Жаңалықтар

Алаш мұраты



Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалалық Тілдерді дамыту басқармасының ұйытқы болуымен «Алаш мұраты және рухани жаңғыру: сабақтас­тық пен жалғастық» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті.

Басқосуға алаштанушы ғалымдар, оқу орындарының басшылары және белсенді жастар қатысты. Алғаш болып «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, ғалым Сұлтанхан Аққұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы 20-ғасыр­дағы Алаш идеясымен сабақтас екендігіне тоқталып, сол кезде саяси сахнаға көтерілген ұлт қайраткерлерінің туған халқы үшін жасаған еңбектері жайында сөз қозғады. Ал Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдіс­темелік орталығының директоры Ербол Тілешов «Жаңа әліпби – жаңғыру негізі» деген тақырыпта әңгімеледі. «Кеше ғана Елбасы әліпбидің жаңа нұсқасын бекітті. Негізінде, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылған. Мәселен, орфогра­фиялық ережелер тобын ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, әдістемелік топты ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, сараптамалық-техникалық тобын ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев басқарады. Осы бағытта жұмыстар басталып кетті. «Біз Президент әкімшілігіне әліпби туралы халықтан түскен мың жарым пікірді сараптап бердік. Елдің пікірі ескерілді. Күзге таман осы мәселеге қатыс­ты үлкен форум болады. Бастысы, жаңа әліпби жазу реформасына айналу қажет» деді ғалым. Одан кейін қоғам қайраткері, профессор Сайлау Батыршаұлы мемлекеттік тіл туралы өз толғанысын жеткізді. Белгілі ғалым Шерубай Құрманбайұлы Алаш қозғалысы мен ұлттық әдеби тілді байланыстырып, парасатты сөз өрбітті.
Түйіндей келгенде, басқосуда өткен ғасыр басында ұлтымыздың ұлы тұлғалары көтерген Алаш мұратының бүгінгі күнмен де жалғасып жатқандығы жан-жақты талқыланды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button