Қоғам

Адам жанының мүсіншісі



«Асылы, адам – өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап бояуға, оған ажар түр беруге, әшекейлеп, өрнектеуге еңбек етеді». Ғабит Мүсірепов­тің осы аталы сөзі бүгінгі менің әңгімемдегі өзінің өнегелігімен жә­не жақсы қасиеттерімен өз маңайындағыларына және болаша­ғы­­­на сенімділік ұялата білетін білгір тұлға, генерал-майор Марат Сералы­ұлы Нагумановқа тікелей қатысты. Отанын қорғауды таңдаған үлкен жүректі, жаны жарқын адам Целиноград облысының «Гвардеец» аталған егін шаруашылығы совхозынан әскерге шақырылған ол ­өмір жолын сарбаздан бастап генерал шеніне дейін жетті.

Әсіресе, комсомол мүшесі Марат Нагуманов өзінің азаматтық борышын атқаруға кетіп бара жатқан митингіде: «Гвардеец ауылынан армияға аттанған жігіттер нағыз гвардияшылар сияқты қызмет атқарады» деген сөзі ауылдастарының есінде қалды. Оның жауынгерлік адал еңбегі туған еліміздің басшылығы және әскери қолбасшылығы еленіп, оған «Адал қызметі үшін» ордені берілген, бірақ Марат Сералыұлы өзінің сарбаз кезінде алған «За воинскую доблесть» медалін ерекше құрмет тұтады. Сол кездегі оның замандастарына тән қасиет – өз мақсаттарына жету үшін жеңіл жол іздемей, тек өз еңбегімен жету болатын. Қолында әскери училищесінің қызыл дипломы бар Марат аға Ресейдің Новочеркасск қаласынан Қытай шекарасына қызмет етуге аттанады.
– Расында, мен қызмет атқа­руға келген Жалаңашкөл аума­ғында тыныштық болған жоқ еді. 60-жылдардың аяғы мен 70-жылдардың басында Қытай және Кеңес Одағының шекарасында Қиыр Шығыстағы, Орта Азияның учаскелеріндегі Жалаңашкөл және Даманск аралы аумағында қаруланған шекаралық шиеленістер болып тұрды. Бірақ мен сол кездегі барлық құрдастарым сияқты әкелеріміз бен ағаларымыздың ерлігін дәріптеп өскендіктен болар, қауіптілікті ойламадым. Керісінше, біз қажетті жерде болмай қаламыз деп қорықтық. Қауіпті жерлердегі қызметті біз батылдық емес, борышымыз деп қабылдадық, – деп есіне алады Марат Сералыұлы.
Бәлкім, отаншылдық – өз Отаныңды қорғауға деген талпыныс, ел үшін өз өмірін қию, сол кездегі замандастары – капитан Бубенин, сержант Бабанский сияқты Кеңес Одағының Батырларындай ерлік жасауды мақсат еткен шығар. Олар бұл атақты мемлекеттік шекараны қорғау кезінде алған болатын.
Марат Сералыұлының айтуынша, Даманск аралын қытайлар «Чжаньбао», яғни «Асыл арал» деп атайтын көрінеді. Аралдың ұзындығы – 1500, ені – 500 метр. Ол жылдары шекара белгісі тартылмаған көрші елдің азаматтары аң-құс, балық аулауға келіп жүретін.
– Әлі есімде, – дейді Марат ағамыз, – түнгі сағат 22.00 кезінде аспан жерге түскендей жарқылдады, сол кездегі құпия қару «Градпен» атқылап, қарсыластарға орасан шығын келтірді, жерді шөп шықпастай етіп, қара тасқа дейін күйдіріп жандырып жіберді. Кейіннен екі мемлекет мәмілеге келіп, ел басшыларының келіссөздері арқылы кеңес-қытай шекарасы қайтадан қаралды. Сонымен бірге, біз жауыз дұшпанды жеңген, сұрапыл соғысты бастарынан өткерген, мақтанышымыз болған ата-әкелерімізді үлгі тұттық. Біздің сол әкелерімізге ұқсағымыз келді.
