Басты ақпарат

Абылай — ұлтымыздың ар-намысы

БҮГІН АСТАНАДА «АБЫЛАЙ ХАН ЖӘНЕ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МҮДДЕЛЕРІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТЕДІ

Биыл елімізде қазақтың ұлы ха­ны, аса көрнекті саяси қайраткері және қолбасшысы Абылай ханның 300 жылдығы кең көлемде атап өті­луде.
Абылай хан – Қазақ хандығын нығайтып, үш жүздің басын бі­рік­тірген, солтүстік-батысында Ре­сей­дің, шығысында Қытайдың тыр­на­ғынан елімізді аман сақтап, жоң­ғар мен қалмақтың, Хиуа мен Қоқан­ның шапқыншылығын тойтар­ған көреген саясаткер әрі да­рын­ды қолбасшы.

Бүгінгі күні Абылайдың үш жүз­дің ханы болып таққа отырған жы­лын нақтылаудан бастап, оның өмірі, тегі, туғандары, сая­си қыз­меті аясында біршама пікірта­лас­­тар бар. Бұл орайда тарихи ақи­қатты зерделеп, қоғамға таныту жолында тарихшы-ғалымдар із­де­нісінің маңызы зор.

Осы орайда, Астана қаласының әкімдігі еліміздегі танымал тарихшы ғалымдардың басын қосып, конференция ұйымдастыруда.

Конференцияның мақсаты – Абы­лай ханның саяси қайраткер­лігін, тұлғалық болмысын, мұра­сын дәріптеу; Абылай ханның өмір жолын, Қазақстан тарихының межелі сәттерін зерделей отырып, тәуелсіздігіміз бен ұлттық құн­ды­лықтарымызды зерделеу; Абылай ханның қазақ халқының тари­хындағы рөлін зерделей отырып, қоғамның бірлігі мен тұтастығын насихаттау болып табылады.

Шараға Қазақстан Республикасы Парламенті және қалалық мәс­лихат депутаттары, жергілікті атқа­рушы орган өкілдері, қоғам қай­раткерлері, ғалымдар, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, жо­ғары оқу орындарының оқы­тушылары және жастар қаты­сады.

Конференция барысында Абылай хан тұсындағы Қазақ хандығының дамуына қатысты жаңа ойлар ор­таға салынады.

Авторы: А. Дүзелханов

АБЫЛАЙ ХАН ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК МҰРАТЫ

Абылай заманы мен бүгінгі тәуелсіздік арасын үш ғасырға жуық уақыт бөліп жатыр. Бір-бірінен өзгешелігі де, ұқсастығы да баршылық. XVIII ғасырдың ұлы тұлғасы Қазақ елін экономикалық әлеуеті шектеулі, халқының саны аз болғанына қара­мас­тан Ресей мен Қытай сияқты алпауыт көрші­ле­рі­нің­ отарлауынан сақтауға, іргелес ортаазиялық билеушілердің басынуынан қорғауға, ата жауы жоңғарларды талқандауға баға жетпес үлес қосты. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқандай, Абылайдың тұсында Қазақстан жерінде өзге ұлттың 10 миллион өкілі отырған жоқ еді. Рас, жан-жағынан, қос өкпеден қысып тұрған империялар бар еді. Солармен тіл табысып, қиыннан қиыстырып, қиядан жол табу Абылайдай айбын­ды­ның ғана қолынан келді.

ХХ ғасыр аяғында мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасының алдында, сырттан жау келмесе де, «Ақтабан шұбы­рынды, алқакөл сұламадан» айырма­шы­лы­ғы шамалы шырғалаңнан шығу міндеті тұрды. Қазақстанда өндірілген жалпы ішкі өнім Одақ тарауының қарсаңындағы 1990 жылмен салыстырғанда 1995 жылы 52,6% кеміген еді. Инфляция шарықтап тұрды. Адамдардың тұрмысы күрт төмендеді. Елбасының сөзімен айтсақ, «әсіресе 1992-1994 жылдардың арасында жағдай өте-мөте қиын болды. Бұрыннан келе жатқан экономикалық байланыстардың быт-шыты шығып, әр ел өз күнін өзі көруге көшті, кәсіпорындар сататын затын сата алмай, алатын затын ала алмай қалды… Бұл бір адам айтқысыз ауыр кезең еді».

