БілімҚоғам

40 МИНУТ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?



Білім берудің жаңа жүйесі жыл сайын орын алады. Биылғы жаңалық не? Білім және ғылым министрлігі тағы не ойлап тапты? Бүгінгі ата-ана тек осыған алаңдайтын болды. Астанадағы №80 мектеп-гимназиясының алғашқы қоңырау салтанатына қатысқан еліміздің Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 1, 2, 5, 7-сыныптар биыл білім берудің жаңа жүйесі – 5 күндік оқу бойынша бастайтынын айтты. Осыған байланысты сабақ өт­кізу уақыты 5 минутқа қысқартылып, 40 минут болды.

Жаңа оқу жылын тың жаңа­лықтармен бастап кеп жібер­ген министрдің бұл жаңалығына қала мектептері дайын ба? Енді балалар ептеп 5 күндік оқу жүйесіне көшіп, сабақ уақытының ұзақтығы әр пән үшін 45 минуттан 40 минутқа азаятын болды. Бұл бір жағынан оқушылары орын таппай отырған үш ауысымды мектептердегі жағдайдың реттелуіне оң әсер беруі мүмкін.

Aл бір сыныпта 35-36 оқушысы отырған мұғалімге оңай тимесі анық. Әр баладан үй тапсырмасын сұрауға кемінде 1 минутты есептесе, бұл уақыт тек үй тапсырмасын сұраумен аяқталатыны анық. «Балам сабаққа ылғи да дайындалып барып жүрді. Күнделігіне қарасам, ешқандай баға жоқ. Мұғаліміне хабарластым. Сосын ол маған: «Апай, бәрін де білемін, сабақ сұрап үлгермейміз. Сыныпта бала көп. Бүгін сабақтан кейін алып қалып, барлық бағасын қойып жіберемін» деді. Сол күні балам бірден 6 баға алып келді. Мен сонда мұғалімді аяп кеттім. Бір басында екі сыныбы бар. Сол екі ортада балаларды қосымша алып қалып сабақ сұрап отыр. Тапсырма қалай, соны орындайды ғой олар. Енді ол сабақтың да 5 минутын шегеріп тастаса, онда сыныптағы білім сапасына мен күмәндана бастаймын» дейді №8 мектепте балалары білім алатын ата-ана Айжан Оралбайқызы.

Бұған қоса, ата-аналарды, әсіресе, осыған байланысты каникулдар мерзімінің қысқаруы мүмкін деген ой мазалап отыр. Ал министрлік оқу жылының ұзақтығы өзгермей, үйреншікті тәртіптің сақталатындығын айтуда. Оқу жылының ұзақтығы мектепалды дайындық сыныптарында – 32 оқу аптасы, 1-сыныптарда – 33 оқу аптасы, 2-11-сыныптарда 34 оқу аптасы деп белгіленген. Каникулдар ұзақтығы да өзгермейді. 1-11-сыныптарда күзгі каникул – 7 күн, қысқы – 10 күн, көктемгі – 13 күн. Мектепалды даярлық сыныптарында күзгі каникул – 7 күн, қысқы – 14 күн, көктемгі – 15 күн, сондай-ақ, бүлдіршіндер үшін 1-7 ақпан күндері аралығында 7 күндік қосымша каникул белгіленді. Солай-ақ болсын. Енді оқу жүктемесі ше? Ол азая ма? Былтыр ата-аналар қауымдастықтары мен сарапшылардың ұсыныстары бойынша үй тапсырмаларының көлемі азайтылғанын білеміз. Министрлік үй тапсырмаларын орындау бойынша методикалық ұсынымдарды бекіткен болатын. Үй тапсырмаларын орындауға жұмсалатын уақыт бұрынғы жағдаймен салыстырғанда үштен бір бөлікке қысқаруы керек.

Енді осы 40 минуттық сабақ кестесінде күніне 30 минут уақыт «босайды». Сондықтан қосымша сабақ қосылған жағдайдың өзінде оқушылар мектепте әдеттегіден тек 10 минут артық өткізіп, жүктемесі айтарлықтай өзгермейді.

P.S:
Жаңа оқу жылын тың жаңалықтармен бастап кеп жіберген Ерлан Сағадиев: «Биылғы оқу жылында үлкен өзгерістер болуда. Жұмыстарымыз қиын емес. Мұғалімдер де дайын. Оқулықтар да жеткілікті» деді. Министрдің бұл сөзі жөн, десек те артық оқушыға орын таппай сарсылған мектеп пен 0-інші сыныптың ашылуын күткен ата-ананың қарасы көбейіп кетті. Енді оған сабақты 40 минутқа азайтып, 5 күндік оқу жүйесіне көшуді қоссақ, онсыз да қарбаласып жүретін ұстаздар жауапкершілігі көбейе түскені ақиқат.

Гүлжан  РАХМАН




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button