Абылай — ұлтымыздың ар-намысы
БҮГІН АСТАНАДА «АБЫЛАЙ ХАН ЖӘНЕ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МҮДДЕЛЕРІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТЕДІ
Биыл елімізде қазақтың ұлы ханы, аса көрнекті саяси қайраткері және қолбасшысы Абылай ханның 300 жылдығы кең көлемде атап өтілуде.
Абылай хан – Қазақ хандығын нығайтып, үш жүздің басын біріктірген, солтүстік-батысында Ресейдің, шығысында Қытайдың тырнағынан елімізді аман сақтап, жоңғар мен қалмақтың, Хиуа мен Қоқанның шапқыншылығын тойтарған көреген саясаткер әрі дарынды қолбасшы.
Бүгінгі күні Абылайдың үш жүздің ханы болып таққа отырған жылын нақтылаудан бастап, оның өмірі, тегі, туғандары, саяси қызметі аясында біршама пікірталастар бар. Бұл орайда тарихи ақиқатты зерделеп, қоғамға таныту жолында тарихшы-ғалымдар ізденісінің маңызы зор.
Осы орайда, Астана қаласының әкімдігі еліміздегі танымал тарихшы ғалымдардың басын қосып, конференция ұйымдастыруда.
Конференцияның мақсаты – Абылай ханның саяси қайраткерлігін, тұлғалық болмысын, мұрасын дәріптеу; Абылай ханның өмір жолын, Қазақстан тарихының межелі сәттерін зерделей отырып, тәуелсіздігіміз бен ұлттық құндылықтарымызды зерделеу; Абылай ханның қазақ халқының тарихындағы рөлін зерделей отырып, қоғамның бірлігі мен тұтастығын насихаттау болып табылады.
Шараға Қазақстан Республикасы Парламенті және қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы орган өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары және жастар қатысады.
Конференция барысында Абылай хан тұсындағы Қазақ хандығының дамуына қатысты жаңа ойлар ортаға салынады.
Авторы: А. Дүзелханов
АБЫЛАЙ ХАН ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК МҰРАТЫ
Абылай заманы мен бүгінгі тәуелсіздік арасын үш ғасырға жуық уақыт бөліп жатыр. Бір-бірінен өзгешелігі де, ұқсастығы да баршылық. XVIII ғасырдың ұлы тұлғасы Қазақ елін экономикалық әлеуеті шектеулі, халқының саны аз болғанына қарамастан Ресей мен Қытай сияқты алпауыт көршілерінің отарлауынан сақтауға, іргелес ортаазиялық билеушілердің басынуынан қорғауға, ата жауы жоңғарларды талқандауға баға жетпес үлес қосты. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқандай, Абылайдың тұсында Қазақстан жерінде өзге ұлттың 10 миллион өкілі отырған жоқ еді. Рас, жан-жағынан, қос өкпеден қысып тұрған империялар бар еді. Солармен тіл табысып, қиыннан қиыстырып, қиядан жол табу Абылайдай айбындының ғана қолынан келді.
ХХ ғасыр аяғында мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасының алдында, сырттан жау келмесе де, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» айырмашылығы шамалы шырғалаңнан шығу міндеті тұрды. Қазақстанда өндірілген жалпы ішкі өнім Одақ тарауының қарсаңындағы 1990 жылмен салыстырғанда 1995 жылы 52,6% кеміген еді. Инфляция шарықтап тұрды. Адамдардың тұрмысы күрт төмендеді. Елбасының сөзімен айтсақ, «әсіресе 1992-1994 жылдардың арасында жағдай өте-мөте қиын болды. Бұрыннан келе жатқан экономикалық байланыстардың быт-шыты шығып, әр ел өз күнін өзі көруге көшті, кәсіпорындар сататын затын сата алмай, алатын затын ала алмай қалды… Бұл бір адам айтқысыз ауыр кезең еді».
Бодандықты енді қабылдаған XVIII ғасырда да, бодандықтан бостандыққа шыққан ХХ ғасыр соңында да ықылас-ниеті дұрыс әрбір қазақ пен қазақстандық үшін аумақтық тұтастықты, елішілік бірлікті, ұлттық қауіпсіздікті сақтау, мемлекеттік билікті, дәстүр мен заңды, азаматтардың егемендігін нығайту, экономиканы әртараптандыру, Қарулы күштерді жасақтау, халықаралық қатынастар мен сыртқы саясатта арандатуға ұшырамау, бәсекеге қабілеттілікті арттыру тәуелсіздік мұратына айналды.