Генерал ағамыз жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуде үлгі-өнеге көрсету маңызды деп есептейді. Ол үлгі-өнеге тұтуға лайықты тұлғалар мен батырлар қазақ халқынан көп шыққан. Соның бірі – Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов. Егеменді еліміз­дің алғашқы жылдарында қазақ­стандық жас әскерді басқарды. Ол кісі Ұлы Отан соғысының – Ұлы Жеңістің сарбазы болған соң, біздің жас әскерді сол кезде сеніп тапсырды, ал нағыз генерал ретінде адалдықпен өзінің әскери парызын атқара білді. Марат Сералыұлы Сағадат Нұрмағамбетовтің өне­гелі өмір жолын, ерлікке толы ғұмырын барлық мектептердің, университеттердің «Қазақстан тарихы» бағдарламасына енгізу қажет деп санайды. Марат Сералыұлының басты қасиеттері – парасаттылық, жігерлілік, еңбексүйгіштік, ер­жүректілік, батылдық, ең бастысы, адамдарға деген айрықша әсер ететін ілтипаттылық. Меніңше, оның осы қасиеттері қарапайым тамаша адам ретінде тәрбиелік құрылымдарда жақсы атағын шығарғаны сөзсіз.
Марат ағамыз 90-жылдардың басында кеңес өкіметінің ыдырап, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, қиын да күрделі жағдайда мемлекеттілікті қалыптастыруға үлес қосты, ол кезде еліміздің алғашқы Қарулы күштері құрыла бастады. Егеменді елдің әскерін ұйымдастырып, басқару үшін біздің әскерімізге мықты басқарушылық тәртіп қажет болды. Оны орындау үшін әскери мамандар керек болды, ағамыз өз жүрегінің қалауымен елге оралды.
Содан 1992 жылдан бас­тап Қарулы күштердің саласында тәрбие және құқықтық жұмыстармен айналысты.
– Сол кездерді ерекше сезіммен еске аламын және алғашқы Қарулы күштердің құрылуына қатысқан тағдырыма шексіз ризамын, – дейді ағамыз.
Қарулы күштерге келген күннен бастап Марат Сералыұлы өзінің іскерлігін және әскери-саяси және тәрбие жұмысын ұйымдастыру қабілетінің жоғары екендігін таныта білді. Маңайына тек іскер офицерлер жиналды. Уақытпен қатар жүру, заман талаптарына сай болу үшін жұмысқа жанын салып, тәжірибесі мен білімділігін көрсете білді. Әскери қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы­ның жақсаруына атсалысты, қолынан келетін көмегін аяған жоқ. Сол кездегі бірегей және дарынды әскери қолбасшылармен бірге жұмыс істеген алғашқы күндерден бастап мен үшін және Қарулы күштердің барлық жеке құрамы үшін өз Отанына адал қызмет етудің жарқын үлгісі болды.
Жеке дара қатынас, біреудің келелі мәселесін көре білу және оның тағдыры туралы дұрыс шешім қабылдау – зор мәртебе. Атап айтқанда, генерал Марат Нагуманов «тәрбие – отаншылдық дамудың маңызды құралы» деп есептейді. Ғұлама ойшыл, философ Аристотель: «Егер де аяқ киім тігетін кебісші жаман жұмыс істесе, сол елдің бірнеше азаматтары нашар аяқ киім киеді, егер де сол елдің тәрбиешісі жаман жұмыс істесе, ол елдің бүкіл ұрпағы надан болады» деген. Сонымен, қазіргі жас­тарымыз жаһандану дәуірінде мәдениетті, өнерлі, білімді, рухани байлығы жоғары болса, онда еліміз тез дамиды, шешуші бағыты дұрыс және іргесі берік, еңсесі биік болады дейді генерал.
