Басты ақпарат

Астанадан – ақ тілек

 Бас қаланың 20 жылдығына орай елорданың шығармашылық ұжымдары ел аймақтары тұрғындарына «Астанадан ақ тілек» атты мерекелік бағдарлама әзірледі. 

Астананың мәдени күндері өңірлерде 12 мамыр күні басталып, қыркүйектің соңында аяқталады. Бейсенбі күні астаналық бір топ өнерпаз «Нұрлы жол» вокзалынан аймақтарға аттанды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірлер елорданың 20 жылдығын мерекелеуге белсенді қатысып жатыр. Елдің бүкіл қалалары мен облыс орталықтарында мерейтойлық датаға арналған түрлі шаралар өтуде. Өңірлердегі Астана күндері бұл мерекенің ажырамас бөлігі болып табылады.
Астаналық өнерпаздар жазда Қазақ­станның 16 қаласында болып қайтады. Онда ең үздік театрландырылған және цирк қойылымдары, көркемсурет көрмелері көрсетіледі, гала-концерттер, спорттық жарыстар тағы осы сияқты шаралар өткізіледі» деді Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.
Елордадан «Сарыарқа» халық музы­касы және «Шалқыма» халық биі, эстра­­далық би ансамбльдері, Ғазиза Жұбанова атындағы ішекті аспаптар квартеті, «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі, Камералық хор, «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы, қаланың Мемлекеттік академия­лық филармониясының үрмелі және қазақ оркестрлері өңірлерде гастрольдерді өткізеді. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Қуыршақ театры, «Жастар» театры және «Наз» би театры өздерінің үздік қойы­лымдарын ұсынады. Әр ұжым жанры бойынша әртүрлі толыққанды концерттік бағдарлама дайындап, көрермендерді тәнті етпек.

Тәуелсіздік сарайының ұжымы еліміз­дің өңірлерін «Елбасы-Елорда» атты көрмемен ара­лайды. Астаналық цирк те қызықты шоу көрсетеді. Спортсүйер қауым да назардан тыс қалған жоқ. Астананың мәдени күндері аясында түрлі өңірлерде жас жүзгіштер, гандболшылар, дзюдошылар, хоккейшілер, кикбоксшылар, балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілері арасында матчтық және жолдастық кездесулер өткізіледі.
Ең алдымен астаналық шығармашы­лық ұжымдар өңіріне ат басын тірейді. Бірінші концерттер, спектакльдер мен көрмелер 12-28 мамыр аралығында
Ақтөбе, Орал, Ақтау және Атырау қалаларында өтеді.
Атап айтқанда, бүгін Ақтөбеде
«Астана – Ақтөбе облысы аймақаралық ынтымақтастық» бизнес форумы өтеді. «AstanaInvest» қалалық инвестицияны дамыту орталығының өкілдері Астананың инвестициялық мүмкіндіктеріне қатысты әлеуетті жобаларды көрсетеді. Сондай-ақ, келешекте Ақтөбе қала­сын­да ашылатын Астана саябағының капсуласы қаланады.
Кейін елордалық мәдениет қызметкерлері Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарына барады. Онда гастрольдер 2-22 маусым аралығында ұйымдастырылады.
14 және 15 шілдеде Павлодар, ал 17-18 шілдеде Семей және Өскемен қалаларының тұрғындары Астананың мәдени бағдарламасын тамашалайды.
Бұдан әрі астаналық әртістер оңтүстік өңірлерге барады. Шілденің 25-інен тамыздың 3-іне дейін Жамбыл, Оңтүстік Қазақ­стан және Қызылорда облыстарында болады. 18-19 қыркүйекте Алматы облысына жетеді. Елордалық өнер ұжымдарының Қазақстан бойынша гастрольдері Алматы қаласында түйінделіп, Алатау баурайында 22-24 қыркүйек күндері гала-концерт өтеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button