ЖаңалықтарЭкономика

ЗАҢДАСТЫРУ: ЖҰРТТЫҢ ЖАНЫЛЫСПАҒАНЫ ЖӨН



image87706

Мүлік пен капиталды жария ету науқаны басталғалы бір айға жуықтады. Осы акцияға астаналық тұрғындар қаншалықты белсенді қатысып жатқанын білуге Алматы, Сарыарқа және Есіл аудандары әкімдігінде құрылған арнайы комиссияға хабарласқан едік.

Аудан әкімдіктерінде құрылған мүлікті жария ету жөніндегі комиссия өкілдерінің айтуынша, елордалықтардың акцияға қатысты білгісі келетін жайттары баршылық екен. Айталық, Есіл аудандық комиссияға 22 қыркүйекке дейін 345 адам келсе, соның 23-інің ғана өтініші қабылданған. Қалғанына тек кеңестер беріліп, бағыт-бағдар көрсетілген. Акция барысында жылжымайтын мүлік, ақша, бағалы қағаздар мен заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін жария етуге болатынына қарамастан, комиссияға мүлде басқа мүлкін заңдастыруды сұрап келетіндер баршылық екен. Есіл аудандық комиссия хатшысы Дәурен Маделхановтың айтуынша, комиссияға автокөлікті заңдастыру мәселесімен келушілер де бар екен. Оларға комиссия мүшелері көліктер жария етуге жатпайтынын түсіндіріп, жөн сілтеп жіберген. «Аудандық комиссиялардың құзырына тек еліміздің аумағындағы жылжымайтын мүлікті жария етуді қарастыру ғана жатады. Ал, Қазақстан аумағынан тыс жердегі мүлікті жария ету үшін Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер ко­митетінің (бұрынғы Салық комитеті) аумақтық бөлім­шелеріне, ал қаржы мен құн­ды қағаздарды заңдастыру мәселесімен екінші деңгейлі банктер мен «Қазпоштаға» бару қажеттігін естеріңізге саламыз» дейді Дәурен Маделханов.

Ал, Алматы аудандық мүлікті жария ету комиссиясына 19 қыркүйекке дейінгі мәлімет бойынша, 782 адам хабарласып, 50 өтініш қабылданған. «Келіп түскен өтініштердің көпшілігі жекеменшік жеріне салынған, бірақ заңдастырылмаған гараж,  монша   сынды қосалқы ғимараттарды заңдастыру жария ету жөнінде. Біз өтініштерді қабылдағаннан кейін тиісті мекемелерге жылжымайтын мүлік расымен өтініш иесінің атында бар-жоқтығын, жері заңды екендігін тексеру мақ­сатында тиісті мекемелерге сұрау жібереміз. Мысалы, кейбір ғимарат көршісінің жеріне кіріп тұруы мүмкін. Осының бәрін жан-жақты тексеріп, заңды екеніне көз жеткізгеннен кейін барып, бір шешімге келеміз» дейді Алматы аудандық комиссия хатшысы Гүлбаршын Оразбекова.

Комиссияларға хабарласқан жұрт­шылықтың ішінде саяжайға арналған жерге салынған үйді заңдастырып беруді өтіне келгендер де кездеседі. «Кей­біреулер заңдастыру деген заңсыз нәрселерді де заңдастыру деп түсінетін сыңайлы. Мысалы, саяжайдың нысаналы мақсаты – бау-бақша. Заң бойынша, ондай жерге жеке тұрғын үй салуға болмайды. Ал, егер заңсыз салып алған болса, онда ондай ғимарат жария етуге жатпайды» дейді комиссия өкілдері.

АЗ-КЕМ АНЫҚТАМА

Қандай жылжымайтын мүлік пен капитал жариялануға жатпайды?

Атап айтқанда, жалған ақша мен бағалы қағаздар жасау және өткiзу, жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу; инсайдерлік ақпаратты заңсыз пайдалану және бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау нәтижесiнде алынған және мемлекет пайдасына берілуге жататын мүліктер, кредитке алынған ақша жария етуге жатпайды. Бұған қоса, меншік құқығы дауланып жатқан, еліміздің заңдары бойынша құқық беруге болмайтын мүліктер заңдастырылмайды. 

Мүлік пен капиталды жария ету жөніндегі акция 1 қыркүйекте басталып, бұл жөнінде ақпарат құралдарында жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан,  жұртшылықтың түсінбей жүрген мәселелері баршылық екен. Сондықтан жария етудің жай-жапсарына тағы да тоқталудың артықтығы болмас.

Сонымен, қандай мүлікті жария етуге болады? Бұл – ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі мен басқа адамның атына рәсімделген еліміздің аумағындағы құрылыстар, ғимараттар және жылжымайтын мүлік немесе Қазақстан жерінен тысқары орналасқан жылжымайтын мүлік.

Жылжымайтын мүлікті заңдастыруға бермес бұрын жұртшылық мына қағидат­тар­ды есте сақтау қажет: заңдас­тырғысы келетін ғимарат тұрған жердің жекеменшік құқындағы мемлекеттік тіркеуі міндетті түрде болуға тиіс. Ғимараттың өзі құрылыс нормалары мен қағидаларына сай болуы керек. Осыны дәлелдейтін сарапшының аттестатталған қорытындысы комиссияға ұсынылуы керек. Сондай-ақ, меншік құқындағы жер нысаналы мақсатына сәйкес келуі тиіс. Яғни, бау-бақша тұруға тиіс жерде тұрғын үй тұрғызу,  өзіне бөлінген жердегі ғимарат басқаның иелігіндегі жерге өтіп кетпеуі тиіс. Мұның бәрін комиссия тиісті мекеме­лерге
арнайы сұрау жіберу ар­қылы жан-жақты тексеретін болады.

Еліміздің аумағындағы жылжымайтын мүлікті заңдастыру үшін ас­таналықтар Алматы, Сарыарқа, Есіл аудандары әкімдіктерінде құрылған комиссияға бару қажет.

Мүлiктi (ақшадан басқа) жария етуге ұсыну үшін құжаттарды тапсыру мерзімі 2015 жылғы 30 қарашада аяқталады.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button