркелген. Оларға қосылған 250 мың адамды облыс орталығының тұрғындарымен салыстыруға болады. Әрине, осы халықтың барлығын сумен, жылумен, электрмен, балабақшалармен, мектептермен, емханамен және т.б. қамтамасыз ету қажет. Осыған орай, инженерлік инфрақұрылымға жүктемені азайту үшін мұны мүмкіндігінше тезірек жүзеге асыру керек. Бұл ретте біз жүктемені сезініп отырмыз және ол әлі де өседі. Сондықтан оны шешумен байыпты және мұқият айналысып келеміз. Мысалға, ЖЭО-3-ті алайық. Бұл 10 жылдан астам уақыт бойы құрылысы ұзаққа созылған нысан, оны аяқтау керек.

Осыдан екі жыл бұрын елорданы газдандыру жұмысы қолға алына  бастаған кезде, әрине, біз ЖЭО-3-тің бастапқы жобасын газға бейімдедік. Енді қазандықтар табиғи газбен жылытылады. Бұған қосымша 29 млрд теңге бөлінді. Әрине, мердігердің тарапынан нысан құрылысының ұзаққа созылуының объективті себептері де бар. Мысалы, логистика проблемалары. Қазір бұл көрші елдердегі тұрақсыз жағдайларға, материалдардың қымбаттауына байланысты, олардың көпшілігі біздің елде шығарылмайды. Әлбетте, біз валюта бағамына, баға белгілеуге және т.б. тәуелдіміз. Тұтастай алғанда, бұл қиындықтардың барлығы құрылыс мерзіміне әсер етпей қоймайды. Осыған қарамастан, біз құрылыс қарқынын төмендетпейміз,  бұл туралы мердігер де хабардар. Жағдайдың маңыздылығын ескере отырып, мердігер осы нысанның құрылысын 2023 жылы аяқтауға міндеттелді. Біз өз кезегімізде бәрін қадағалап, бақылап отыратын боламыз.

Сонымен қатар, ЖЭО-3 қуа­ты әлі де жеткіліксіз екенін атап өткім келеді. Өздеріңізге мәлім, елордада жыл сайын қанша тұрғын үй салынып, пайдалануға берілуде. Әлеуметтік, коммерциялық, индустриялық немесе өнеркәсіптік нысандарды есептемегенде, соңғы үш жылда бас қалада 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынды.

Сондай-ақ 2020 жылы үш газ станциясын жобалауға кірістік, олардың әрқайсысы ЖЭО-3 қуа­тынан, яғни сағатына 1 мың Гкал-дан асатын болады.

ЖЭО-3 толық қуатымен сағатына 400-420 Гкал деңгейіне жетті. Бүгінгі таңда болашақ үш газ станциясының екеуінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл елорданың ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етеді. Ал инженерлік желілер қамтамасыз етілген кезде, бұл тұрғын үй салатын инвесторлар тарапынан қосымша инвестициялар әкеледі.

Сумен қамтамасыз ету

– Елорда тұрғындары шаһардағы су тапшылығы және оның сапасы туралы мәселелерді бұған дейін де бірнеше рет көтерді. Осы бағытта қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?

– Қала тұрғындарын сумен қамтамасыз ету туралы айта отырып, жүктеменің жаз айларында, әсіресе аптап ыстық күндерде жақсы сезілетінін атап өткім келеді. Елорда тұрғындары санының артуымен қалада суды пайдаланушылар қатарының күрт өсуіне байланысты дәл осы мезгілде судың қысымы күрт төмендейді. Мәселен, жеке секторда тұратындар ауызсуды бау-бақша суару үшін пайдалана бастайтыны белгілі.