Бодандықты енді қабылдаған XVIII ғасырда да, бодандықтан бостандыққа шыққан ХХ ғасыр соңында да ықылас-ниеті дұрыс әрбір қазақ пен қазақстандық үшін аумақтық тұтастықты, елішілік бірлікті, ұлттық қауіпсіздікті сақтау, мемлекеттік билікті, дәстүр мен заңды, азамат­тар­дың егемендігін нығайту, экономиканы әртараптандыру, Қарулы күштерді жасақтау, халық­аралық қатынастар мен сыртқы саясатта арандатуға ұшырамау, бәсекеге қабілеттілікті арттыру тәуелсіздік мұратына айналды.

Тәуелсіздік – қасиетті ұғым. Ол – Отанның, оның әрбір азаматының белгілі бір заңдар мен ережелер аясында, объективті қажеттілік пен сұранысқа сай, табиғи-жүйелі ырғақпен өмір сүруін, жетілуін, осылайша адамзат өркениетіне олжа салуын қамтамасыз ететін ең бағалы мем­ле­кет­тік – құқықтық құндылық. 1711 жылы дүниеге келген Абылайдың бір мүшелге толар-толмас шағын­да Қазақ еліне апат қаупі төнді, дербестігін сақтау өмір мен өлім мәселесіне айналады. Де­мек,­ Абылай Отан, мемлекет, тәуелсіздік тәрізді құнды­лық­тар­дың парқы мен нарқын бала кезінен біліп есейді. Арғы аталары Шыңғыс хан, Жошы хан заманынан ел билеген ақсүйек әрі ғасырлар бойы саяси элита қатарында жүргендіктен ақылына қайраты сай Абылай жастай көзге түсті. Кейінде кеңесшісі Бұқар жыраудың: «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» деген сөздерді айтуы бекер емес. Абылайдың батырлық, қолбасшылық, саяси қайраткерлігі ерте ашылғанын Шоқан да қуаттайды. «Участвуя во всех набегах, сначала как рядовой воин, он показывает подвиги необыкновенной храбрости и хитрости. Полезные советы его и стратегические соображения упрочивают за ним имя мудрого, – деп жазыпты ол «Абылай» аты зерттеуінде. – Как бы то ни было, в 1739 году мы находим его самым сильным из владельцев Средней Орды, и русское правительство по преимуществу сносится с Абылаем…»
ХХ ғасыр басында бұл идея Шәкәрім Құдай­бер­діұлы, Мәшһүр Жүсіп зерттеулерімен жал­ға­сын тапты. «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресінде» Шәкәрім қажы: Әбілмансұр Әбіл­мәм­бет ханға барып, – тақсыр, бата берсеңіз, мына­ған мен барайын дегенде, хан бата берген соң, Шарышқа қарай «Абылай, Абылай» деп ұран салып барып, Шарышты өлтіріп, басын кесіп алып, жау қашты деп айғай салған соң, қалмақтар қашып, бір мезгілде бір жерге келіп хан шатырын құрып Әбілмәмбет Әбілмансұрды қасына отырғызып, шырағым, сен кімсің, Абылайлап шапқаның қалай десе, …. соғыста жолы болған атамның атын ұран қылдым дейді. … Абылайдың хан болғаны 1735 жылдың маңайы болар» деген пайым түйген.

Әрине, 1735 жылы 24 жасар Абылай хан тағына отыра қойған жоқ. Бұл қате пікір әлі де қайталануда. 2008 жылы жарық көрген «Та­ри­хи тұлғалар» кітабында жиырма жасында хан сайланған Абылай жарты ғасырға жуық хандықты абыроймен басқарғаны айтылады. Дегенмен, танымал тұлға екеніне күмән келтіруге негіз жоқ. Абылайдың ықпалды саяси қайраткер ретіндегі мәртебесі мұрағат деректеріне 1738 жылдан енген. Сол жылы тамызда Ресей патшасы Анна Иоановнаға жазған хатында Кіші жүздің ханы Әбілқайыр Орта жүз сұлтаны Әбілмәмбет пен Абылай бодандыққа ант беру рәсімінен өтпегенін айтады. Келер 1739 жылы Орынбор комиссиясының бастығы В. Урусовтың Ресей сыртқы істер алқасына жолдаған мәлімхатында да Абылай сұлтанның есімі Әбілмәмбет ханмен қатар аталған.