Тәуелсіздік – қасиетті ұғым. Ол – Отанның, оның әрбір азаматының белгілі бір заңдар мен ережелер аясында, объективті қажеттілік пен сұранысқа сай, табиғи-жүйелі ырғақпен өмір сүруін, жетілуін, осылайша адамзат өркениетіне олжа салуын қамтамасыз ететін ең бағалы мемлекеттік – құқықтық құндылық. 1711 жылы дүниеге келген Абылайдың бір мүшелге толар-толмас шағында Қазақ еліне апат қаупі төнді, дербестігін сақтау өмір мен өлім мәселесіне айналады. Демек, Абылай Отан, мемлекет, тәуелсіздік тәрізді құндылықтардың парқы мен нарқын бала кезінен біліп есейді. Арғы аталары Шыңғыс хан, Жошы хан заманынан ел билеген ақсүйек әрі ғасырлар бойы саяси элита қатарында жүргендіктен ақылына қайраты сай Абылай жастай көзге түсті. Кейінде кеңесшісі Бұқар жыраудың: «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» деген сөздерді айтуы бекер емес. Абылайдың батырлық, қолбасшылық, саяси қайраткерлігі ерте ашылғанын Шоқан да қуаттайды. «Участвуя во всех набегах, сначала как рядовой воин, он показывает подвиги необыкновенной храбрости и хитрости. Полезные советы его и стратегические соображения упрочивают за ним имя мудрого, – деп жазыпты ол «Абылай» аты зерттеуінде. – Как бы то ни было, в 1739 году мы находим его самым сильным из владельцев Средней Орды, и русское правительство по преимуществу сносится с Абылаем…»
ХХ ғасыр басында бұл идея Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп зерттеулерімен жалғасын тапты. «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресінде» Шәкәрім қажы: Әбілмансұр Әбілмәмбет ханға барып, – тақсыр, бата берсеңіз, мынаған мен барайын дегенде, хан бата берген соң, Шарышқа қарай «Абылай, Абылай» деп ұран салып барып, Шарышты өлтіріп, басын кесіп алып, жау қашты деп айғай салған соң, қалмақтар қашып, бір мезгілде бір жерге келіп хан шатырын құрып Әбілмәмбет Әбілмансұрды қасына отырғызып, шырағым, сен кімсің, Абылайлап шапқаның қалай десе, …. соғыста жолы болған атамның атын ұран қылдым дейді. … Абылайдың хан болғаны 1735 жылдың маңайы болар» деген пайым түйген.
Әрине, 1735 жылы 24 жасар Абылай хан тағына отыра қойған жоқ. Бұл қате пікір әлі де қайталануда. 2008 жылы жарық көрген «Тарихи тұлғалар» кітабында жиырма жасында хан сайланған Абылай жарты ғасырға жуық хандықты абыроймен басқарғаны айтылады. Дегенмен, танымал тұлға екеніне күмән келтіруге негіз жоқ. Абылайдың ықпалды саяси қайраткер ретіндегі мәртебесі мұрағат деректеріне 1738 жылдан енген. Сол жылы тамызда Ресей патшасы Анна Иоановнаға жазған хатында Кіші жүздің ханы Әбілқайыр Орта жүз сұлтаны Әбілмәмбет пен Абылай бодандыққа ант беру рәсімінен өтпегенін айтады. Келер 1739 жылы Орынбор комиссиясының бастығы В. Урусовтың Ресей сыртқы істер алқасына жолдаған мәлімхатында да Абылай сұлтанның есімі Әбілмәмбет ханмен қатар аталған.
Отыз жасқа толар-толмастан саясат пен билікке белсене араласқан Абылай Жоңғариямен, Ресеймен, Қытаймен, оңтүстіктегі көршілермен кейде соғыс, кейде қырғи-қабақ, кейде бейбіт күндер мен қарым-қатынастарды басынан өткере жүріп, сондай-ақ қазақ қоғамындағы шаруашылық-әлеуметтік үдерістерді реттеуге, рулық, тайпалық, аймақтық мүдделерді үйлестіруге тікелей бағыт-бағдар берумен мемлекетті басқарудың тамаша мектебінен өтті.
Дей тұрғанмен, Қазақ хандығының тәуелсіздігін сақтау мұратын көздеген Абылайдың сан алуан қызметінде халықаралық қатынастар мен сыртқы саясат стратегиялық басымдыққа ие екенін айтуымыз қажет.