Жалпы, елордалықтар тәулігіне 300 мың текше метрден астам су тұтынады. Бұл әсіресе жаз мезгілінде қала үшін тым жеткіліксіз. Осыған байланыс­ты 2020 жылы біз жобалауды бастадық, ал 2021 жылы су қоймасынан суды тазартатын сор­ғы-сүзгі станциясының құрылысын бастаған болатынбыз. Сол арқылы қала тұрғындарына ауызсу берілді. Құрылыстың бірінші кезеңі осы жылдың соңына қарай аяқталады, ал 2023 жылы нысан толығымен пайдалануға беріледі. Станция қосымша 105 мың текше метр сумен қамтамасыз ететін болады. Осы арқылы біз қалаға ауызсу жеткізуді жақсартамыз. Бұл мәселені уақытша шешеді. Алайда, елорданың бас жоспарына сәйкес, 2030 жылға қарай Астана тұрғындарының саны 2 миллион­нан асады деп жоспарлануда. Бұл 3-сорғы-сүзгі станциясы пайдалануға берілгеннен кейін бізге жаңа станцияны жобалауға кірісуіміз керек дегенді білдіреді. Негізі, станция салуды осыдан 5-7 жыл бұрын бастау керек еді. Алайда бұл туралы шешім біз халық санының өсуін болжап, сезінген бойда дереу қабылданғанын атап өткім келеді.

Құрылысы ұзаққа созылған нысандар

– Сіз елорда әкімі болған кезде, өзіңізге дейінгі қала басшылары шешпеген қаншама проблемамен бетпе-бет кездескеніңіз рас. Соның бірі осы – құрылысы ұзаққа созылған нысандар. Сіздің келуіңізбен үлескерлер мәселесі біртіндеп шешіле бастады. Олардың басым бөлігі сіз әкім болған кезде көптен күткен пәтерлеріне кіріп, қоныс тойларын тойлады. Бұл қуаныштарын елордалықтар сіздің жеке еңбегіңіздің жемісі деп есептейді. Алайда Астанада әлі де 3 мыңға жуық отбасы баспанасын ала алмай жүр, олардың қоныс тойы әлі де кешіктірілуі мүмкін. Неге?

– Құрылысы ұзаққа созылған нысандар проблемасы – біздің қаламыздың, жалпы халықтың басты проблемаларының бірі. Осы жерде тұрғын үйдің қандай да бір бөлігін пайдалануға беру бұл менің жеке еңбегім емес, мемлекеттің қызметі екенін атап өткім келеді. Бұл мәселе Мемлекет басшысының бақылауында тұр, оған көп қаражат бөлінді. Мемлекет алданған адамдарға әлеуметтік қамқорлық танытты. Құрылыс компаниялары тұрғын үй үшін ақша алды. Кейбіреулері тіпті әлі тұрғызылмаған үйлерді, ондағы пәтерлерді сатып, қаржыны қалтасына салып алып, баспаналы болуға үмітті қаншама жанды сан соқтырып кетті.

2019 жылдың жазында үлескерлердің саны 16 мыңнан астам отбасы болды. Бұл 150-ден астам көппәтерлі үй және олардың әрқайсының проблемалық тарихы бар: жобалық смета жоқ немесе ол ескірген, қажетті құжаттамалары, қаржылық моделі, инвестициясы болмаған. Тіпті, бір пәтер 2-3 адамға сатылған жағдайлар да кездесті. Мысалы, Алматы ауданында орналасқан «Зере» тұрғын үй кешенін алатын болсақ, әлі есімде, 2019 жылы біз нысан орнына келгенімізде, ол жерде қамыс өскен шұңқырға тап болдық, ал құрылыс компаниясы бұл жерді тұрғын үй ретінде 300-ге жуық отбасына сатып жіберген. Қазір бұл жерде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жанында жанармай құю станциясы бар екен. Талап бойынша бұл дұрыс болмағандықтан, біз оны жылжытып, жанармай құю иелеріне шығындарын өтейміз, қысқасы мәселені толықтай шешеміз.

Осыған ұқсас жағдай «Садовый квартал» тұрғын үй кешенінде қайталанды. Мұнда да 600 отбасы ұзақ жыл бойы өз үйлерін, тұрғызылмаған пәтерлерін күтумен болды. Бұл жерге біз жеке инвесторды тарттық. Өз тарапымыздан оларға тек жер телімдерін бөлдік, инфрақұрылым мәселесін шешуге көмектестік. Өйткені бәрін бірдей тек мемлекет бюджеті есебінен салу өте қымбатқа түседі. Екі жыл ішінде біз бұл мәселелерді шеше аламыз деп ойлаймын.

Мектептер мәселесі шешіледі

– Әңгіме ауанын елордадағы білім беру мекемелерінің құрылысы тақырыбына аударсақ. Бүгінде тұрғындардың көпшілігі қалада мектептердің аздығын айтып, биліктегілерді жиі сынға алады. Мәселен, 2017 жылы Астанада бірде-бір білім ошағы салынбаған, мұны біреу білсе, біреу білмейді. Қазіргі жағдай қандай?

