Басты ақпарат

Елін сүйген, елі сүйген Елбасы

ЕЛІМІЗДІ ЕУРОПА ТӨРІНЕ ШЫҒАРДЫ

Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры,
ҰҒА академигі, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты:– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қасиетті Отанымызды дамыту жолында елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті темірқазық етіп алды. Әсіресе елімізді Еуропа төріне шығаруда Тұңғыш Президент еңбегі ерен. Бүгінде Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі стратегиялық қуаты күшті, маңызы зор мемлекет ретінде мойындалып отыр. Дәлелмен айтсақ, Азиада алауын жағуы-мыз, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, халықаралық саммит өткізуіміз, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы мен Шанхай ынтымақтас­тығы ұйымына төрағалық етуіміз, әлемдік дін қайраткерлері съезін тұрақты ұйымдастыруымыз, халықаралық ЕХРО-2017 көрмесін ұйымдастыруымыз – бәрі де зор мақтаныш, айрықша абырой.
Осы күнге дейінгі же­тістіктеріміз Қазақ­станның болашағын жаңаша межелеуге мүмкіндік беріп отыр. Келесі кезеңде, яғни 2050 жылға дейінгі Стратегияда инновация, өндірістік-экономикалық серпін темірқазық етіп алынады. Бұйырса, таяу болашақта халқымыздың өмір сүру сапасы орташа еуропалық деңгейге сәйкеспек. Елбасы мұны сеніммен айтты, халық елдік іске бір кісідей жұмылды.

ЖАС МЕТАЛЛУРГТЕН ПРЕЗИДЕНТКЕ ДЕЙІНҒаділбек ШАЛАХМЕТОВ,
Тұңғыш Президенттің алғашқы баспасөз хатшысы, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдар академиясының академигі:

– Елбасыны қарапайым металлург кезінен білемін. Ол уақытта менің журналистикадағы алғашқы қадамдарым басталып жатқан. Содан жас металлург туралы материал әзірлеу тапсырмасы берілді. Маған Нұрсұлтан Назарбаевты ұсынды. Теміртауға барып, домна пешінің жанында оны түсірдік. Сол кезде ыстық металдың қызуына қалай төтеп бергенін көріп таңғалған едім.
1977 жылы Ашхабадта жер сілкінісі болып, Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге сол қалаға ұштық. Ұшақта мен Мәскеуден Лев Гумилев арнайы салып жіберген «Этногенез және жер биосферасы» атты кітабын оқып отырғанмын. Нұрсұлтан Әбішұлы қандай кітап екенін сұрады. Сол кітапқа қызығып, оқуға сұрап алды. Арада қаншама жылдар өткенде астанадағы университетке Лев Гумилевтің аты берілді. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы болатын. Сонда баяғыда оқыған кітабын әлі есте сақтап жүр екен ғой. Жадысының мықтылығына әлі күнге дейін таңғаламын.

ЕЛБАСЫНЫҢ ТАРИХИ ЕРЛІГІ

Жабайхан ӘБДІЛДИН,
мемлекет және қоғам қайраткері, ҰҒА академигі:

– Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін жаңа мемлекетті құру қажеттілігі туындады. Бұл оңай іс емес еді. Себебі Кеңес Одағының экономикасы саяси экономика негізінде құрылған болатын. Ол уақытта барлық зауыттар мен фабрикалар, кәсіпорындар бір-бірімен матасып тұрған. Ал азаттық қолымызға тигеннен кейін он бес одақтас елдің дербес өмірі басталды. Ортақ экономика да ажырап, елімізде өндіріс тұралады. Сол кезде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдымен экономика, содан кейін саясат идеясын ұсынды.
Екінші мәселе мемлекеттік шекараны белгілеуге келіп тірелді. Елбасының арқасында Қазақстан тарихта тұңғыш рет Қытай және Ресей секілді алпауыт елдермен шекараны белгілеу бойынша келісімге қол қойды. Бұл іс те оңайлықпен келген жоқ.
Үшіншіден, Елбасының ас­та­наны Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы тарихи шешімін айтуға болады. Ақмола ол уақытта экономикалық тұрғыдан көп артта қалған қала болатын. Шаһарда сол кезде жібі түзу бірде-бір мейрамхана, бірде-бір қонақүй болған жоқ. Соның бәрін көзіміз көрді. Ақмола, кейінгі Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы экономикалық өрлеуімізге жол ашты. Бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи ерлігі.

ЖОҒАРЫҒА ЖАЛТАҚТАМАЙ, ПОЛИГОНДЫ ЖАПТЫАнатолий БАШМАКОВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, профессор:

– Елбасы мен тәуелсіздік – бірін-бірі толықтыратын ұғымдар. Азаттыққа алғашқы қадамдар Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылдың 29 тамызында «Семей ядролық полигонын жабу туралы»
Жарлығына қол қоюдан бас­талды. Ол уақытта Кеңес Одағы әлі ыдырамаған еді. Сонда да Нұрсұлтан Әбішұлы жоғарыға жалтақтамай, полигонды жапты.
Елбасы мемлекеттіліктің негізін құрып қана қоймай, рухани, гуманитарлық және тарихи парадигмамызды қалыптастыру үшін көп еңбектенді. Мен оның «Рухани жаңғыру» бағдарламасын өте жоғары бағалаймын. «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты мақаласы – қазақстандық қоғамның қозғау­шы күші. Тұңғыш Президент онда жақын жылдардағы елдің және бүкіл халықтың маңызды міндеттерін айқындап берді. Осы іргелі міндеттерді жүзеге асырмайынша, экономика мен басқа да салалардағы мәселелерді шеше алмаймыз.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІ БАСТАЛДЫ

Ғарифолла ЕСІМ, ҰҒА академигі:

– Қазақстанның жаңа дәуірі қай күні басталды? 1 желтоқсаннан басталған болатын. Сондықтан бұл мерекенің маңызы ерекше. Сол күні біз Тұңғыш Президентімізді сайладық. Президент тақ мұрагері ретінде емес, не болмаса Мәскеу­дің ұсынысы бойынша да емес, халықтың таңдауымен, қалауымен алғаш рет демократиялық жолмен сайланды.
Парасатты, кемеңгер, данышпан адам ел басқарса, халықтың есесі кетпес, еңсесі түспес. Халықтың көңіл-күйі – басты капитал. Осы тұста Елбасының үш ерлігі туралы айтқым келеді. Біріншісі, астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру. Екіншіден, шекарамызды шегендеп алдық. Қытай мемлекеті бұл істі қайта-қайта кейінге шегере бергенмен, болмады. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің харизмасын пайдаланып, мұны жүзеге асырды. Үшіншіден, бейбіт өмір сүріп келе жатырмыз. Осы кезде демографиялық өсім болды. 1 миллион қандасымызды шетелдерден алдырдық. Еліміз барлық жағынан дамып жатыр.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button