Отыз жасқа толар-толмастан сая­сат пен билік­ке­ белсене араласқан Абылай Жоңғариямен, Ресей­мен, Қытаймен, оңтүстіктегі көршілермен кейде соғыс, кейде қырғи-қабақ, кейде бейбіт күн­дер мен қарым-қатынастарды басынан өткере жүріп, сондай-ақ қазақ қоғамындағы шаруа­шы­лық-әлеуметтік үдерістерді реттеуге,­ рулық, тайпалық, аймақтық мүдделерді үйлес­ті­ру­ге тікелей бағыт-бағдар берумен мемлекетті басқарудың тамаша мектебінен өтті.

Дей тұрғанмен, Қазақ хандығының тәуел­сіз­ді­гін сақтау мұратын көздеген Абылайдың сан алуан қызметінде халықаралық қатынастар мен сыртқы саясат стратегиялық басымдыққа ие екенін айтуымыз қажет.

Қытаймен сауда-саттықты нығайту, Ресейден қару-жарақты, өндіріс құрал-жабдықтарын алу­ды­ жолға қою, Орта Азия мемлекеттерімен тауар айна­лымын тұрақтандыру түрлі кәсіп иелерімен және әлеуметтік қауыммен – дипломаттармен, сау­да­герлер­мен,­ ма­ман­­дармен кездесулер, келіс­сөз­дер бары­сында, хат алмасу, арнайы елші­лік ар­қы­лы әр­дайым талқыланып жататын. Абылайдың тапсырысы бойынша құрылған делегациялар Пекинге, Петерборға, басқа да ірі қалаларға барып, Қазақ елінің сыртқы байланыс­тарын байыта алды.

Сыртқы саясаттың кез-келген бағыты мен сала­сын­да Қазақ мемлекетінің қауіпсіздігін, аумақ­тық тұтастығын, отандастарының еркін­ді­гін сақтауды басты мұрат тұтқан Абылай керек кезінде көрші мемлекеттер арасындағы қай­шы­лықты, даулы мәселелерді өз пайдасына жарата да білді. Бірде қарсыласына қатал, тік мінез танытса, келесіде жау жағынан да одақтас тауып, оны мол сый-сияпатпен бауырына тарта алды. Халқының болашағы үшін, Жоңғарияны айтпағанда, Қытаймен қарулы қақтығыстарға, соғыс әрекеттеріне дейін барғаны, Ресейге де айбар көрсетіп, шекарадағы орыс әскерін әбі­гер­ге түсіргені Ұлы тұлғаның саясаттағы сұңғы­ла­лығын білдіреді. Әйтпесе Абылай Ресей­дің, Қытайдың әскери әлеуетін, өндірістік-техни­ка­лық­ басымдығын, от қаруымен жарақтанғанын білді. 1760-1770-ші жылдарда Қырғыз еліне, қоқандықтарға жорығы, Еділ қал­мақтарын талқандауы қазақтың этникалық аумағын бекемдеуімен қатар Қазақ елінің Еуразия кеңістігіндегі, Орталық Азиядағы беделі мен егемендігін тамаша нәтижелермен көмкеруге қол жеткізді.