Қытаймен сауда-саттықты нығайту, Ресейден қару-жарақты, өндіріс құрал-жабдықтарын алуды жолға қою, Орта Азия мемлекеттерімен тауар айналымын тұрақтандыру түрлі кәсіп иелерімен және әлеуметтік қауыммен – дипломаттармен, саудагерлермен, мамандармен кездесулер, келіссөздер барысында, хат алмасу, арнайы елшілік арқылы әрдайым талқыланып жататын. Абылайдың тапсырысы бойынша құрылған делегациялар Пекинге, Петерборға, басқа да ірі қалаларға барып, Қазақ елінің сыртқы байланыстарын байыта алды.
Сыртқы саясаттың кез-келген бағыты мен саласында Қазақ мемлекетінің қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын, отандастарының еркіндігін сақтауды басты мұрат тұтқан Абылай керек кезінде көрші мемлекеттер арасындағы қайшылықты, даулы мәселелерді өз пайдасына жарата да білді. Бірде қарсыласына қатал, тік мінез танытса, келесіде жау жағынан да одақтас тауып, оны мол сый-сияпатпен бауырына тарта алды. Халқының болашағы үшін, Жоңғарияны айтпағанда, Қытаймен қарулы қақтығыстарға, соғыс әрекеттеріне дейін барғаны, Ресейге де айбар көрсетіп, шекарадағы орыс әскерін әбігерге түсіргені Ұлы тұлғаның саясаттағы сұңғылалығын білдіреді. Әйтпесе Абылай Ресейдің, Қытайдың әскери әлеуетін, өндірістік-техникалық басымдығын, от қаруымен жарақтанғанын білді. 1760-1770-ші жылдарда Қырғыз еліне, қоқандықтарға жорығы, Еділ қалмақтарын талқандауы қазақтың этникалық аумағын бекемдеуімен қатар Қазақ елінің Еуразия кеңістігіндегі, Орталық Азиядағы беделі мен егемендігін тамаша нәтижелермен көмкеруге қол жеткізді.
Дегенмен мемлекеттің халықаралық аренадағы қарымы елішілік ахуалмен анықталатынын жоққа шығару мүмкін емес. Абылай тарих сахнасына көтерілген тұстағы Қазақ хандығы, біріншіден, бұрынғыдай орталықтанған мемлекет емес еді, екіншіден, ресми дәйектелген билік вертикалы мен әкімшілік-аумақтық жүйесі болған жоқ, үшіншіден, жалпыға бірдей міндетті заң шығарушы, атқарушы, сот биліктері әлсіреп, олардың функциясын хан, ханға жақын жекелеген адамдар атқарды, яғни билік өкілеттігі мен құқық пәрменділігі бір ізге түсірілмегендіктен қоғамның ұйысуы, бәсекеге қабілеттілігі қиыншылықтарға тап болды. Төртіншіден, 1723-1726 жылдарғы апат зардабынан мемлекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани өмірін уақыт үдесіне сай жаңғырту мүмкіншілігі тарылды. Заң күшімен бекітілген әкімшілік-аймақтық бірлестіктер түзілмегендіктен жергілікті өзін-өзі басқару мен орталық мемлекеттік билік арасындағы байланыс танымал жандар арқылы көбінесе рулық-тайпалық қатынастар мен сипатта өрбіді. Нәтижесінде халықтың негізгі дені ресми биліктен жазбаша пәрмен күткеннен гөрі ауылдағы сұлтанға, биге, батырға, тарханға, қожаға, рубасы мен ақсақалға жүгінумен өмірлік қажеттіліктерін шеше берді. Тікелей халықтық демократия ұстанымы мен құндылықтары XVIII ғасырда Қазақ хандығындағы биліктің пішінін, мазмұнын осылайша анықтап жатты.
XVII–XVIIІ ғасырлар межесінде хандықтың ішкі, сыртқы өмірі мейлінше күрделіленгендіктен, бұдан бұрын да ел басқару жүйесін шектен тыс орталықтандырудан бас тартқан дала демократиясы қоғамның өзін-өзі басқаруын жаңа биікке көтерді. Егер үш жүзге бөліну қазақ қоғамының шын мағынасындағы әлсіздігін, іштей ыдырауын білдірсе, ол 1723 жылғы кенеттен келген апатқа төтеп бере алмас еді, қатерлі дұшпанға бірлесе тойтарыс беру идеясы төңірегінде топтала қоймас еді.
