Басты ақпаратҰлт ұпайы

Маралтай: Жазмышқа сенетін жаратылыспын

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары әдебиет­ке бөлекше болмыс, ерекше екпінмен келген дауылды жүректің жырлары кім-кімді де бейжай қалдырмайтыны рас. Ақын, Қазақстан Жастар одағы және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Маралтай ­ЫБЫРАЕВПЕН әдебиеттің бүгіні мен болашағы туралы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– «Заманның заңғар ақыны Маралтай Ыбыраевпын!» дегеніңіз өзіңізді-өзіңіз бағалауды білдіре ме, я шынымен солай ма, қалай ойлайсыз? Жас кезіңіздің біразы пәтерде жүріп өтті. Осыған өкінбейсіз бе?

– Бұл құрбы-құрдастың арасында қалжыңдап айтылған сөз ғой. Бағаны уақыт пен халық береді… Жастық шақ пәтерде өтсе жақсы ғой, менің жастық шағым көшеде өтті. Оны менің замандастарымның бәрі біледі. Бір күн түнеп шығатын жерге зар болдық. Жазушылар Одағын паналадым. «Кеңсайға» бардым. Ақын ағаларымызды жағаладық. Барын алдымызға тосып, жанашыр қамқор пейіл танытқан сол ағаларымызға, үйіндегі жеңгелерімізге мың рахмет! Әйтпесе, бұл күнге жетер ме едік, жетпес пе едік. Кейде, Төлеген Айбергенов сияқты «Бір тойым болатыны сөзсіз менің!» деп айқайлап өлең оқығым келеді. Мен өзімнен үлкеннен де, кішіден де жақсылықты көп көрген адаммын. Олардың бәрі менің көңілімнің төрінде өмір-бақи тұра беретін болады. Солардың бәрін жинап, дастарқан жайып, рахмет айтқым келеді. Құдай қаласа, дәл солай жасаймын! Сол кезде көрген қиындықтың бәрі жұмыссыздықтан деп ойлаймын. Жұмысың болса, дәл олай қиналмайсың ғой. Жасыратыны жоқ, ол бір қиын уақыт еді. Біз көрген қиындықты әдебиетке енді келіп жатқан ұл-қыздарымыз көрмесе екен деймін.

– Өмірге қайта келсеңіз қай мамандықты таңдар едіңіз? Сіздей танымал ақын үшін биік қазына не?

– Өмірге қайта келуге мүмкіндік берілмейді ғой. Ондай мүмкіндік берілсе жас ғұмырын қор қылған, рәсуа еткен қаншама адам «құрулы тордан» айналып өткен болар еді. Алланың «жазуы» деген нәрсе бар. Мен соған иланам. Мен үшін ең биік қазына – елімнің амандығы!

– Қандай жас қаламгердің тағдырына қол созып, көмектестіңіз?

– Жасаған жақсылығымды, әсіресе жастарға жасаған қамқорлығымды санамалап айтып бере алмаймын. Себебі есімде жоқ. Жастарға жасалған қамқорлық гүлге құйған су сияқты, жаныңды жадыратады. Жастарға жасалған қамқорлық, түптеп келгенде, өзіңе жасалған қамқорлық. Егер менен «жас кезіңізде кімдерден жақсылық көрдіңіз?» деп сұраса мен іркілмей күнді күнге, түнді түнге жалғап айтар едім. Егер жастарға қамқорлық көрсеткен болсам, оны олардың өздері айтқаны абзал.

– Поэзия екі жол өлең құрастырғанның, әнге сөз жазатын тақпақшыл жандардың «ермегіне» айналды. Ішіңіз ашымай ма?

– Удай ашиды!!!

– Бір жақсы өлең үшін өміріңізді қияр ма едіңіз? Отбасыңызды әдебиеттен, әдебиетті отбасыңыздан биік қойған кездеріңіз болды ма?

– Ол шынымен шедевр болса, өміріңді қиюға болады.