– Осыдан 10 жыл бұрын елордада мектеп жасындағы балалардың саны 70 мыңнан астам болды. Биыл олардың қатары 230 мыңның үстінде тұр. Мамыр айында 8 мың түлек мектеп бітірсе, қыркүйекте 25 мың бала бірінші сыныпқа барды. Әрине, бұл сандар көңіл қуантады, бірақ екінші жағынан, осы балалардың бәрін орынмен қамтамасыз ету қажет.

Бұл балалар санының қазіргі өсу қарқынын ғана қамтиды. Бірақ біз болжамдарға да назар аударуымыз керек. Биыл біз 15 мектептің құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде олардың 11-ін аяқтауға жақындадық. Бірақ бұл Астана үшін әлі де жеткіліксіз. Осыған байланысты әр ауысымда ­2000 баланы қабылдай алатын 20 ірі көлемді білім ошағын  жобалауды қолға алып, 80 мың оқушы орынын қамтамасыз етуге кірістік. Бұл мәселелер шешілгенде ғана біз барлық балаларды мектепте орынмен қамтитын боламыз. Осылайша, қаланың бас жоспарына қайта үңіле отырып, біз елорданың әрбір жаңа бөлігінде мектептер, балабақшалар, әлеуметтік нысандар және қоғамдық кеңістіктер салуды жоспарлаған болатынбыз. Жоспар бекітілді. Нәтижесінде бүгінгі күні елордада 6 ірі мектеп салынып, 24 мың оқушы орынмен қамтамасыз етілді.

2019 жылы елордада 6 мектеп, 2020 жылы – 11 және 2021 жылы 15 мектеп салынды, бұл 74 мың оқушыны орынмен қамтамасыз етті.

– Жақсы, елордада мектептер салынып жатыр, оқушылар орынмен қамтамасыз етілуде. Бірақ, осынша білім мекемелеріне мұғалімдер жете ме, оларды қайдан аламыз?

– Бұл мәселені де қарастырып жатырмыз. Осыған орай, педагогикалық колледждерге және олардың кадрларын даярлауға баса назар аудардық. Елордаға педагогикалық институт керек. Бірақ бұл көп қаражатты қажет етеді. Өз ақшасына оны салып беруге дайын инвестор да бар. Біз тек инфрақұрылымын, локациясын ұсынып, бұл мәселеге қолдау білдіреміз. Жоба тіпті Үкіметте мақұлданды да.

Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы бұл ретте алдымызға ірі, беделді, халық­аралық оқу орындарын тарту міндетін қойды. Міне, қазір біз осы тапсырма аясында жұмыс істеп жатырмыз. Тек осылай ғана оқу орындарын кадрлармен қамтамасыз ете аламыз деп есептеймін. Институттың тұжырымдамасы мақұлданды, оны іске асыру мерзімі туралы кейінірек хабарлаймыз.

Ескі үйлер сүріледі

– Апатты жағдайдағы тұр­ғын үйлер туралы әңгімелесек. Жақын арада елордада қандай нысандарды сүру жоспарланып отыр?

– Біздің қаламызда да барлық өңірлердегідей өткен ғасырда салынған ескі, тозығы жеткен тұрғын үйлер жоқ емес. Онда тұратын адамдар, әрине, өздерінің өткені мен бүгініне алаңдайды. Бізде бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ескі, тозығы жеткен тұрғын үйді жаңғырту жөніндегі «Елорда даму» бағдарламасы бар.

Біз осы бағдарламаны одан әрі жалғастыратын боламыз. Биыл осындай апатты жағдайдағы үйлерде тұрып жатқан 233 отбасы жаңа үйлерге көшеді. Мәселен, Янушкевич көшесінде екі тозығы жеткен, құлағалы тұрған жатақхана болатын. Ондағы 200-ден астам отбасы жаңа үйлерге көшірілді. Қазір, мысалы, Сарыарқа ауданындағы Дүкенұлы көшесі 21, Байқоңыр ауданындағы Угольный көшесі 12а мекенжайында орналасқан апатты жағдайдағы жатақханалар мен үйлерден адамдар көшірілуде. Қалада мұндай үйлер өте көп. Жақында ғана біз Сарыарқа ауданының Агроқалашық тұрғын алабындағы барак типтес осындай ескі үйлердің тұрғындарымен кездестік. Олардың барлығы өз кезегін күтіп отыр.

