АБАЙЛАҢЫЗ, КӨКТАЙҒАҚ!
Қыстың көзі қырауда жазатайым сүрініп кетіп, құлап, жарақат алғандардың саны артып кетеді. Осы мезгілде түнгі аяз жердің бетін қатырып, кеше ғана жүріп өткен жолымыз айнадай жарқырап, көктайғаққа айналады.
Мұндайда ғимараттардың алдындағы тепкішектерден алаңсыз адымдау да қатерлі. Жерасты жолдарының тепкішектері аязды күні мұз құрсанып қалса, ол да жаман. Жүргіншілердің табанымен тапталып, көк мұзға айналған аялдама алдында көлікке ілігем деп ұмтылып, оңбай құлап ондалап жатқанды да көрдік.
Ал, тежегішін игере алмай, бүрсіз доңғалақтың кесірінен апатқа ұшырап жатқан көліктер өз алдына. Өткенде желтоқсанның бас кезіндегі бір жылымық, бір қатқақта қаладағы травматологиялық пункттерге бір күнде 98 адам түсіпті. Көктайғақтан қалай сақтануға болады? Мамандардан аз-кем кеңес алдық.
– Асылы, жалпы ережелерді есте ұстаған жөн. Мысалы, көктайғақта сыртқа шығар кезде, аяқ киіміңізді дұрыс таңдаңыз. Оның өкшесі биік емес, табаны қалың әрі бұдырлы болып келгені жақсы. Ал, көшеде жүргенде жерді нық басып, қолыңызды қалтаға салмай, тепе-теңдікті сақтаған дұрыс. Мұзды жерді айналып өту мүмкін болмаса, мысық табандап, қысқа адыммен жүруге тырысыңыз, – дейді Республикалық травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының дәрігері Ертісбай Молдагелдинов. – Қыс басталғалы бері біздің бекетке келіп, алғашқы медициналық көмек алып жатқандардың басымы – көшеде құлап, жарақаттанғандар. Олардың жарасын таңып, гипстеп, күрделілігіне қарай ауруханаға жатқызамыз. Ауруы жеңіл болса, ем-домын белгілеп, үйіне шығарып саламыз. Әрине, сынық орнына түсіп, жазылғанға дейін біраз уақыт өтеді. Әдетте түске дейін алты-жеті науқас қабылдасақ, ауа райының күрт өзгерген кездерінде бұл көрсеткіш он есе өсіп кетеді. Ондайда күшейтілген бригада қызмет көрсетеді. Біздің пункттің өзінде екі бригада ауысыммен жұмыс істейді. Қала бойынша үш травматологиялық пункт бар.
Қалалық жедел медициналық жәрдем стансасының фельдшері Алтынбек Мәмбетовтың айтуынша, сырқат жарақаттың ауыр-жеңілдігіне қарай әр ауданның травматологиялық пункттеріне дереу жеткізіледі. Егер жарақат алған адамның жағдайы нашар болса, онда Республикалық травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына апарылады.
– Түрлі жағдайда қол-аяғы сынып, жарақаттанғандар дәрігер көмегі келіп жеткенше қозғалмай жатуы тиіс. Себебі, сүйек сынғанда, жұмсақ етті езіп, не болмаса қан тамырларын қиып кетуі мүмкін. Біздер ашық жара болса, залалсыздандырып, жарақатын байлап тиісті жерге жеткізем, – дейді Алтынбек Мәмбетов.
Боз кілем үстінде күш сынасқан балуандар қанша жығылса да, ешбір жарақат алмайтыны таң қалдырады. Мамандар да осы спортшылардың тәжірибесіне жүгінгенді жөн санайды. Бар мәселе дұрыс құлай білуде екен. Кейбіреулер «жұмсақ жерге жығылғандар аяқ-қолын шығарып не сын-
дырып алмайды» деп уәж айтады. Сенбеңіз. Егер дұрыс құлай білсеңіз, қандай биіктен құласаңыз да, еш жарақат алмайсыз.
Аяқ астынан аяқ-қолы сынып, сіңірі созылып, не буындары орнынан тайғанды адамның бейнеті деп айтқанмен, соққының қатты болуына өзіміз де кінәліміз. Яғни, құлап бара жатып, жанталасып қолымен жер тіреп қалуға тырысамыз. Нәтижесінде, дененің бар салмағы тірек болған қолға түседі. Ондайда адамның ең әлсіз
мүшесі қол сүйегі сынып, не шынтағы шытынап, тым құрығанда, білезігі тайып, апталап жүріп-тұруға жарамай қалады. Шынтақты жерге тіреп қалу да қате. Мұндайда шынтақ сынбаса да, барлық салмақ бұғанаға түседі. Бұғананың сынуы көп кездесетін жарақаттың бір болып саналатыны сондықтан. Сүрінген адам тепе-теңдігін сақтай алмай, жүрелеп отыра қалудың орнына, тізесін тірей жығылады. Бұл дұрыс емес. Нәтижесінде тізе жарылып, жаныңызға бататын болады. Жамбасты «жұмсақ» деп есептейтіндер де қателеседі. Жамбаспен жығылған жанның омыртқасына зақым келуі мүмкін. Тіпті, құйымшақ орнынан қозғалса да, оңай емес екенін ескеріңіздер. Шалқалап құлап жатып бар салмағымен басымен жерге соғылудың да ауыр зардаптары бар. Қандай жағдай болса да, басты екі қолмен қалқалап, қорғанудың амалын қарастырыңыз. Сонда мидың шайқалуы, бас сүйектің сынуы сияқты бейнеттен айналып өтесіз.
Мамандардың айтуынша, құлаудың үш түрінің зардабы болмайды. Олар – ішпен түсу, бір бүйірлеп құлау және арқасымен жығылу. Барлық жағдайда сіздің дұрыс шешім қабылдауыңызға небәрі үш секунд қажет. Яғни, қас-қағым сәтте қол-аяғыңызды жинап, басыңызды қалқалап үлгеруіңіз керек. Егер қолыңызда ауыр сөмке болса, лақтырып жіберіңіз. Сіз үшін де, сөмке үшін де пайдалы екеніне сосын көзіңіз жетеді. Себебі, адамдар құлап бара жатып өзінің халін емес, сөмкенің жайын ойлайды. Ақыры құлаған екенсіз, онда орныңыздан тез тұрып кетпей, ауыр жарақат алмағаныңызға көзіңізді жеткізіңіз. Жедел жәрдем шақыртып, дәрігер көмегіне жүгініңіз.
Айгүл УАЙСОВА