Алайда, мемлекет тағдыры мен мемлекеттік биліктің тиімділігі ішкі факторлармен ғана анықтала бермейді ғой. Тұтас Қазақ хандығы үшке бөлініп жатқан XVIII ғасыр басында Ресей мемлекеті І Петр патшаның реформаларымен ілгерілей алға басып, Еуропадағы позицияларын нығайтқанына қоса Шығысқа да көз сала бастады. 1722-1723 жылдары Персияға қарсы соғысып, Каспий теңізінің батыс және оңтүстік жағалауларына иелігін орнатты.
XVIII ғасыр қарсаңында батыс Моңғолияны өзіне қаратқан Қытай 1715 жылы Шығыс Түркістанды жаулап алды. Екі бүйірден қысқан алпауыт империялар Ұлы далаға жақындап қалғанда Қазақ хандығының ішкі факторларға басымдық бере дамуы, әрине, болашақтағы стратегиялық ұтылыстың алғышарттарын қалап берді.
Үш жүздің билеушілері Ресей мен Қытайдың Қазақ еліне, мемлекетіне, тәуелсіздігіне қатер төндірерін білді. Бірақ, табиғи-ырғақты негізде пісіп-жетілген үдерісті – үш жүздің басына үш ханның келуін тоқтататын, ең болмағанда уақытша тежейтін қарсы күш шықпады. Бұл Қазақ хандығын мейлінше күшейткен әз Тәукенің де қолынан келмеді.
Тұтас қазақ мемлекетінің үш жүзге бөлінуі, 1723-1726 жылдарғы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама», 1731 жылдан Ресейге бодандықты қабылдау дәстүрлі билік жүйесінің әлсіреуін тездетті. Ұлттық мемлекетте билік жүйесі дағдарысқа түскенін Барақ сұлтанның Кіші жүздің ханы Әбілқайырды 1748 жылы өлтіруі, оның орнына орыс әкімшілігінің айтқанынан шықпайтын Нұралының хан сайлануы да дәйектей түседі. Империялық «бөліп ал да, билей бер» саясаты іске қосылды. «Кіші жүздің ханы Нұралы қазақтардың ханы болып бекітілгенде, қандай да бір жүздің аты аталмаған болатын, – деп жазыпты ІІ Екатерина патша 1778 жылғы 21 қыркүйекте, – Мұның мәнісі – Нұралы Орта жүзді өзіне қаратуға күш салсын деген ниетіміз еді. Алайда оның қолынан мұндай іс келмегені былай тұрсын, ол өзінің Кіші жүзінде де ешқандай лауазым-шені жоқ өзге сұлтандар мен ел ағаларының үстінен билігін асыра алмай отыр»
Шығыс Түркістанды бағындырып, Жоңғарияны жер бетінен жойып жіберген императорлық Қытай қазақтармен тікелей байланысқа шығумен тәуелсіздікке қауіпті ұлғайтты. Түрлі сылтаумен қыр көрсетіп, билік жүйесі орталықтанбаған Қазақстанға қысымды күшейте түсті, шығыстағы біраз жерді өзіне қаратып алды. Қытай факторынан алыстағы Нұралы хан да мазасызданғаны – тарихи факт. 1757 жылы Қытай әкімшілігі Абылайға жолдаған хатында кімнің кім екенін ашық жариялайды. «Егер сендерге моңғолға жасағандай ішкі жасақ тәртібін қолдансақ, – делінген хатта, – қысым көріп қаласыңдар. Демек, бұрынғы қоғамдық салт-жүйелеріңде бола беріңдер… Ал сенің елшің бізге жеткізген: «Тарбағатай тегінде біздің байырғы жайлауымыз еді, сол жерді патша бізге берсе»,-деген сөзге келсек, бұл жерлер жаңа ғана тыныштандырылған. Әлі иен жатқан өңір. Патша, әсілі, ол жерді сендерге қиып бере салушы еді, бірақ сендер бізге еңбек сіңірген жоқсыңдар, ебін тауып ел болып алғансыңдар». Қоқан-лоққы кейінде жалғаса берді.