– Елорданың Күлтегін көшесіндегі үйлерге қатысты мәселе де тұрғындарды қатты алаңдатып отыр. Бұл маңдағы адамдар электр желілері үйлердің үстінен өтіп жатқанын айтып шағымдануда. Осы мәселе қалай шешілуде?

– Иә, бұл мәселе әлі де шешілген жоқ. Байқоңыр ауданындағы Күлтегін, Асан қайғы, Лермонтов көшелерінде жоғары вольтты электр тарату желілері орналасқан. Онда санитарлық-қорғау нормалары сақталмаған. Үйлер тікелей электр желілерінің астында орналасқан. Ең алдымен, электр желісіне демонтаж жасау керек. Біз жоспар құрдық, жұмысты электр желілерінен бастаймыз. Содан кейін үйлерге демонтаж жасауға кірісетін боламыз. Кейін инженерлік желілерді жүргіземіз. Содан кейін бұл жер осы маңайға жаңа үйлер салғысы келетін инвесторлар үшін де аса тартымды болады деп ойлаймын. Ал біз өз тарапымыздан әлеуметтік нысандар, мектептер, балабақшалар және т.б. салумен айналысамыз. Бұл жұмыстар осы күзде басталады.

Елордада 200-ге жуық ескі үйлер орналасқан. «Елорда даму» бағдарламасы жүзеге асырылған сәттен бастап апатты үйлерден 4 200-ден астам отбасы көшірілді.

Жаңа мекенжайдағы теміржол ауруханасы

– Бұрыннан білгім келіп жүр еді: елордада осыған дейін әйгілі Ramada plaza қонақ үйі болатын. Қазір бұл ғимарат бос тұр. Бір кезде билік оны қалалық полиция департаментіне бергісі келді деп естідік. Бірақ пандемия басталды да, онда ковидтік госпиталь ашылды. Қазір бұл ғимаратта қандай мекеме орналасқан және ғимараттың алдағы тағдыры не болмақ?

– Елордамыз Астанаға көшкеннен кейінгі кездерде бұл ғимарат қаладағы ең керемет қонақ үйлердің бірі болды. Иә, ол қазір қонақ үй ретінде жұмыс істемейді. Пандемия басталған кезде біз бұл ғимаратты екі жыл бойы аурухана есебінде қолдандық. Бұл шаралар бізге инфекциямен күресте көп көмектесті. Мұнда 600 төсектік ковидтік стационар орналасты.

Өздеріңіз білетіндей, қаламыздағы Сарыарқа ауданында теміржол ауруханасы бар. Оның ғимараты да апатты жағдайда. Біз емхананы сол аудандағы басқа нысанға көшірдік. Аурухананың бір бөлігі жөнделді. Бірақ ғимараттың басқа бөлігі жөндеуге жарамайтындықтан, біз бұрынғы қонақ үй ғимаратына осы аурухананы орналастыруды ұсындық.

Әрине, жаңа ғимаратта қандай да бір құрылымды аяқтау, мысалы, хирургиялық кабинеттер мен жеделсатыларды қайта жабдықтау және т.б. жұмыстарды жүргізу қажет. Менің ойымша, бұл – ең оңтайлы шешім.

Ал теміржол ауруханасы ғимаратының орнына біз перзентхана салуды ұсынамыз. Біздің қалада жүкті әйелдер өте көп, жүктеме қазірдің өзінде сезіледі. Сондықтан, бүгінгі таңда елордаға кем дегенде екі перинаталды орталық қажет. Олардың біреуі бойынша біз жобалық құжаттаманы аяқтауға жақындадық. Ал 2023 жылы Алматы ауданындағы бірінші қалалық аурухананың жанынан перзентхана құрылысын бастау­ға тиіспіз.

Ақылы автотұрақтар

– Қалада ақылы автотұ­рақтар енгізілгелі бері қандай өзгерістер байқалады?

– Ақылы автотұрақтар жұмыс істей бастады, тәжірибе бар. Халықтың пікірін ескере отырып, 1700-ге жуық ақылы көлік тұрағына демонтаж жасалды.