– Бүгін жастармен әскери-тәрбие жұмысы өз маңыздылығын, өзек­тілігін жоғалтқан жоқ, керісінше, үлкен мағынаға ие болды, – дей­­ді тағы да Марат Нагуманов. Сондықтан біздің Қарулы күштердің ардагерлер бірлестіктері орындайтын ең басты міндеттердің бірі ардагерлерге қамқорлықпен байланысты болса, бұдан өскелең ұрпақ тәлім мен тәрбие алады. Қазақстандық отаншылдық рухы қалыптасады, өз Отаны алдындағы борышын сезіну және оның мүдделері мен қауіпсіздігін адалдықпен қорғау қажеттілігін бойына сіңіреді.
Біздің түсінігіміз бойынша ең басты мақсат – отаншылдыққа тәрбиелеу, кешенді бағдарлама әзірлеу және ендіру. Елбасы – Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мынадай тамаша сөзі бар: «Егер ел барар бағытын және қайда тоқтарын білмесе, ешқандай жел оңынан соқпайды». Қарулы күштердің басшылығы Марат Нагумановтың әскери және өмірлік тәжірибесін ескере отырып, оны әскери-пат­риоттық тәрбие секторына жауап беретін әскери-техникалық мектеп директоры орынбасарының лауазымына 2013 жылы ұсынды.
Оның әрқашанда тапсырған жұмыстарға аса зор жауап­ты­лық­пен қарай­тындығын дәлдеп айтқым келеді. Ол бүгінгі күні, өзінің 70 жасында ең күрделі істі мойнына алуға қабілетті және дайын екендігін, оларды белгіленген мерзімде, өте тығыз уақытта да орындай алатындығын көрсетті. Марат Сералыұлы – энтузиаст адам, ұдайы өзінің білімін жетілдіріп отырады және оны бізбен және басқалармен өмірлік тәжірибесімен шын көңілмен бөліседі. Оның сөйлеген сөздерін оқушылар мен студенттер, ардагерлер, оқытушылар, азаматтық және әскери ғалымдар да ризашылықпен, қанағаттанарлық сезіммен қабылдайды. Оның Қазақстан Республикасының азаматтарын отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған жасам­паздық, шығармашылыққа толы толыққанды күш-қуаты әлі де толысқан шағында.
Жылдам алып тынысын,
Елден тауып ырысын,
Жалғыз өзі жасайды
Жүз адамның жұмысын! – деп ты­­нымсыз тіршілікте, Абай айт­қандай, ақырын жүріп, анық басып арамызда жүре беріңіз. Еңбегіңіз далаға кеткен жоқ. Еңбекқорлығыңыз, талпынысыңыз, ізденім­паз­ды­ғыңызбен жастарға күнде­лік­ті тәрбие беру ісінде абыройға бөленіп жүрсіз. Міне, 50 жыл бойы адамның сыртқы кейпін ғана емес, ішкі толқынысын қапысыз бейнелейтін, өскелең ұрпаққа жоғары патриоттық сезіммен өз елінің мақтанышы болу, Отан қорғаушылық мақсатында жұмыс істеп жатқан ардақты ағамыз, Сізді адам жанының мүсіншісі дейміз. Әсіресе, құрметті генерал-майор Марат Сералыұлы Нагуманов, Сізді 2018 жылғы 7 мамырдағы – Отан қорғаушылар күнінде 70 жасқа толған мерейлі белесіңізбен шын жүректен құттықтаймыз!
Марат ағамыздың жетек­ші­лігімен Қарулы күштерде тәрбие және идеологиялық жұмыстар бо­йынша талай офицерлердің тұтас буыны шыңдалып шықты. Олар өз әскери міндеттерімен Отанымызға қызмет етіп, ел руханиятына зор үлес қосуда.
Иә, абзал ағадан үйренгеніміз көп. Жүрегінің тазалығы мен жастарға деген қамқор пейілі – біз үшін мақтаныш. Бүкіл өмірі және еңбек жолы әскермен тығыз байланысты.
Генералдың бүгінгі шыққан биігі – өскелең ұрпақ пен Қарулы күштердің әскери қызметшілеріне үлгі-өнеге.

Қуаныш ТӨЛЕУБЕКОВ,
офицер-идеолог, полковник 




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button