Басты ақпаратЕлорда тынысы

Әлеуметтік салаға басымдық



Астана қаласының 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті жобасында әлеуметтік сала шығыстары 258,3 млрд теңгені немесе бюджеттің 49 пайызын құрайды.

Қалалық мәслихаттың әлеу­меттік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында бұл туралы баяндаған Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев осы салаға жауапты басқармалардың алдағы үш жылдық бюджетіне тоқталды.

Жиын барысында олардың қажеттіліктері туралы айтылып, мәслихат депутаттары сауалдарды қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркеғали Кәрібозов жергілікті деңгейде спорттық жарыстарды өткізуге, әртүрлі спорт түрлері бойынша республикалық және халықаралық жарыстарға ұлттық құрамы мүшелерін дайындап, қатыстыруға қосымша қаржы керектігін айтты. Спортшылардың киімдеріне, құрал-жабдықтарына да бөлінген қаржы жеткіліксіз екенін атап өтіп, ғимараттарды жалға алуға, «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешеніне, «Артспорт» жобасына да қосымша қаражат керек екен.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб аталмыш басқарма 7,5 млрд теңге көлемінде қосымша қаржыландыруды қажет ететінін жеткізді. Соның ішінде қаладағы төрт Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының ғимараттарын жалға алуға, атаулы және мерекелік күндерге төлем жасауға, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүретіндердің жолақысын төлеуге, тісті протездеу қызметіне, мүмкіндігі шектеулі жандар мен ерекше қажеттіліктері бар балалардың бірқатар мұқтаждықтарына, тұрғылықты жері жоқ адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығын жөндеуге, жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінің жалақысын көтеруге қосымша қаржы керек.

Білім басқармасының басшысы Қасымхан ­Сенғазыев Күлтегін көшесіндегі 240 орындық балабақшаны сатып алуға, 8 білім нысанын күрделі жөндеуге, 72 мектепалды ұйымын абаттандыруға, балабақшаларды ағымдағы жөндеуге, мектептердің мұқтаждықтарына қосымша қаржыландыру керектігін жеткізді.

Мәдениет басқармасының басшысы Санат Шапашов «Наз» мемлекеттік би театрының көрермендер залын жөндеу­ге, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ұжымдарына жайларды жалға алуға, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры ғимаратын күрделі жөндеуді аяқтауға қосымша қаржы керек екенін айтты. Астаналық цирк жыл бойы жұмыс істеу үшін «Шапито» циркін сатып алмақ. Оған да қаржы қажет.

Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп Жазушылар одағының қалалық филиалы 50 кітап шығаруға қаржы сұрағанын айта келе, осы мәселе қосымша қаржыландыруды қажет ететінін жеткізді.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Алдабергенова 10 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеуге қосымша қаржы сұрады.

Осы орайда отырысты жүргізген мәслихат депутаты Азамат Айтхожин «Күйгенжар», «Мичурин», «Учхоз» тұрғын алаптарында медицина кабинеттері жоғын айта келе, бұл мәселені «Үй жанындағы дәрігер» жобасы аясында шешуді ұсынды.

Мәслихат депутаты ­Ерлан Дәкенов ескі №2 және №3 орта мектептерде спорт залдардың жоғын айтып, осы білім ошақтарының мәселесін көтерді. Депутат Бауыржан ­Жанқонақов Астананың Қуыр­шақ театрының ғимараты ­мәдени ошақ талаптарына сәйкес келмейтінін айтып, ­театрды кең ғимаратқа көшіруді ұсынды. Оған Санат Шапашов бұл мәселе қарастырылып жатқанын жеткізді.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button