– «Талант болу үшін бақытсыз балалық керек» дейді. Өмірдегі сәтсіздіктер сәтті шығарманың тууына себепші екенін мойындайсыз ба?

– Олай деп нақты байлам жасауға болмайтын шығар. Мысалы, менің балалық шағым жайдары, шаттыққа толы болды. Ата-анам, бауырларым қасымда. Үйдің кенжесі ретінде еркелігім толық «ескеріліп» отырды. Әке мен шешенің мейіріміне шомылып өстім. Алайда өзің айтқандай, өмірдегі кейбір сәтсіздіктер кейбір сәтті шығарманың жазылуына септесуі әбден мүмкін. Бұған көптеген мысал келтіруге болар еді.

– Жазушының жағдайын елі түзеуі керек пе, әлде жазушы елінің қамын көбірек жегені дұрыс па? Орыста «Таланттарға көмектесу керек, талантсыздар өздері-ақ бұзып-жарып шығады» деген тамаша мәтел бар. Осыған не дейсіз?

– «Елдің қамын ойла, сенің несібең елмен бірге» деген даналардың асыл сөзі бар. Біздің ел көнеден сөз ұстаған тұлғаларынан қай кезде де бұқараның арман-мұратына ұстын болар пәтуалы байлам күтіп үйренген. Бүгінде, бұл ретте бәрі бірдей болмаса да көптеген қаламгер халық күткен биіктен көріне алмай келеді. Бұл жерде түбі терең нәзік иірімдер бар. Елдің қамын жемейтін қаламгер болмайды. Өз кезегінде біздің жұрт дарынды ұл-қызын ешқашан шет қақпай қылмаған. Қара орман қазаққа «аң-құстың» бәрі бірдей.

– Жеңуді көздейтін мәдениеттің инерциясы қандай болуы керек деп ойлайсыз?

– Бізде сан ғасырлық сұрыптаудан өткен мәдениет потенциалы бар. Қазақтың дүниетаным, әдет-ғұрып, салт-санасы ғажайып мәнге ие. Қазақтың ас-суы, қонақ күтуі, киім киісі, көші-қоны, байтақ дала мен ғарышты соншалықты терең танып игеруі – адамзат руханиятына қосылған асыл қазына. Біз ұлттық өнер саласында да, спорт саласында да әлемге айтар сөзі бар елдің санатындамыз. Тек қана сол сан мыңжылдық тарихы бар ұлттық мәдениетімізді жетілдіріп алдыңғы қатарға шығаратындай қамқорлық пен ыждаһаттылық қажет. Бір ғана көкпарды олимпиада ойындарының қатарына кіргізе алсақ, күллі түркі жұртының болмысын әлем алдында айқындаған болар едік-ау…

– Маралтай ақын бір сөзінде «…Алайда қазір қолында ақшасы бар кез келген адам кітабын шығарып және оны жарнамалай алады. Бұл қауіпті. Әдебиет атқораға айналмауы керек» деді. Сол пікірде қаласыз ба?

– Кітап – қасиетті ұғым. Кітапта адам баласының ізгілік бастаулары топтасқан. Біз білетін адамзат тарихында дәл бүгінгідей кітапқа деген құрметсіздік орын алмаған болар. Мен бұл жерде парықсыз, биік танымнан ада қаптаған саны бар, сапасы жоқ «кітаптар» туралы айтып отырмын. Кітап дегенде біздің есімізге көктен түскен төрт кітаптан да бұрынғы кітаптар елес береді. Ең негізгі екі ұлы кітап бар. Ол – Жаратушы мен жаралушы..! Біз осы екі кітапты тауыса алмай келеміз…

Түрлі-түрлі ой түсірген санаға,

Тау да кітап, тас та кітап данаға.

Сонау құстар зау биікте  жөңкілген,

Құс жолының жырын оқып  бара ма?

Күн де кітап, гүл де кітап білгенге

Кемеңгерге айналдырар бір демде.

