Жаңалықтар

Инвесторлармен келешек туралы кеңесті

Кеше Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 26-пленарлық мәжілісі өтті. Онда еліміздің 2020 жылға дейінгі технологиялық-инновациялық дамуы талқыланды.

Елбасы инвесторлармен бірлескен жұмыстың басым бағыттарына тоқтала келе:

– Мемлекеттің «жасыл» эконо­­ми­­­­каға көшуіне елордада өткізілетін «EXPO-2017» халықаралық маман­­дан­­дырылған көрмесі қозғау салады. Сондықтан біз әлемдегі ең үздік технологияларды өзімізге тартумен қатар, Қазақстанда не жасалғанын да көрсете алуымыз керек, – деді.
Жұмысшы мамандардың білікті­лі­­гінің төмендігі, өндірістің талабына татымайтындығы баяғыдан айтылып келе жатқан жәйт. Оны Дүниежүзілік банктің зерттеуі тағы да нақтылай түсті. Сондықтан Елбасы мемлекеттік білім беру мекемелерінің бір бөлігін шетелдік инвесторлардың консорциумы мен отандық компаниялардың сенімді басқаруына беруді ұсынды. Яғни, бизнес-қауымдастық оқу жоспары мен әдістемесін қалыптастыруға қаты­­сады, шетелден алдыңғы қатарлы оқытушыларды тартуға септігін ти­­гізеді, ал мемлекет бұл мекемелерге баяғысынша білім гранттарын бөлуді жалғастыра береді.

Сонымен қатар, Елбасы Үкіметке инвесторлармен бірге ауылшаруашылық саласын зерттейтін әлемдік деңгейдегі институт құруды тапсырды. База ретінде Астанадағы Агротехникалық университетті ұсынды. Институт білім берумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқарып, тәжірибелік шаруашылықтарды жүргізуі тиіс.

Ғалымдарды ынталандыру үшін Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлық тағайындалды.

– Сыйлық жыл сайын серпінді ғы­­лыми зерттеу мен инновациялық жа­­ңа­­­лық үшін жеті номинация бойынша бе­­ріледі. Алғашқы кезде көлемі 100 мың доллар болады, – деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Ғылымға қамқорлық жасаудан инвесторлар да сырт қалмауы тиіс» дей келіп, Елбасы шетелдік компанияларды халықаралық маңызы бар жобаларды зерттеу үшін венчурлық инновациялық қорды қаржыландыруға шақырды.

– Заң бойынша жер қойнауындағы табиғи байлықты игерушілер жыл­дық табысының 1%-ын зерттеулерге, тәжірибелік-конструкторлық жұмыс­­тар­­ға жұмсауы тиіс, – деді ол, – Бірақ, оны барлығы бірдей орындап жатқан жоқ. Сондықтан осы қаржының басын біріктіріп, алғашқы капиталы 200 млн доллар болатын венчурлық қор құру керек.

Басқосуда айтылған тағы бір жаңа бастама «Үш жетілік» деп аталады. Егер Елбасы сөзін тарата айтсақ, біріншіден, Қазақстанға аты әлемге мәшһүр 7 ғалымды тарту керек, екіншіден, 7 қазақстандық компанияны жоғары технологиялық тапсырыспен қамтамасыз етуіміз керек, үшіншіден, 7 инновациялық стартапты қолдауымыз керек. Бұл мақсатты жүзеге асыру Шетелдік инвесторлар кеңесі мен Үкіметке жүктелді.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button