Есілдің сол жағалауында орналасқан Министрліктер үйінің маңын мысалға алатын болсақ, бұрын бұл жерге кез келген кездейсоқ адам көлігін қойып кете беретін. Сондықтан да бұл маңдағы тұрақта орын болмайтын. Ақылы автотұрақтардың пайда болуымен қазір бұл маңда тәртіп орнады. Яғни, біз автотұрақтарды қайда және қалай орналастыру керектігіне алдын ала талдау жасаймыз.

Елордада ақылы автотұрақ­тардың енгізілуіне байланысты жергілікті бюджетке шамамен 2 млрд теңге түсті.

Бұл қаражатты біз қаланың инфрақұрылымын дамытуға жұмсаймыз. Бүгінде ақылы автотұрақтарды дұрыс әрі сауатты орналастырудың оң мысалдары бізде жеткілікті. Бюджетке ақша түсіп жатыр, бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасатын болады.

Қала әкімімен жеке кездесу

 – Сіз халықпен жиі жүздесесіз, қала тұрғындарымен үнемі бетпе-бет кездесулер өткізіп тұрасыз. Айтыңызшы, Сізге жеке басының мәселесі бойынша өтініш айтып келетіндер бар ма? Мұндай адамдарға көмектесесіз бе?

– Иә, мұндай жағдайлар да жиі болады. Халықпен бетпе-бет кездесіп, тұрғындардың тілегін ескеру – біздің жұмысымыздың ажырамас бір бөлігі.

Президенттің өзі «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы туралы үнемі айтып жүр. Біз бұл қағиданы іс жүзінде қамтамасыз етуіміз керек.

2021 жылы мен жеке қабылдауымда бір жарым мыңнан астам адаммен кездесу өткіздім. Бұл жерде елорда тұрғындарын қала әкімі ғана емес, қала әкімінің орынбасары, қаладағы аудандардың әкімдері, қала әкімдігіне қарайтын басқармалар мен басқа да құрылымдық бөлімшелердің басшылары да қабылдайтынын атап өткен жөн. Бұл жұмыс бізге халықтың көкейіндегіні біліп отыруға, тұрғындардың тілегі мен өтініштерін жұмыс барысында есепке алып отыруға мүмкіндік береді.

Қабылдауыма келген адамдар әртүрлі мәселелерді алға тартады. Олармен кері байланыс орнату, яғни тұрғындарды көбіне қандай мәселелер толғандыратынын біліп отыру біздің жұмысымызға барынша септігін тигізеді.

Сонымен бірге көшпелі кездесулерге де ерекше назар аударамыз. Өйткені сол жерлерде біз нақты проблемаларды көзімізбен көреміз. Тек осы жылы ғана мен сондай 40-тан астам кездесу өткіздім. Оған екі жарым мыңға жуық елордалық қатысты.

Өмір сүру сапасының рейтингі

– Биыл қазақстандық экономикалық зерттеулер инс­титуты қалалардағы өмір сүру сапасының рейтингін жасады. Бірінші орында біздің Астана тұрды. Қалалықтардың өмір сүру сапасының рейтингін анықтау барысында экономика және бизнес, адами ресурстар, сондай-ақ инфрақұрылым сынды негізгі үш фактор ескерілді. Алтай Сейдірұлы, айтыңызшы, Сіз бұл шешіммен келісесіз бе? Іс жүзінде Астана шынымен де бірінші ме?

– Иә, солай. Жүйелі мәселелерді, проблемаларды талдаудан басқа, бұл жерде жетістіктер туралы да айту керек деп ойлаймын. Қаламыз астана мәртебесіне ие болған жылдар аралығында елорда көп нәтижелерге қол жеткізді.

Бірден айтайын, егер бұрын қала «ақ жағалылар» немесе «шенеуніктер қаласы» деп аталған болса, қазіргі кезде елорда шын мәнінде іскерлер орталығына айналды. Мәселен, егер 2019 жылы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 170 мыңға жуық болса, осы жылдың тоғыз айындағы көрсеткіш бойынша олардың қатары 230-дан асты.

Экономикалық белсенді халықтың үлесі өсіп келеді. Жалпы өңірлік өнім құрылымында шағын және орта бизнестің үлесі 60%-ды құрайды. Бұл еліміздегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Әрине, осының бәрі бізді, сөз жоқ, қуантады.