Дегенмен мемлекеттің халықаралық аренадағы қарымы елішілік ахуалмен анықталатынын жоққа шығару мүмкін емес. Абылай тарих сахнасына көтерілген тұстағы Қазақ хандығы, біріншіден, бұрынғыдай орталықтанған мемлекет емес еді, екіншіден, ресми дәйектелген билік вертикалы мен әкімшілік-аумақтық жүйесі болған жоқ, үшіншіден, жалпыға бірдей міндетті заң шығарушы, атқарушы, сот биліктері әлсіреп, олардың функциясын хан, ханға жақын жекелеген адамдар атқарды, яғни билік өкілеттігі мен құқық пәрменділігі бір ізге түсірілмегендіктен қоғамның ұйысуы, бәсекеге қабілеттілігі қиын­шы­лық­тарға тап болды. Төртіншіден, 1723-1726 жыл­дарғы апат зардабынан мемлекеттің саяси, эко­но­микалық, әлеуметтік, рухани өмірін уақыт үдесіне сай жаңғырту мүмкіншілігі тарылды. Заң күшімен бекітілген әкімшілік-аймақтық бірлестіктер түзілмегендіктен жергілікті өзін-өзі басқару мен орталық мемлекеттік билік ара­сын­дағы байланыс танымал жандар арқылы көбі­несе рулық-тайпалық қатынастар мен сипат­та өрбіді. Нәтижесінде халықтың негізгі дені ресми биліктен жазбаша пәрмен күткеннен гөрі ауылдағы сұлтанға, биге, батырға, тарханға, қожаға, рубасы мен ақсақалға жүгінумен өмірлік қажет­ті­ліктерін шеше берді. Тікелей халықтық демократия ұстанымы мен құндылықтары XVIII ғасырда Қазақ хандығындағы биліктің пішінін, мазмұнын осылайша анықтап жатты.

XVII–XVIIІ ғасырлар межесінде хандықтың ішкі, сыртқы өмірі мейлінше күрделіленгендіктен, бұдан бұрын да ел басқару жүйесін шектен тыс орталықтандырудан бас тартқан дала демократиясы қоғамның өзін-өзі басқаруын жаңа биікке көтерді. Егер үш жүзге бөліну қазақ қоғамының шын мағынасындағы әлсіздігін, іштей ыдырауын білдірсе, ол 1723 жылғы кенеттен келген апатқа төтеп бере алмас еді, қатерлі дұшпанға бірлесе той­та­рыс беру идеясы төңірегінде топтала қоймас еді.

Алайда, мемлекет тағдыры мен мемлекеттік биліктің тиімділігі ішкі факторлармен ғана анық­тала бермейді ғой. Тұтас Қазақ хандығы үшке бөлініп жатқан XVIII ғасыр басында Ресей мемлекеті І Петр патшаның реформаларымен ілгерілей алға басып, Еуропадағы позицияларын­ нығайтқанына қоса Шығысқа да көз сала бас­та­ды. 1722-1723 жылдары Персияға қарсы соғы­сып, Каспий теңізінің батыс және оңтүстік жаға­лау­ла­рына иелігін орнатты.

XVIII ғасыр қарсаңында батыс Моңғолияны өзіне қаратқан Қытай 1715 жылы Шығыс Түр­кіс­танды жаулап алды. Екі бүйірден қысқан алпауыт империялар Ұлы далаға жақындап қалғанда Қазақ хандығының ішкі факторларға басымдық бере дамуы, әрине, болашақтағы стратегиялық ұтылыстың алғышарттарын қалап берді.

Үш жүздің билеушілері Ресей мен Қытайдың Қазақ еліне, мемлекетіне, тәуелсіздігіне қатер төндірерін білді. Бірақ, табиғи-ырғақты негізде пісіп-жетілген үдерісті – үш жүздің басына үш­ хан­ның келуін тоқтататын, ең болмағанда уақыт­ша­ тежейтін қарсы күш шықпады. Бұл Қазақ хан­дығын мейлінше күшейткен әз Тәукенің де қолынан келмеді.

