Руханият

АХМАТОВАНЫҢ ӘЛЕМІ



dsc_0253

Ақын Анна Ахматова туралы баршамыздың хабарымыз бар. Ал суретші Райкүл Ахматова есімін естігендеріңіз бар ма? Жуырда Астана қаласының мемлекеттік мұрағатында ТМД-ның құрылғанына 25 жыл толуына орай көрме ұйымдастырылды.

Онда Бішкек қаласының мемлекеттік мұрағаты қорынан алынған құжаттар мен фотосуреттермен қатар, ЮНЕСКО жүл­десінің иегері, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қай­­раткері Райкүл Ахма­то­ваның жұмыстары жұрт­шылық назарына ұсы­нылды.

Көрмеге Қазақстан мен Қырғыз Республикасы ара­ларында әртүрлі хроно­логиялық кезеңдердегі тарихи қарым-қатынасты қамтитын фотоқұжаттар қойылған. Атап айтсақ, 1992 жылғы Бішкек қаласындағы Орталық Азия елдерінің және Қазақ­станның мемлекет басшыларының кез­десуі, 2001 жылғы Қырғыз Респуб­лика­сының астанасына
Қа­зақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары бейнеленген.

Суретші Райкүл Ахма­то­ваның шығарма­шылығын сөз етсек, елордадағы көр­меге оның 70-тен астам туын­дысы қойылды. Оның 20-дан астамы картиналар болса, 50-і – кәдесыйлар. Карти­налардың арасында «Бокелей атамның жастық шағы», «Балалық шағым­ның кітабы», «Пасха ара­лына арнау», «Мегаполис ырғақтары», «Ди­намикалық тепе-тең­дік», «Қысқы соната» сын­ды суреттердің бояуы көз тар­тады. Суретші өз шы­ғарма­шылығында кәдімгі киіз бен жібекті де қолданады. Көрмеге жиналған аталмыш техникада орындалған жұмыстарды да тамашалады.

Көрменің ашылуында сөз алған Астана қалалық мем­лекеттік мұрағатының директоры Балқия Баймағамбетова аталмыш көрме халықаралық деңгейдегі екінші шара екенін айтып, алғашқысы «Астана – Еуразия жүрегі» атауымен Омбыда ұйымдастырылғанын еске салып өтті. Сондай-ақ, Бішкек қаласының мемлекеттік мұрағатының директоры Жұмабай Бечеков пен Райкүл Ахматова сөйлеп, екі елдің бауырластығы, туысқандығы жөнінде әңгіме өрбітті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button