Қоғам

ЖАҢАРҒАН ӨҢІР, ЖАЙҚАЛҒАН МЕКЕН – ЖАМБЫЛЫМ

img_6257

Тарих үшін қас-қағым сәт саналатын тәуелсіздік алған ширек ғасырда еліміз елеулі жетістіктерге, толағай табыстарға жете білді. Төрт жағымызды түгендей отырып, төрткүл дүниеге атымызды таныттық. Қазақстан Республи­ка­сының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында алты құрлыққа атағымыз жайылды. Алыс-жақын шет елдермен, азуын айға білеген алпауыт мемлекеттермен қарым-қатынасымызды нығайтып, бағытымызды нықтай білдік. Арқа төсінде алты алаштың аспанға құлаш ұрған ажарлы Астанасы бой көтерді. Еліміздің барлық өңірі өркендеп, өсіп, жаңару үстінде. Ұлы Даламыздың әрбір бөлігі жарқын істерге толы десек, сәт санап жаңарған, жасарған Жамбыл облысында да еліміздің игілігі үшін жасалынып жатқан жемісті жұмыстар жетерлік.

Өнеркәсіптегі өнімді істер
Өнеркәсіп саласын алатын болсақ, бұл сала облысымызда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ қарқынды даму жолына түсті. Оған дейін тоқтап қалған өнеркәсіп орындарының дені іске қосылып, шағын кәсіпорындардың жұмысы қайта жанданды. Өнім өндіру көрсеткіші жыл санап арта берді. Атап айтар болсақ, өніп көлемі 1998 жылы 4,9 пайызды құраса, 2000 жылы – 5,2 пайызға, 2004 жылы 28,7 пайызға дейін өскен. Ал 2007 жылы бұл көрсеткіш 14,1 пайызға өскен.
2000 жылдары өңірдің химия өнеркәсібі саласына «Казфосфат» ЖШС келді. Осыған байланысты фосфор өндіру өндірісі артып, химиялық өнімдерді өткізу нарығы кеңейді. Қазіргі таңда аталған компания облыс өнеркәсіп өнімінің 23 пайыздан астамын өндірсе, экспортқа шығарылатын тауардың 70 пайыздан астамын қамтамасыз етіп отыр.
Тәуелсіздік жылдарындағы өңіріміздің тағы бір жетістігі – алғаш рет Амангелді кен орнында табиғи газ және газ конденсатын өндіру мен бензин шығаруды қолға алғандығы екені даусыз. «Химпром 2030» ЖШС базасында жаңадан «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС құрылса, «Жамбылгипс» АҚ-да гипсокартон шығаратын жаңа қондырғы іске қосылды. Сол сияқты осы жылдар аралығында өзге де көптеген өнеркәсіптер қайта жарақтанып, жұмыстары жандана бастады.
Егер де сандарды сөйлететін болсақ, 1991 жылы облыстың қолданыстағы баға бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 10,1 миллион теңгені құраса, ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығының өзінде бұл көрсеткіш 193 178,0 миллион теңгеге жеткен.

Тарих түгенделіп, мәдениет дамуда
Тарихы тереңнен тамыр алатын Тараз топырағы, Жамбыл өңірі мәдениеттің мәйегіне айналып келеді. Тасын түртсең тарихы сөйлейтін бұл өлкенің мәдени құндылықтарды жаңғырту жолындағы атқарып жатқан тірліктері орасан зор. Аталмыш сала бойынша облыс 25 жылдың ішінде айтарлықтай жетістіктерге жетті дей аламыз. Олардың қарапайым ғана көрінісін бір кездері үдере жабылған мәдениет үйлері мен кітапханалардың қайта ашылып, халық игілігіне қызмет етіп жатқандығынан да көруге болады. Айталық, бүгінде облыс тұрғындарына барлығы 545 мекеме мәдени қызмет көрсетуде. 2000 жылдары өңірде небәрі 15 мәдениет үйі мен клуб болса, қазіргі таңда олардың саны 199-ға жеткен. Ал кітапханалар осы он алты жылдың ішінде 21-ден 287-ге жеткен.
«Тарихи мұра – баға жетпес қазына» дейді дана халқымыз. Қазіргі таңда облыстағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің саны 3365-ті құрайды. Оның 741-і мемлекеттік тізімге алынған. Сондай-ақ, 2014 жылы ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік Мәдени мұра» тізбесіне республика бойынша жеті тарихи нысан енгізілсе, оның бесеуі киелі Тараз өлкесінен екендігін де ерекше айтып өту керек. Олар – Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас кешені. Ол ғана емес, 2011 жылы бастау алған «Ежелгі Тараз» қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, біршама нәтижелерге қол жеткізілді. Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында аталмыш қалашық тарихи-мәдени орталыққа, ашық аспан астындағы музейге айналып, тараздықтар мен қонақтардың тынығуына таптырмас орын болуда. Сондай-ақ, айтулы тарихи той қарсаңында шаһарда «Мәңгілік ел» монументі бой көтерді.

