Басты ақпаратМәдениет

Алаштың Айбозымен сазды сұхбат



Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бiрлестiгiнiң (жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Кенжеғали Мыржықбай) жаңа оқу жылындағы алғашқы қонағы Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Қайрат ­Байбосынов болды. «Айбозым» атауын алған сазды сұхбат барысында ұлттық өнерге қатысты қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер айтылып, әсем әндер әуеледі.

Балалық шақтан өнерге құштар болып, «Бала Біржан» атанған Қайрат Байбосынов көзге ерте түсті. Сол кездері академик Шапық Шөкинді, атақты күйші-композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевті тәнті етіп, Жүсіпбек Елебековтен дәріс алды. Осыдан қырық жылға жуық уақыт бұрын өзі де ұстаздық жолға түсіп, қазірге дейін қаншама буын шәкірт тәрбиеледі. 2009 жылдан бері Қазақ ұлттық өнер университетінде сабақ беріп келе жатыр. Осы кездесуге де бүгінгі шәкірттерін ерте келіп, томағасын сыпырғандай болды.

Алдымен Ермек Нұрпейісов, Камал Майданов, Ақниет Серғазина, Бек Мыңбай, Камила Саяділқызы, Ерқұланбек Ерқанат сынды шәкірттері әуелетіп ән салды. Шырқаған әндері де кез келген әншінің ыңғайына келе бермейтін халық композиторларының туындылары. Атап айтқанда, Біржан салдың «Ақсеркеші», Ақан серінің «Құлагері», Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұлы», Үкілі Ыбырайдың «Толқыны», Иса Байзақовтың «Желдірмесі», Зілқараның «Жиырма бесі». Көрермендердің сұрауымен Қайрат Байбосыновтың өзі де Үкілі Ыбырайдың «Қалдырғанына» салды.

Сұрақ-жауап кезегі келгенде, бірқатар дәстүрлі әншінің эстрадаға бет бұрып, халық әндерін насихаттамай кеткені туралы сауалға Қайрат Әукенұлы «Бұл заманның ағымы шығар. Бір жағынан қазіргі эстрада әншілерінің көбі халық әндерін дұрыс айтпайды, сөзін бұрмалайды. Дәстүрлі әншілер соларға бағыт-бағдар бергісі келетін шығар» деп жауап берді.

Кездесу барысында халық әндері мен халық композиторларының мұрасын радио мен телеарналарда насихаттау кемшін болып жатқаны, дәстүрлі әншілерді қолдау жоқтың қасы екені айтылды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов «Қайрат Байбосыновтың әндері – қазақтың көркемдік энциклопедиясы» дей келе, естеліктерді жаңғыртты. Қайрат Әукенұлы 18 жасында «Қыз Жібек» фильмінде Төлегеннің әндерін салғаны көпшілікке белгілі. Сол уақытта атақты актер Елубай Өмірзақовтың 70 жас мерейтойына арналған салтанатқа қатысып, «Ардақ» және «Ақжайық» әндерін шырқады. Швецияға барған сапарында концертін көрген қандастарымызды әруақтандырды. Серік Нығметоллаұлы осындай және басқа да қызықты деректерді айтты. Қайрат Байбосыновпен эстрада-цирк студиясында қатар оқып, «Гүлдер» ансамблінде бірге қызмет істеген белгілі әнші-ұстаз Қапаш Құлышева, әнші, жыршы-термеші Айгүл Елшібаева ізгі тілегін жеткізді. Аталмыш оқу орнының «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі, ақын Серікзат Дүйсенғазы Қайрат Байбосынов пен Жүрсін Ерман екеуіне Қазақстанның Еңбек Ері атағын беру керектігі жөнінде пікірін айтып, арнауын оқыды. Кездесуді қорытындылаған университет ректоры Ерлан Сыдықов жылы лебізін айтып, әншінің кеудесіне «Күлтегін» медалін тақты.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button