Адамзаттың өзі кітап емес пе

Екі дүния арасында жүргенде.

Су да кітап, нұр да кітап  көргенге

(Көре алмаған кеудесі көр  шерменде)

Кітабын да қоса берген

Жаратқан

Он сегіз мың бұл ғаламды  бергенде.

Мен кітапты Ана десем нанасың

От пен судан қорғаштаған  баласын.

Заман қанша жатсынғанмен

 Анасын

Бұзылмауға тиіс ұлы жарасым.

Азғындаудың шегіне жұрт  жеткесін

Ақын жүрек кімге айтады  өкпесін.

…Аяқ асты құсқа айналған  анадай

Кітап қайта көкке ұшып  кетпесін.

– Дәстүрлі сұрақ қазақ ұлтының ілгерілеуіне не кедергі?

– Бұл – жүз ойланып, мың толғанатын сауал. Мұның мыңдаған жауабы бар. Бұл – башалап баяндауды талап ететін тақырып. Ең бастысы, қазақтың өзі кедергі!

– Шындығында да мен үшін қызықты сұрақ: «Алдағы ғасырда кім оқылатын болады?»

– Шындық деген Құдайдың бір аты деп ойлаймын. Сондықтан да қай дәуір, қай ғасырда да шырқыраған шындықтың туы құламайтын болар. Сол әліптес шын, шынайы шығарма жерде қалмайды. Көркемдік, образ, форма шындыққа қызмет етуге тиісті.

– «Әдебиеттің 1 проценті ғана талантқа тәуелді, ал қалған 99 проценті білімге, үздіксіз жетілуге және еңбекке тәуелді» дегенге келісесіз бе? Кімдерді оқисыз, оқығыңыз келеді?

– Дулат Исабектің «Біздің жасымызда кітап оқымайды. Біздің жасымызда кітапты қайталап оқиды» деген қанатты сөзі бар. Қадыр Мырза Әли ағамыздың жұмыс кабинетінде алып құмырсқаның суреті ілулі тұрады екен деп еститінбіз. Құмырсқа – еңбекқорлықтың нышаны екені белгілі. Қадыр аға да шын мәнінде ерен еңбекқор болды. Ол кісінің жазу үстелінде беті айқара ашылған оншақты жазу дәптерлері мен ұқыпты ұшталған қарындаштар жиналып тұрады екен. Қадыр ағамыз жазу үстеліне отыр­ғанда қай жанрға ықыласы ауса сол бағытта қалам тербей беретін болған. Біз сияқты қаламын тістелеп, тұңғиық жанарын алысқа қадап ойланып отырмайды екен. Міне, сізге еңбекқорлық! Сондықтан да күңгірт ойға қомшаулық етпей тер төккен ләзім.

– Аға, ұрпақтың інілерге қандай өсиетін ерекше атап өтер едіңіз?

– «Оқы! Оқы және оқы!»

– Неге кеш қалдыңыз, неге өкінесіз, неге қуанасыз?

– Кез келген адам баласы өз танымының аясында ғұмыр кешеді. Осы тұрғыдан алғанда, сіз айтып отырған адами өлшемдер мені соншалықты толқытпайды. Мен жазмышқа сенетін жаратылыспын. Сондықтан кеш қалдым немесе уақытымнан озып кеттім деп шымқана оранып отқа қарап отыратын ылжыр жан емеспін.

– Атқарушы билік мәдениет пен әдебиетті дамытып, жекелеген қайраткерлерге жағдай туғызса, өнер иелері оларға қарыз сияқты сезінгені дұрыс па? Неге үлкен дарындардың біразы билік бастамаларының бәріне бірдей бас шұлғи береді?

