Мәдениет

Әйел туралы әйелдер қойылымы



М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры италиялық драматургтер, Нобель сыйлығының лауреаты Дарио Фо мен Франка Раменің «Мен сені күтемін, сүйіктім» пьесасы желісімен «Өмірде не жетпейді?» қойылымының премьерасын ұсынды. Спектакльді Ресейден шақырылған режиссер Татьяна Захарова сахналады.

[smartslider3 slider=2416]

Жалпы қойылымға бірнеше елдің мамандары атсалысты. Қоюшы суретші Екатерина Витковская – Мәскеуден, костюм­дер бойынша суретші Зухра Мұхамбетова – Бішкектен, ал пластика режиссері Роза Белгібаева – Нұр-Сұлтан қаласынан. Әйелдер сахналаған қойылымда үй шаруасындағы әйелдің өмірі туралы баяндалады. Бас кейіпкер бейнесін белгілі актриса Светлана Фортуна сомдайды.

Қызы бойжетіп, «өзі болып, төркінін танымай кеткен», емшектегі ұлын және жол апатына түсіп, арбаға таңылған қайнағасын бағып отырған әйел нағыз махаббатты аңсайды. Қызғаншақ күйеуі әйелін пәтерден шығармай қамауда ұстап, қит етсе жұдырық ала жүгіреді. Осындай өмірден шаршаған бас кейіпкер арқылы отбасында болатын проблемалар, әйелдің отбасындағы орны ашылады.

Жас бойынша шектеу қо­йылған, 18 жасқа толғаннан кейін ғана көруге болатын қойылымға бар болғаны үш актер қатысады. Светлана Фортунамен қатар Данил Хомко мен Дмитрий Маштаков кейіпкерлерді кейіптейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қозғалады.

Әрине, отбасында туындайтын жанжалға күйеуі де, әйелі де кінәлі. Ер адам сүйіп алған жарына дұрыс көңіл бөлмейді. Әйел болса жылулықты аңсайды. Ақыры өзіне ағылшын тілін үйреткен жас мұғалімнің құшағына құлап, күйеуінің көзіне шөп салады. Осындай шым-шытырық оқиғаның финалы екі түрлі ойға қалдырады. Спектакльдің соңындағы әйелдің әрекетінен өзіне-өзі қол салды немесе бұрынғы өмірін тастап, жаңа өмір бастады деп ойлауға болады. Бұл тұрғыдан актриса Светлана Фортунаның ойын шеберлігін, қоюшы режиссердің қойылым түйінін түюге көрер­мендерге қалдырғанын атап өтуге болады.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button