Әйткенмен, көзінің тірісінде Абылай ханмен императорлық Қытай да, патшалық Ресей де есептесті. Ол билеген аумақта мемлекет ісіне өктемдігін жүргізе алмады, Қазақ хандығын сақтауды бәрінен жоғары қойған ұлттық мұратты сындыруға мұршасы жетпеді. Бұқар жыраудың Абылай хандық құрған соңғы жылдарды:
Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай,
Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай
Үш жүзден үш кісі құрбан қылсам
Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай, –
деп сипаттауында, ал академик В.В. Бартольдтың «Самым могущественным из ханов XVIII в. был хан Средней Орды Абылай» деген жолдарында терең мағына жатыр.
Қалай дегенмен, жантүршігерлік әрі қанкешу XVIII ғасырдағы қазақ мемлекеттілігінің ең осал жері хандық орталық билік пен жергілікті өзін-өзі басқару арасындағы байланыстың һәм бағыныштылықтың бұзылғанында жатыр. Бір орталыққа бағынған ұлттық мемлекетке тән соңғы іс-шаралар 1726 жылы Ордабасында, 1730 жылы Аңырақай шайқасының алдында үш жүз билеушілерінің бас қосуымен, жоңғарларға бірлесе тойтарыс беру стратегиясын анықтауымен аяқталды. Бұдан кейінгі уақытта баршаға міндетті, «Жеті жарғыдай» пәрмені бар мемлекеттік құжат туындаған емес.
Қазақстанды қол астына өткізуді көксеген Қытай да, Ресей де билік пен билеушілерді өз ырқына көндіруге барын салды. Хан мен оның айналасындағыларға өңірлердегі өзін-өзі басқарып отырған сұлтандарды, би-батырларды, рубасыларды қарсы қоюда Ресей билеушілері әбжілдік танытты. Орта жүздің ханы Әбілмәмбетті Кіші жүздің ханы Әбілқайырмен дүрдараз қылуға, Құлсары мен Құлеке батырлар арқылы бүкіл Атығай баласын Абылайдан алыстатуға, Барақ сұлтанды империя мүддесіне пайдалануға аянбай күш салды, нәтижесіз де қалған жоқ. Бұл саясат үзілмей жалғаса берді. Мәселен, 1742 жылы Орынбор комиссиясының бастығы И.Неплюев Ресей сыртқы істер алқасына жолдаған мәлімхатында орта және Кіші жүз билеушілерін қалай, кіммен алмастыру жоспарын дәйектепті. «Әбілмәмбет хан жоғарыдағы себептермен біздің қарауымыздан ашықтан-ашық мүлде шығып кететін болса, ханды және оны екі жүзде де қолдаушыларды сатқын деп әйгілеу керек; оны хандықтан тайдырып, лауазымынан айыру керек… Әбілмәмбеттің орнына Орта жүздің ханы етіп, Ресейге кейінде ант берген Барақ сұлтанды жариялап жіберуге болады… Ал, Барақ сұлтан да Әбілмәмбетті қолдап, Ресей бодандығынан бас тартатын болса, Батыр сұлтанды хан жасауға болады… Тіпті, Батыр сұлтан да Әбілмәмбетке еріп Ресейге қырын қарайтын болса, онда Әбілқайырдың ұлдарының бірін Орта жүзге хандыққа қоюға болады. Орта жүзде де Әбілқайыр ханды және Жәнібек тарханды қолдайтын, көпке белгілі, ықпалды адамдар да аз емес… Сондай-ақ, бәрінің арасын тыныштандырып, екі жақты тең ұстап отыру үшін Жәнібек тарханның беделін пайдаланып отырған жөн», делінеді құжатта.
Арада 37 жыл өткенде Ресей патшасының Орынбор губернаторына жіберген жарлығынан жымысқы саясаттың жалғаса бергенін көреміз: «Орта жүз ішінде Абылайдың беделін түсіру үшін, оған «бақталас» біреу іздеп тауып, ондай адамды үкімет тарапынан қолпаштап отырған жөн… Өйткені, бұл «жыртқыштан» қауіп күшті».