– Елордадағы кәсіпкерлік туралы баяндай отырып, бүгінгі таңда бас қаладағы шағын және орта бизнес субъектілерінің қазіргі жағдайын айтып беріңізші. Олар жақында болған пандемиялық дағдарыстан кейін едәуір қиындықтарды бастан өткерді. Қазіргі жағдайлары қалай?

– Шағын және орта бизнес субъектілері қазір пандемиядан кейінгі кезеңді бастан кешуде деп айта аламын. Бизнес өкілдеріне оңай болған жоқ. Олар мемлекет тарапынан қамқорлыққа мұқтаж. Сондықтан Президент бизнес-қоғамдастық өкілдерімен үнемі кездесіп, шағын және орта бизнесті тексеруге мораторийді ұзартты. Бұл оларға өз кәсіптерін дамыту үшін ештеңеге алаңдамай табысты еңбек етуге мүмкіндіктер беріп отыр.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы базасында әкімдер кәсіпкерлермен әр тоқсан сайын кездесулер өткізуде. Біздің басты міндетіміз – бизнес үшін, инвестициялар тарту үшін жағдай жасау, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді азайту.

2021 жылы біз негізгі капиталға 1 трлн 200 млрд теңге инвестиция тарттық. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 300 млрд теңгеге артық.

Атауы қайтарылған Астана

 – Әңгімеміздің соңында елордаға Астана атауының қайтарылуы туралы үнсіз қала алмадым. Еліміздің бас қаласын Нұр-Сұлтан деп өзгерткен сонау жылдардағы қызу пікірталас, көпшіліктің бұл шешіммен келіспегені, тіпті қарсы шыққандары ұмытыла қойған жоқ. Енді, міне, шаһарымызға қайтадан Астана атауы бекітілді. Бұл шешімге қалай қарайсыз?

– Маған осы сұрақ бірнеше рет қойылды. Тағы да айтамын, бұл – біздің тарихымыздың бір бөлігі. Қала осы уақыт ішінде астана ретінде дамыды, құлашын кеңге жайып алға қарай қарқынды қадам басты. Әр заманның өз кезеңі болады, оған аса зор құрметпен қарау керек деп санаймын. Мен мұнда өңірден көшіп келгенімде, қала Нұр-Сұлтан болатын. Үш жыл бойы біз осы қалада, елордада өте жемісті еңбек еттік.

Қаланың атын өзгерту мәселесі қоғамда үнемі көтеріліп отыр­ды. Осыған орай біз қоғамдық тыңдаулар өткіздік, тұрғындардың басым бөлігі бұл бастаманы қолдады. Содан кейін біз барлық қажетті рәсімдерді жүргіздік. Нәтижесінде қала атауы қайтадан Астана болып өзгертілді.

Ең бастысы, қала атауы қанша рет өзгергенімен, елорданың рухы өзгермейді. Біз жергілікті атқарушы орган ретінде әрбір тұрғын қалада астаналық деңгейінде өмір сүруі үшін жан-жақты қолайлы жағдай жасауға күш жұмылдыруға тиіспіз. Иә, проблемалар қашан да болады, бастысы, оларды уақытында шешіп отыру керек.

– Тұрғындардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан атауын қайтадан Астана деп өзгертуді қалады. Алайда олардың көпшілігі бұл мәселенің қаржылық жағына қатты алаңдағаны анық. Айтыңызшы, қала атауын өзгерту үшін жергілікті бюджеттен нақты қанша қаражат жұмсалады?

– 2019 жылы есептеулер жүргізілгенде, шамамен 30 млн теңге туралы  айтылды. Бұл ретте қаржы, негізінен, маңдайшаларға, бланкілерге және атауларға қажет болды. Қазіргі таңда құжаттық жұмыс­тар цифрлық жүйеде жүзеге асырылады, сондықтан аса көп шығындар болмайды.

Иә, маңдайшадағы жазуларды қайта түзету үшін қандай да бір қаражат керек. Алайда дәл қазір бәрін алып, өзгертіп тастау­ дың қажеті жоқ. Бұл жұмыстар біртіндеп жүзеге асырылады. Менің ойымша, бұл жағдайда асығыстыққа жол бермеген жөн болады.

 

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button