– Жоғарыда осыған маз­мұндас сауал қойылды. Қал-қадерімізше жауап бердім деп ойлаймын. Атқарушы билік өнерге жасаған қамқорлығын міндет ету мәдениетті түрде айтқанда, мәдениетсіздік болып табылады. Бізде билік пен бұқараның арасы алшақтап кеткені жасырын емес. Қаламгер қауымы қай кезде де билік пен халықтың арасындағы алтын көпір қызметін атқаруға тиіс деп ойлаймыз. Бірақ бұл үміт көп жағдайда ақтала бермейді. Біздің халық қаламгерлерді баяғы Бұқар жырау мен Махамбет деңгейінде көргісі келеді. Өкінішке қарай…

– Фейсбуктегі Ғабиден туралы жазбаларыңызға не түрткі болды?

– Ғабиден аға туралы жазбамды әлеуметтік желідегі жұрт жақсы қабылдады. Себебі аз болса да ащы шындық айтылды. Өткен ғасырдың соңғы жылдарын көзімен көрген ұрпақ әлі сиреген жоқ. Адам бойындағы кісілік қасиет сарқылып бара жатқан тұста Ғабиден ағаның рухани болмысы әрбірімізге үлгі болуға тиісті еді. Мен өмірге екі мәрте емес, үш мәрте келсем де осы тағдырымды таңдаған болар едім. Себебі жазмыштан озмыш жоқ.

– Кекшілсіз бе, кеші­рімшілсіз бе? Өзіңізді кешіре алмаған тұсыңыз бар ма?

– Кешірімшілмін. Кек ұстай алмаймын. Ауырып қалам… Бірақ, кешірімшілдік өзіме келгенде жүрмей қалады. Өзін кешіре алмайтындай, өзін сыйламай кететіндей әрекетке адам бекер бармайды. Оның түрлі себептері болуы мүмкін. Кейде өз-өзіммен күбірлеп сөйлесіп жүрем. Бұрын бала кезде өз-өзімен сөйлесіп жүрген әкемді көргенде күлуші едім. Мүмкін, күбірлемей сырыңды ашық айтатын достың тапшылығы шығар бұл…

– Елуден соң дос азаяды, нағыз дос аз болатынына өкінбейсіз бе?

– Нағыз дос қай кезде де аз болған. Біздегі достық – сәлем-сауқат деңгейінде. Дос­тық деген – ұлы ұғым! «Достық кетті оңай боп, Дос деген құр атағы. Жолыққанда «қалай?» деп, Жымиғаны батады!» – дейді Жұмекен ақын. Расул Ғамзатовтың достық туралы жыры бар. Мендегі көңіл-күйді дөп басатын жырдың бірі – сол. Жоғалған пышақтың сабы алтын дейтіндей Әмірхан кеткелі көңілім қоңылтақсып қалды. Әмірхан тұрған үйге ескерткіш-тақтаны әрең қойғыздық. Әмірханның бюст-­ескерткішін дайындап қойып қарап отырмыз. Алматы қаласына ескерткішін қоюға тиісті орындар ұлықсат бермеді. Әмірханға алакөзбен қарамай-ақ сөзімізді айтар болсақ, ол бүгінгі Асқар Сүлейменов еді ғой… Өлген достың орны бейіште болсын. Ең жаманы – тірідей дос жоғалту. Құдай содан сақтасын! Бүгінгі күніміз Бауыржанға қарап тұр. Амал жоқ. Осыларды сақтау керек.

– Екі ғасырдан соң ақын Маралтайдың қай өлеңін ғалымдар талдап жатқанын қалар едіңіз?

– Егер Жер бетінде екі ғасырдан кейін өлең талданатын болса, онда Адамзат баласы шын ұшпаққа шыққаны ғой. Егер екі ғасырдан кейін Абай Құнанбайұлының кемеңгерлік қағидаттары өз мәнін жоймаған болса, онда біздің де шимай-шатпағымыз бір жерден табылып қалар деп үміттенуге болса…  Көңілге сол медеу, сол қанағат.

– Өмірдің мәні неде? Зейнетке шыққасын немен айналысамын деп ойлайсыз?

– Өмірдің мәні – өмірде!

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button