Тұтас қазақ мемлекетінің үш жүзге бөлінуі, 1723-1726 жылдарғы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама», 1731 жылдан Ресейге бодан­дық­ты қабылдау дәстүрлі билік жүйесінің әлсі­реуін тездетті. Ұлттық мемлекетте билік жүйесі дағдарысқа түскенін Барақ сұлтанның Кіші жүздің ханы Әбілқайырды 1748 жылы өлтіруі, оның орнына орыс әкімшілігінің айт­қа­ны­нан шықпайтын Нұралының хан сайлануы да дәйектей түседі. Империялық «бөліп ал да,­ би­лей бер» саясаты іске қосылды. «Кіші жүздің ханы Нұралы қазақтардың ханы болып бекі­тіл­генде, қандай да бір жүздің аты аталмаған болатын, – деп жазыпты ІІ Екатерина патша 1778 жылғы 21 қыркүйекте, – Мұның мәнісі – Нұралы Орта жүзді өзіне қаратуға күш салсын деген ниетіміз еді. Алайда оның қолынан мұндай іс келмегені былай тұрсын, ол өзінің Кіші жүзінде де ешқандай лауазым-шені жоқ өзге сұлтандар мен ел ағаларының үстінен билігін асыра алмай отыр»

Шығыс Түркістанды бағындырып, Жоң­ға­рия­ны жер бетінен жойып жіберген импе­ра­тор­лық Қытай қазақтармен тікелей байланысқа шығумен тәуелсіздікке қауіпті ұлғайтты. Түрлі сылтаумен қыр көрсетіп, билік жүйесі орта­лық­тан­баған Қазақстанға қысымды күшейте түсті, шығыстағы біраз жерді өзіне қаратып алды. Қытай факторынан алыстағы Нұралы хан да мазасызданғаны – тарихи факт. 1757 жылы Қытай әкімшілігі Абылайға жолдаған хатында кімнің кім екенін ашық жариялайды. «Егер сендерге моңғолға жасағандай ішкі жасақ тәр­­ті­бін қолдансақ, – делінген хатта, – қысым көріп қала­сыңдар. Демек, бұрынғы қоғамдық салт-жүйе­леріңде бола беріңдер… Ал сенің елшің бізге жеткізген: «Тарбағатай тегінде біздің байырғы жайлауымыз еді, сол жерді патша бізге берсе»,-деген сөзге келсек, бұл жерлер жаңа ғана тыныштандырылған. Әлі иен жатқан өңір. Патша, әсілі, ол жерді сендерге қиып бере салушы еді, бірақ сендер бізге еңбек сіңірген жоқсыңдар, ебін тауып ел болып алғансыңдар». Қоқан-лоққы кейінде жалғаса берді.

Әйткенмен, көзінің тірісінде Абылай ханмен императорлық Қытай да, патшалық Ресей де есептесті. Ол билеген аумақта мемлекет ісіне өк­тем­дігін жүргізе алмады, Қазақ хандығын сақ­тау­ды бәрінен жоғары қойған ұлттық мұратты сындыруға мұршасы жетпеді. Бұқар жыраудың Абылай хандық құрған соңғы жылдарды:

Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай,
Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай
Үш жүзден үш кісі құрбан қылсам
Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай, –
деп сипаттауында, ал академик В.В. Бар­толь­д­тың «Самым могущественным из ханов XVIII в.­ был хан Средней Орды Абылай» деген жолда­рын­да терең мағына жатыр.

Қалай дегенмен, жантүршігерлік әрі қанкешу XVIII ғасырдағы қазақ мемлекеттілігінің ең осал­ же­рі хандық орталық билік пен жергілікті өзін-өзі басқару арасындағы байланыстың һәм­ ба­ғы­ныш­тылықтың бұзылғанында жатыр. Бір орта­лық­қа бағынған ұлттық мемлекетке тән­ соңғы іс-шаралар 1726 жылы Ордабасын­да, 1730 жылы Аңырақай шайқасының алдын­да­ үш жүз билеушілерінің бас қосуымен, жоң­ғар­ларға бірлесе тойтарыс беру стратегиясын анықтауымен аяқталды. Бұдан кейінгі уақытта баршаға міндетті, «Жеті жарғыдай» пәрмені бар мемлекеттік құжат туындаған емес.