img_6908

Жамбылдық жампоздардың жетістігі
Бейбіт күннің батырлары елдің даңқын спортпен асқақтатады. Жамбылдық спортшылардың әлемдік деңгейдегі байрақты бәсекелерде қашанда бәсі жоғары. Мәскеу Олимпиадасында Жақсылық Үшкемпіровтің алтын тұғырдан көрініп, Серік Қонақбаевтың күмістен алқа тағынған ерліктері осы күнге дейін сәтті жалғасты. Тәуелсіздік жылдарындағы жетістігіміз де өте қомақты. Футболдан Олимпиада чемпионы Евгений Яравенко өз алдына бір төбе. Атланта Олимпиадасында Болат Жұмаділовтың күміс, Ермахан Ыбырайымов пен Болат Ниязымбетовтің қола жүлдемен қуантқанын қалай ұмытайық?! Арада төрт жыл өткенде, Сиднейде Ермахан Ыбырайымов қоланы алтынға алмастырса, әлем чемпионы Болат Жұмаділов күміс тұғырын екінші мәрте сақтап қалды. Афиныда Бақтияр Артаев қоржынымызға алтын жүлде салды. Лондон Олимпиадасында Ақжүрек Таңатаровтың қола жүлдеге қол жеткізіп қуантқаны да бір ерлік болатын. Рио Олимпиадасындағы Елдос Сметовтың алтынға бергісіз күмісі неге тұрады?! Артынша Риодағы Паралимпиада ойындарында Зүлфия Ғабидуллина алтыннан алқа тағынып, мерейімізді тағы бір биіктетті.
Әлем чемпионаттарында да еңсеміз сан мәрте биіктеді. Болат Жұмаділовтың алтыны, Ғани Жайлауовтың қоласы – өз алдына бір мерей. Марат Мәзімбаевтың әлем чемпионы атанғаны – мықтылық. Сәлкен Жартыбаевтың да атанға жүк болатындай жетістігін ерекше айтып өтуге тиіспіз. Олжас Сәттібаев Азия чемпионы болғанда, қуанбаған қазақ қалмады. Бейбіт Ыстыбаевтың қазақ күресінен әлем чемпионы атанғаны, Бейбіт Ыстыбаев пен Руслан Мұхамедқалиевтың қазақ күресінен Азия чемпионы атанғаны намысымызды қорғайтын дарынды спортшылардың бар екенін айғақтайды.

Тарихи Тараздың ажарлы Астанаға тағзымы
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қыркүйек айының 23-25 аралығында Астанада Жамбыл облысының күндері өтеді. Осыған байланысты бірқатар әлеуметтік және мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.
Атап айтар болсақ, шараның бірінші күні, яғни 23 қыркүйекте М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма теат­рында сағат 11.00-де Жамбыл облыстық орыс драма театрының С. Маршактың «Кошкин дом» атты балаларға арналған ертегісін, сағат 18.00-де Ш. Айтматовтың повесінің желісі бойынша «Пегий пёc, бегущий краем моря» қойылымын тамашалауға болады.
24-25 қыркүйек күндері сағат 9-дан бастап кешкі 18.00 аралығында астаналықтарды Бейбітшілік көшесінде (ескі алаң) өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне шақырамыз. Осы күндері сағат 10.00-ден бас­тап елорда тұрғындары мен қонақтарының Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстанда жасалған» акциясы аясында өтетін Жамбыл облысы кәсіпорындары өнімдерінің көрмесін тамашалауға мүмкіндіктері болады.
24 қыркүйек күні театр өнерінің көрер­мендерін Астана қаласының сахналарында өтетін қойылымдарға шақырамыз. Сағат 12.00-де М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында С.Маршактың «Кошкин дом» атты балаларға арналған ертегісі сахналанса, 18.00-де Жастар театрында М. Әуезовтің повесінің желісі бойынша Н. Оразалиннің «Қилы заман» тарихи драмасын, М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Ф. Буляковтың «Выходили бабки замуж» атты комедиясы қойылады.
Сонымен қатар, осы күні сағат 10.00-ден бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Жамбыл облысының музейлер қорының көрмесі жұмыс жасайды. Ал сағат 16.00-де Бейбітшілік және келісім сара­йында облыс өнерпаздарының «Ұлы Дала – ұлысым» атты концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылмақ.
Келесі күні, яғни соңғы 25 қыркүйек күні сағат 16.00-де Жастар театрында М.Әуе­зовтің «Еңлік–Кебек» трагедиясын жамбылдық актерлардың сомдауында көруге болады.

Әзірлеген Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button