Мәдениет

Әбіш әлемі



Кеше елордада Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбіш Кекілбайұлының туғанына 80 жыл толуына орай «Әбіш әлемі» атты оқу конгресі басталды. Аса көрнекті тұлғаның өмірі, шығармашылығы мен қызметіне арналған ауқымды шара барысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың тұлға мерей­тойына жолдаған сәлемін жеткізді.– Әдебиетіміздің әлем таныған дара тұлғасы, қазақ руханиятының біртуар қайраткері Әбіш Кекілбайұлының соңында қалған соқталы шығармалары – ұлт руханиятының баға жетпес қазынасы, түгесілмес құндылығы. Бүгінгі таңда ұлы қаламгердің мерейтойлық іс-шаралары еліміздің түкпір-түкпірінде қаламгер шығармаларынан тағылым аларлықтай танымдық бағытта өтіп жатқаны – ізгілікті қадам. Аса көрнекті суреткердің шығармашылығын насихаттау, жастар арасында оның сан қыр­лы дарынын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған оқу конгресі аясында өткізілген «Әбіш әлемі» әдеби байқауына 300-ден астам шығарманың түсуі – қуанышты жайт. Әдебие­тіміздің алып бәйтерегі Әбіш Кекілбайұлы өзінің өресі кемел, өрісі кең шығармалары арқылы халық жадында мәңгі сақталған тұлға, – делінген Мемлекеттік хатшының құттықтау хатында.
Әбіш Кекілбайұлының шығармалары әлемнің 16 тіліне, соның ішінде «Аңыздың ақыры» романы биыл орыс, ағылшын және француз тілдеріне аударылды. Жалпыхалықтық оқуға ұсынылған бұл шығарманы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында осы жылы 700 мыңнан астам оқырман оқыды.
Биыл классик қаламгердің 20 томдық жинағы жарық көрді. Шара шеңберінде бұл жинақтың тұсауы кесілді. Бұған қоса, «Әбіш Кекілбаев әлемі» фотогалереясы, мемлекеттік марапаттар жинағы, кітаптар инсталляциясы көрмелері ұйым­дастырылды. Қаламгердің «Шыңырау» повесі желісімен түсірілген осы шығарма аттас көркем фильмнің көрсетілімі өтті. Кинотуынды режиссері Жаңабек Жетіруов туындының түсірілім барысы туралы айтып берді.
Режиссер Әбіш Кекілбайұлының көзі тірісінде түсірілімді бастап, қаламгердің батасын алды. Алайда белгілі бір себептермен жұмыс аяқталмай қалды. Тұлға өмірден өткеннен ке­йін тиісті жұмыстар жалғасып, фильм өткен жылдың соңында дайын болды. Осы жылы туынды бірқатар мемлекетте өткен фестивальдерге қатысты. Енді Қытайдан шақырту алып отыр.
Бұған қоса, жиналған қауым қаламгердің өмірбаяндық «Ұйқыдағы арудың оянуы» кітабының желісімен түсірілген деректі фильмді тамашалады. Қоюшы режиссері Тұлжан ­Ақбөбек болған туынды арқылы көрермендер тұлғаның анасы Айсәуленің, бала Әбіштің бейнелерімен қауышты.
Әбіш Кекілбайұлының отбасымен әдеби кездесу әсерлі шықты. Оған қатысқан жары Клара Жұмабайқызы, қыздары Зәузат пен Сәулет, Абыл бастаған немерелері мен шөберелері қаламгердің отбасылық өмірі, көмекшісі әрі кеңесшісі болған Жапсарбай Қуанышев қызметіндегі қырлары туралы әңгімеледі. «Әбіш әлемі» әдеби байқауының жеңімпаздары, «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясында топ жарған кітапхана ұжымдары марапатталды.
Оқу конгресі аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктері ұйымдастырған шаралар легі бүгін де жалғасады. Осы шара аясында көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза ­Оңғарсынова атындағы медиаорталықтың ашылуы жоспарланып отыр.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button