Қазақстанды қол астына өткізуді көксеген Қытай да, Ресей де билік пен билеушілерді өз ырқына көндіруге барын салды. Хан мен оның айналасындағыларға өңірлердегі өзін-өзі бас­қа­рып­ отырған сұлтандарды, би-батырларды, рубасыларды қарсы қоюда Ресей билеушілері әбжілдік танытты. Орта жүздің ханы Әбілмәмбетті Кіші жүздің ханы Әбілқайырмен дүрдараз қылуға, Құл­са­ры мен Құлеке батырлар арқылы бүкіл Атығай баласын Абылайдан алыстатуға, Барақ сұлтанды империя мүддесіне пайдалануға аян­бай­ күш салды, нәтижесіз де қалған жоқ. Бұл сая­сат үзілмей жалғаса берді. Мәселен, 1742 жылы Орынбор комиссиясының бастығы И.Неплюев Ресей сыртқы істер алқасына жол­да­ған мәлімхатында орта және Кіші жүз билеу­ші­лерін қалай, кіммен алмастыру жоспарын дәйек­тепті. «Әбілмәмбет хан жоғарыдағы себеп­тер­мен біздің қарауымыздан ашықтан-ашық мүлде шығып кететін болса, ханды және оны екі жүзде де қолдаушыларды сатқын деп әйгілеу керек; оны хандықтан тайдырып, лауазымынан айыру керек… Әбілмәмбеттің орнына Орта жүздің ханы етіп, Ресейге кейінде ант берген Барақ сұлтанды жариялап жіберуге болады… Ал,­ Барақ сұлтан да Әбілмәмбетті қолдап, Ресей­ бодандығынан бас тартатын болса, Батыр сұл­тан­ды­ хан жасауға болады… Тіпті, Батыр сұлтан да Әбілмәмбетке еріп Ресейге қырын қарайтын болса, онда Әбілқайырдың ұлдарының бірін Орта жүзге хандыққа қоюға болады. Орта жүзде де­ Әбіл­қайыр ханды және Жәнібек тарханды қол­дай­тын, көпке белгілі, ықпалды адамдар да аз емес… Сондай-ақ, бәрінің арасын тыныштанды­рып,­ екі жақты тең ұстап отыру үшін Жәнібек тар­хан­ның беделін пайдаланып отырған жөн», делінеді құжатта.

Арада 37 жыл өткенде Ресей патшасының Орынбор губернаторына жіберген жарлығынан жымысқы саясаттың жалғаса бергенін көреміз: «Орта жүз ішінде Абылайдың беделін түсіру үшін, оған «бақталас» біреу іздеп тауып, ондай адамды үкімет тарапынан қолпаштап отырған жөн…­ Өйт­кені, бұл «жыртқыштан» қауіп күшті».