Осы тектес айла-шарғыны Қытай жағы да қолданып жатты. Абылайдың көзі тірісінде отарлаушының қулығы өтпеді. Азаттық үшін жанталас, Отанды қорғау жолындағы соғыс халық арасынан ұлы тұлғаларды туғызды. Ендеше, билік вертикалы мен мемлекеттік басқару аппараты замана талабына жауап бере алмаған ортада тәуелсіздік мұратының салтанаты үшін Абылай тындырған асқаралы істің маңдайалдысына ұлттық элита шоғырын қалыптастыруға септесуін жатқызғанымыз жөн. Ұлы билеушінің айналасына әйгілі билер (Қазыбек, Байдалы), жыраулар (Бұқар, Үмбетей), қолбасшылар мен батырлар (Қабанбай, Бөгенбай), өнерпаздар, білімпаздар, шешендер топтасты. Олардың кемел ақылы мен қайраткерлігіне сүйенбей, Абылайдың Абылай атануы екіталай еді. Патшалық Ресей қорыққан «қауіпті» Абылай хан дүниеден озған соң, Қазақ мемлекетін басқару жүйесін қирату жеделдеді. 1801 жылы Батыс өңірде құрылған Бөкей хандығы отарлаушы әкімшіліктің құзырында болғандықтан оның мәртебесі номиналды сипатта сақталды. 1822 және 1824 жылдары қабылданған Сібір қазақтары, Орынбор қазақтары туралы Жарғылар бойынша Орта жүз бен Кіші жүздегі дәстүрлі хандық басқару институты жойылды. Ұлы жүз Қоқан және Хиуа хандықтарының қол астында қалды.
Жинақтай айтсақ, 20 жасынан додаға кіріп, жарты ғасыр аттан түспеген Абылай бар қайратын салғанмен бір орталыққа бағынған Қазақ хандығын құра алмады, оған үш Жүзге бөліну үдерісі, жат елдердің кесе-көлденең тұруы мүмкіндік бермеді. Билік жүйесін, мемлекетті орталықтандыру қилы заманда тәуелсіздікті сақтаудың басты шарты екенін жақсы түсінген Абылай хан тағында отырып та осы жолдан таймайтынын Ресей патшасы ІІ Екатеринаға жолдаған хатында ашық білдіреді: «Менің аталас туыстарым Әбілқайыр мен Әбілмәмбет хандар өмірден өтті,- делінген екен хатта,- Олардың ізін басқан маған хандық кезек келді. Олар қайтыс болғаннан кейін қазақтың үш жүзі –Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүздің хандары мен сұлтандары, Ташкент пен Түркістан аймағының үлкен-кішісі тілек қосып, 1771 жылы Түркістан қаласында, біздің мұсылман жұртының әулиесі Қожа Ахмет зиратының басында, өз дәстүріміз бойынша құран ұстап, қол жайып, мені қазақтың үш Алашының ханы етіп, ақ киізге көтерді». Абылай қала салуды, халқын отырықшылыққа көшіруді армандаған екен. Бұл да орталықтанған мемлекет тұсында шешілетін міндет еді.
Алайда отарлаудың арты қазақ қоғамының ішіне жік түсумен ұласып, кешегі тарихи даму нәтижесі болып табылатын рулық, тайпалық, жүздік құрылым этникалық тұтасуға, мемлекеттің қуатын арттыруға қызмет етуден қалды. Мемлекет – құқық – азамат арасындағы, шаруашылық-мәдени кешендегі байланыс заңдылығы бұзылғандықтан қазақ қоғамы тарихи–табиғи даму мүмкіншілігінен ажырап, әлеуметтік қатынас қым-қуат қайшылыққа ұрынды. Бұл орайда керуен тонаумен айналысқан Ботақанды жазалағаны үшін Абылайға қарсы Қаракесек руының көтерілгенінен ханның қатыгездігін, қаныпезерлігін іздемеу керек. Қайта XVIII ғасырдың аяқ кезеңіндегі қазақ қоғамы бұрынғы саяси тұтастықты жатсынғанын, кімнің болсын жеке дара билік жүргізуін қабылдамағанын ұққан жөн.
Елдің тағдыры, халық болашағы қылыш үстінде қылпылдаған тұста жұдырықтай жұмылған күшті мемлекеттік билік, тәуелсіздік мұратына шексіз адал әрі харизмасы мейлінше өткір билеуші керек екендігі Кеңестер Одағының ыдырауы, Қазақстан азаттығының алғашқы жылдары тағы дәлелденді. 1995 жылы парламенттік-президенттік билік түрінен Президенттік билікке көшуіміз жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан мемлекетін құруға серпін берді. Бұл Абылай арманының жүзеге асқан сәті еді. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы жолдауында үлкен мақтанышпен айтылғандай, «біз осылайша аз жылда абыройы артқан айбынды елге, қуатты ұлтқа айналдық». Алдымызда атқарылар қыруар істер бар. Баршамызды Абылай рухы қолдай берсін!
Ханкелді Әбжанов,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор