Басты ақпаратБілім

Астанада қанша лагерь бар?

Кезекті оқу жылы аяқталып, оқушылар бүгінде каникулда жүр. Биыл Астана балалары үшін 155 жазғы лагерь жұмыс істейді. Бұл демалыс орындарында 200 мыңға жуық оқушы білім беру, шығармашылық, емдеу-сауықтыру, спорттық іс-шаралармен қамтылады.

Жазғы лагерь – балаңызды жаңа дос­тармен таныстыру, оның әлеуетін ашу, сенімді және өз бетінше шешім қабылдауды үйрену мүмкіндігі. Жазғы каникулда балалар шетелде, ауылда немесе ақылы лагерлерде өз демалыстарын өткізеді. Жалпы еліміз бойынша балалар үшін сауықтыру, білім беру, экологиялық, шығармашылық, спорттық, көшбасшылық бағдарламалары бар лагерлер жабдықталған.

АСТАНАДА ҚАНША ЛАГЕРЬ БАР?

Елордада 155 жазғы лагерь жұмысын бастады, оның 85-і – мектеп жанындағы, 68-і – мамандандырылған, 2-і – қала сыртындағы лагерлер. Биыл жазғы кезеңде 197 869 оқушы жазғы демалыстың барлық түрімен қамтылады, – деп хабарлады Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз қызметі.

Біз бүгін мектеп жанындағы лагердегі оқушылардың тыныс- тіршілігімен таныстыруды жөн көрдік.

Мектеп – оқушыға тек қана білім беретін оқу ордасы ғана емес, тәрбиелейтін орын. Әсіресе, үйінен, ата-анасынан алыс­тағысы келмейтін, достарынан ажырамайтын балалар көбіне мектеп лагерін таңдайды. 

ФЕРМЕРЛІК ЛАГЕРЬ

Астана қаласындағы С.Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейде ашылған мектепішілік лагерге 4 топтан құралған 600 оқушы қатысады. Жалпы мектепте 4800 оқушы, 235 ұстаз бар.

Балалар таңертең келісімен сапқа тұрып, таңғы жаттығуларын жасайды, кейін бір-бірімен ойнап, сосын тамақтануға барады, ән айтып, би билейді. Бірге тегін театрларға, бассейнге барады. Және де бұл лагердің басқалардан ерекшелігі – балалар жылыжайда көкөніс егіп үйренеді.

Елордада 155 жазғы лагерь жұмысын бастады, оның 85-і – мектеп жанындағы, 68-і – мамандандырылған, 2-і – қала сыртындағы лагерлер. Биыл жазғы кезеңде 197 869 оқушы жазғы демалыстың барлық түрімен қамтылады

– Болат Өтемұратов қорының демеушілігімен мектепте арнайы жылыжай ашылған болатын. Қараша айында алғашқы жылыжайымыздың есігі ашылды. Ең алғаш балалар арасында қияр, қызанақ, шалқан, сәбіз, картоп сынды көкөністерді қалай баптап-өсіру керектігін үйреттік. Олардың қызыққаны соншалық, жылыжайға күнде келіп, күтім жасап, көкөністердің топырағын қопсытып, олардың күніне қанша сантиметрге өсетінін бақылап жүр, – дейді «Бағбан бала» тобының жетекшісі Ермек Нұрғалиұлы.

Балалардың барлығы жайдарлы, достарымен қайта қауышқандарына қуанышты. Өздерінің еңбектеніп еккен көкөністерінің жемісін жеп отыр.

Неге мектеп лагерін таңдадың? – деген сұраққа балалардың біразы достарыммен бірге қызығырақ деп жауап берді.

ЭТНОЛАГЕРЬ

М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназияда «Ұлы дала ұланы» этнолагері бағдарламасы іске асырылды. Бағдарламаның мақсаты – оқушылардың маусымдық лагерін ұлттық құндылықтар негізінде ұйымдастыру. Бұл лагердің басқа демалыс орындарынан ерекшелігі – балалардың бойына қазақи болмысты қалыптастыру, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерімізді жаңғырту. Екіншіден, лагерь 4 мезгілде де жұмыс жасайды. Этнолагерь бағдарламасы 4 маусымдық «Жазғытұры», «Сарыжайлау», «Күзем», «Қыстау» бөлімдерінен тұрады.

Лагерде 11 топ бар, балалардың жалпы саны – 202. Мектепте 8 шеберхана бар. Әр шеберханада әртүрлі шеберлік жұмыстар жасалады. Алдымен, балаларға қауіпсіздік іс-шаралары түсіндіріледі. Лагерде ұлдар ағаштан қамшы, ал қыздар түрлі әшекей-бұйымдар жасап үйренеді.

«Саз өнері» балалар арасында өте танымал. Сазды арнайы Түркістан қаласынан алдыртады. Балалар құмыраны жасап болғаннан кейін, өздерімен бірге алып кетеді. Оның шығу тарихын, содан соң қалай жасалу керегін шеберхана иесі Тәуір Сейітбекұлы балаларға егжей-тегжейлі түсіндіреді.

Этнолагерь балалардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында жұмыс жасайды. Сергіту сәтінде балалар бес асық, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындар ойнап көңіл көтереді, мотивациялық фильмдер көреді. Музыкалық аспаптарда ойнап үйренеді. Тіпті балалар осы жерден қойды қалай сою керектігін, ұлттық тағамдар қалай жасалатынын үйренеді.

Балалар үшін логопед, психолог, дефектолог мамандары жұмыс жасайды. Олар ерекше білімді қажет ететін оқушылардың таным процесін дамыту үшін, түрлі ойындар ойнатады.

«Ұлы дала ұланы» маусымдық этнолагерінің бағдарламасы Қазақ халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігі, тарихы, мәдениеті, ауыз әдебиеті, өнері, ғылымы, ұлттық ойындары, ұлттық тағамдары және тән саулығы туралы тақырыптарын маусым бойынша түгел қамти отырып,  оқушылардың ұлттық болмысын қалыптастыруды мақсат еткен.

МУЗЕЙДЕГІ ҮЙІРМЕЛЕР

Жазғы демалыс кезінде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне оқушыларға кіру тегін. Сондай-ақ мұнда тегін сабақтарға жазылуға болады. Жазғы маусымда Астана күніне және басқа да мерекелерге арналған іс-шараларды өткізу жоспарлануда. «Музейдегі жазғы демалыс» жобасының мақсаты – балалардың жазғы бос уақытын дұрыс ұйымдастыру, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын таныстыру, өскелең ұрпақтың мәдениетке деген қызығушылығын ояту. Маусым кезінде мұражай мамандары интерактивті танымдық экскурсиялар, ұлттық және спорттық ойындар өткізеді.

КИІЗ ҮЙДЕГІ ЛАГЕРЬ

«Тұлпар» киіз үй лагеріндегі 7 күндік турдың құны – 25 000 теңге. Этникалық киіз үй лагері Ерейментаудың маңында, «Бұйратау» ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан.

«Тұлпар» лагерінің бағдарламасында: оқу, туған жерді тану, Қазақстан халықтарының ұлттық ойындар мен қолөнері, атқа міну, домбыра тарту, тағамдар әзірлеу, шеберлік сыныптары, команда құру ойындары, квесттер, театр­ландырылған қойылымдар, байқаулар, би кештері ұйым­дас­тыры­лады.

ШАТЫРЛЫ ЛАГЕРЬ

«Батыр» лагерінің 7 күндік туры – 25 000 теңге. Лагерь Астанадан 100 шақырым жерде, Ерейментау аймағында «Бұйратау» ұлттық табиғи саябағының аумағында орналасқан. Лагерь 6 маусымнан бастап 7 күннен жұмыс істейді, бір маусымда 160 бала қамтылады. Бағдарламасында: жаяу жүру, спорт эстафеталары, шеберлік сабақтары, квесттер, кешкі іс-шаралар, жарыстар, би кештері және тағы да басқа ойын-сауық бағдарламалары бар.

ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНДАҒЫ ЛАГЕРЬ

Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайының бір маусымдық турының бағасы – 25 000 теңге. Балалар үшін ағаш ою өнері, хореография, вокал, көркемсурет, спорт секциялары (жүзу, карате, шахмат) бар. 5 жастан 18 жасқа дейінгі әрбір мүдделі бала Mindal электрондық порталы арқылы «Ұйымға қабылдау және қосымша білім беруге қабылдау» мемлекеттік қызметін ала алады. Бүгінгі таңда үйірмелер мен секцияларда 920 оқушы тегін және ақылы негізде оқуын жалғастыруда.

«АҚКӨЛДЕГІ» ЛАГЕРь

«Arman»  және «Боровичок» 7 күндік турының бағасы – 42 000 теңге. Екі лагерде елордадан 100 шақырым жерде, Ақмола облысы Ақкөл қаласының жанында орналасқан. Лагердің бағдарламасы: әртүрлі жастағы балалардың ерекшеліктерін ескере отырып құрастырылған логикалық шытыр­ман оқиғалы квесттер, команда құру ойындары, шығармашылық шеберханалар, үйірмелер, туризм негіздерін үйрену, құзға өрмелеу, жарыстар, ойын-сауық, би кештері және тағы да басқа іс-шаралар ұйымдас­тырылған. Лагерь жұмысына педагогикалық ұжымдардың кәсіби жетекшілері қатысады. Іс-шаралар қазақ және орыс тілдерінде өтеді.

Санасын сабақтан арылтып, балалық шақтың аралында алаңсыз сайрандауды армандамайтын бала жоқ. Осы орайда лагерь – балалар демалысы үшін таптырмас орын. Демалысында интернеттен бас алмай отырғаннан, түрлі лагерлерге барып, білімін жетілдіріп, жаңа ортамен танысқаны жөн деп ойлаймыз!

Шынар ӘБИІР,

Гауһар АМАНГЕЛДІ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенттері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button