Осы тектес айла-шарғыны Қытай жағы да қол­да­нып жатты. Абылайдың көзі тірісінде отар­лау­шы­ның қулығы өтпеді. Азаттық үшін жан­та­лас, Отанды қорғау жолындағы соғыс халық ара­сынан ұлы тұлғаларды туғызды. Ендеше, билік вертикалы мен мемлекеттік басқару аппараты замана талабына жауап бере алмаған ортада тәуелсіздік мұратының салтанаты үшін Абылай тындырған асқаралы істің маңдайалдысына ұлт­тық­ элита шоғырын қалыптастыруға септесуін жат­қыз­ға­нымыз жөн. Ұлы билеушінің айналасына­ әйгілі билер (Қазыбек, Байдалы), жыраулар (Бұқар, Үмбетей), қолбасшылар мен батырлар (Қабанбай, Бөгенбай), өнерпаздар, білімпаздар, ше­шен­дер топтасты. Олардың кемел ақылы мен­ қай­рат­кер­лігіне сүйенбей, Абылайдың Абылай атануы екіталай еді. Патшалық Ресей қорық­қан­ «қауіпті» Абылай хан дүниеден озған соң, Қазақ мемлекетін басқару жүйесін қирату жедел­де­ді. 1801 жылы Батыс өңірде құрыл­ған­ Бөкей хандығы отарлаушы әкімшіліктің құзы­рын­да болғандықтан оның мәртебесі номи­нал­ды сипатта сақталды. 1822 және 1824 жыл­да­ры қабылданған Сібір қазақтары, Орынбор қазақ­тары туралы Жарғылар бойынша Орта жүз бен Кіші жүздегі дәстүрлі хандық басқару инсти­туты жойылды. Ұлы жүз Қоқан және Хиуа хандық­та­ры­ның қол астында қалды.
Жинақтай айтсақ, 20 жасынан додаға кіріп, жарты ғасыр аттан түспеген Абылай бар қай­ра­тын­ салғанмен бір орталыққа бағынған Қазақ хан­дығын құра алмады, оған үш Жүзге бөліну үдерісі, жат елдердің кесе-көлденең тұруы мүм­кін­дік бермеді. Билік жүйесін, мемлекетті орта­лық­тан­дыру қилы заманда тәуелсіздікті сақтау­дың басты шарты екенін жақсы түсінген Абылай хан тағында отырып та осы жолдан таймай­тынын Ресей патшасы ІІ Екатеринаға жолда­ған хатында ашық білдіреді: «Менің аталас туыстарым Әбілқайыр мен Әбілмәмбет хандар өмірден өтті,- делінген екен хатта,- Олардың ізін басқан маған хандық кезек келді. Олар қайтыс болғаннан кейін қазақтың үш жүзі –Ұлы жүз,­ Орта жүз және Кіші жүздің хандары мен сұл­тан­дары, Ташкент пен Түркістан аймағының үлкен-кішісі тілек қосып, 1771 жылы Түркістан қала­сында, біздің мұсылман жұртының әулиесі Қожа Ахмет зиратының басында, өз дәстүріміз бойынша құран ұстап, қол жайып, мені қазақтың үш Алашының ханы етіп, ақ киізге көтерді». Абылай қала салуды, халқын отырықшылыққа көші­ру­ді армандаған екен. Бұл да орталықтанған мемле­кет тұсында шешілетін міндет еді.

Алайда отарлаудың арты қазақ қоғамының іші­не жік түсумен ұласып, кешегі тарихи даму нәти­жесі болып табылатын рулық, тай­па­­лық, жүздік құрылым этникалық тұтасуға, мем­ле­кет­тің қуатын арттыруға қызмет ету­ден қалды. Мемлекет – құқық – азамат ара­сын­­да­ғы, шаруашылық-мәдени кешендегі бай­­ла­ныс заңдылығы бұзыл­ған­дық­тан қазақ қоғамы тарихи–табиғи даму мүмкіншілігінен ажырап, әлеуметтік қатынас қым­-қуат қай­шы­лық­қа ұрынды. Бұл орайда­ керуен тонау­мен айналысқан Ботақанды жаза­ла­ғаны үшін Абылайға қарсы Қаракесек руының көте­ріл­ге­нінен ханның қатыгездігін, қаны­пе­зер­лігін іздемеу керек. Қайта XVIII ғасырдың аяқ кезеңін­дегі қазақ қоғамы бұрынғы саяси тұтас­тықты жатсынғанын, кімнің болсын жеке дара билік жүргізуін қабылдамағанын ұққан жөн.

Елдің тағдыры, халық болашағы қылыш үстін­де қыл­пыл­даған тұста жұдырықтай жұмылған күшті мемлекеттік билік, тәуелсіздік мұратына шек­сіз адал әрі харизмасы мейлінше өткір билеу­ші керек екендігі Кеңестер Одағының ыды­рауы, Қазақстан азаттығының алғашқы жылда­ры тағы дәлелденді. 1995 жылы парламенттік-пре­зи­дент­тік билік түрінен Президенттік билікке көшуіміз жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан мемлекетін құруға серпін берді. Бұл Абылай арманының жүзе­ге асқан сәті еді. Қазақстан Республикасы Прези­денті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына биыл­ғы жолдауында үлкен мақтанышпен айтыл­ған­дай, «біз осылайша аз жылда абыройы артқан айбынды елге, қуатты ұлтқа айналдық». Алды­мыз­да атқарылар қыруар істер бар. Баршамызды Абы­лай рухы қолдай берсін!

Ханкелді Әбжанов,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button