Басты ақпаратЕл тынысы

Әлемдік діндер діңгегі



Халықаралық қоғамдастық пен әлемнің көптеген елі үшін үлгі бола алатын ұлыс­аралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісіне Қазақ елінің жаңа астана­сының төрінде куә болдық. Бүкіл тарихында аса ұлы өркениеттердің ізі қалған және мәдени мұраларының тоғысу орталығы ретінде де әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үлкен жиыны елордамызда өтуі заңдылық еді. Дінаралық және конфессияаралық үн қатысудың бірегей алаңы – әлемдік деңгейдегі форум бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.

Тарихқа жүгінсек, 2003 жылғы 13 ақпанда діндер, мәдениеттер мен өркениеттерді жақындастыруда маңызды рөл атқарған Халықаралық бейбітшілік пен келісім конференциясында ­Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу бастамасы көтерілді. Арада 10 айға жетер-жетпес уақытта Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы съезі Н.Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылғы 23-24 қыркүйек күндері Астанада өтті. Үш жылда бір рет өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бүкіл әлем қоғамдастығының назарын аударып отырған бірегей оқиғаға айналды.

Астанадағы алғашқы діни форумның жұмысына ислам, христиан, иудаизм, синтоизм, индуизм, буддизм діндерінің ең беделді өкілдері қатысты. Адамзат тарихында алғаш рет ірі діни қауымдас­тықтардың өкілдері бір жерде бас қосты. Съезде христиандықтың барлық тармағының – православиенің, католицизмнің, протестанттықтың өкілдері болды. Жиын өркениетаралық және мәдениетаралық диалогтың жаһандық үдерісіне зор үлес қосты және әлемге әртүрлі діндер мен ұлттардың адамдарының болашағы, бейбіт және лайықты өмір игілігі үшін ынтымақтастық идея­сына балама жоқ екенін көрсетті.

Бірінші съездің қорытындысы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары қабылдаған декларация болды, онда конфессияаралық диалог халықтар мен ұлттар арасындағы бейбітшілік пен келісімді ұстап тұрудың, өркениеттер арасындағы диалогты ілгері жылжыту жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін ұстап тұрудың маңызды құралының бірі ретінде қаралды. Съезд қатысушылары жаңа мыңжылдықта бейбітшілікті қамтамасыз ету мақсатында рухани құндылықтар мен мәдениет диалогын ілгері жылжыту ісінде ынтымақтастықты жақтайтынын қуаттады. Олар діни әртүрлілікті өшпенділік пен алауыздықтың құралы ретінде пайдалануға жол бермеу, діндер мен мәдениеттердің жаһандық жанжалын болдырмау үшін барлық күш-жігерін жұмсауға әзір екенін білдірді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезі Астанада арнайы салынған ғимаратта – Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. ІІ съезде Н.Назарбаев алдағы жылдардың бірін «Діндер мен мәдениеттер арасындағы диалог жылы» деп жариялау туралы бастама көтерді. Бұл бастама БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-сессиясында қабылданған 2010 жылды «Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылы» деп жариялау туралы қарары негізінде жүзеге асты.

Съезд шешімдері Қазақстанда, сондай-ақ шетелдерде зор қолдау тапты, ірі халықаралық шараға айналды. БҰҰ Бас Ассамблеясының 63-сессиясында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 2009 жылы өтетін ІІІ съезін БҰҰ тарапының қатысуымен және техникалық көмегімен өткізу жөнінде қарар қабылданды.

ІІІ съездің басты тақырыбы діни көшбасшылардың рөлі болды, онда толеранттыққа, өзара құрмет пен ­ынтымақтастыққа негізделген әлемді құруда оларға ерекше үміт жүктелді.

IV съездің маңызды бастамасының бірі G-Global бірыңғай электронды порталы аясында жаһандық төзімділік пен сенімді қалыптастыру мен нығайтуға арналған интернет-ресурс құру болды. Кезекті төртінші басқосуға Бүкіләлемдік ислам лигасының президенті Шейх Абдалла бен Абдель Мухсин ­ат-Турки, Сауд Арабиясы Королінің өкілі, осы елдің Консультативтік кеңесінің төрағасы Абдалла әл аш-Шейх, әл-Әзһар мешітінің бас имамы Шейх Мухаммад Ахмад Ат-Тайеб, Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кирилл, Бүкіләлемдік ­лютеран федерациясының бас хатшысы Мартин Юнге және басқа да танымал дін басшылары қатысты.

2015 жылғы маусымда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі тақырыбына сай қабылдаған декларация қағидатының бірі әскери қақтығыстар тараптарын қақтығыстарды тоқтатуға, келіссөздер арқылы зорлық-зомбылықты тоқтату және бейбіт тұрғындарды қорғау туралы келісімдерді әзірлеуге шақыруға негізделді.

2018 жылдың қазан айында VI съезге қатысушылар «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем үшін» басты тақырыбына бірауыздан келісетінін білдіріп, мәдениеттер мен өркениеттердің жақындасу мәселелерін талқылап, жаһандық қауіпсіздік пен ­экстремизм, терроризмге қарсы іс-қимыл шаралары туралы пікір білдірді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі жұмысының қорытындылары өзара іс-қимылдың жаңа деңгейіне шығу қажет екенін көрсетті. Қатысушылардың декларация­сында барлық рухани көшбасшылар әлем қауымдастығына, халықтарына, мемлекеттеріне бейбітшілік пен қауіпсіздікке шақыратын үндеу қажет екені атап өтілді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі 2022 жылғы қыр­күйектің ортасында елордада өтті. Аталған форумда пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі кеңінен талқыланды.

«Қырғи-қабақ және өзара сенімсіздік жағдайы халықаралық қатынасқа қайта оралып жатыр. Заманауи сын-қатерлерге нені қарсы қоюға болады? Тарих бұған бір ғана жауап береді. Ол – ізгі ниет, диалог және ортақ күш-жігер. Табысқа жетудің басқа кепілі жоқ. Қазақстан кез келген даулы мәселені БҰҰ жарғысына сәйкес тек қана келіссөз үстелі арқылы шешуді үнемі айтып келеді. Туындаған қайшылықтарды күшпен, қорқытумен немесе санкциялармен реттеу мүмкін емес екеніне сенімдіміз. Мұндай сәттерде гуманистік идеалдарға жүгіну аса маңызды. Олардың басты қайнар көзі дәстүрлі діндер екені даусыз» деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button