Басты ақпаратҚала мен Сала

Үй жануарларын чиптедіңіз бе?

Қазақ «ит – жеті қазынаның бірі» деп оның иесіне қалтқысыз қызмет ете алатын қасиетіне бола айтса керек. Бүгінде бұл жануарды аңшылыққа алып шығып, қоян, түлкі алатын алғырлығын шыңдаудан гөрі түр-сипатына бола үйде ұстап, өзгелерге сес ретінде асырайтындар көбейіпті. Міне, енді осындай баспаналарында өздерімен бірге үй жануарларын ұстайтындарға кейінгі кезде талап та күшейіп тұр. Бұған ең бірінші өткен жылы қабылданған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң үлкен міндеттер жүктейді.

Жауапкершілікті арттыру

Жасыратыны жоқ, кейінгі кезде елорданың, тек елорданың ғана емес, еліміздің барлық қалаларының көшелері мен аулаларында, тіпті  гүлзарларына дейін иесіз иттер мен мысықтарды байқауға болады. Неге бұлай? Не себепті көшеде қаңғыбас үй жануарлары көбейіп кетті?

Бұл сұраққа Астана қаласының тұрғыны, кезінде ұзақ жылдары мал дәрігері болған Серікбай Жұмағали былай дейді: «Көбіне серуендеуге «Жерұйық» саябағына барамын. Сонда байқайтыным, мұнда иесіз мысық та, ит те өріп жүреді. Саябақтағы адамдардың кейбірі оларға назар аударып, қолындағы барын беріп жатады. Үй жануарларының бұлай қоғамдық орындарда босып жүруінің ең басты себебі – о баста оларды асырап алған иелерінің жауапсыздығынан. Немерелеріне бола күшік күнінде қызық үшін үйлеріне алып келеді де, уақыт өте келе қызығы басылғасын оларды сыртқа тастай салады. Міне, осы жай жаппай етек алып бара жатқасын үкімет жаңа заң қабылдады. Осы заң аясында 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап үй жануарларын, яғни үйдегі иттері мен мысықтарын есепке алу міндеттелді. Оларды ең басты қорқытқаны – бұл үдеріс ақылы еді. Екіншіден, егер осы талаптар уақытында орындалмаса, иелері белгілі бір дәрежеде айыппұл төлейді. Үшіншіден, егер есепке алынған үй жануарына қатыгездік танытып, оларды далаға қаңғытып жіберетін болсаңыз, тағы да әкімшілік жауапкершілікке тартыласыз. Мұндай «бас ауруы» кімге керек? Сондықтан көп адамдар бұрын үйлерінде асырап отырған ит-мысықтарынан құтылудың қамын ойлай бастады. Сөйтіп оларды көшеге қаңғыртып жіберді» дейді.

Расында да, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңы 2021 жылдың 30 желтоқсаны күні қабылданды. Дегенмен, мұндағы кейбір талаптар, атап айтқанда, осы заңның 11-бабы бірден емес, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болып шешілген еді. Міне, осы бапта: «үй жануарларын есепке алу олардың бұйымдарын (құралдарын) пайдалана отырып, ақылы негізде жүргізілетіндігі, әрі айқындалған тәртіппен жеке нөмір берілетіндігі, есепке алынған үй жануарларының иелері үй жануарлары өлген кезден бастап он тәуліктен аспайтын мерзімде бұл туралы жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға хабарлауға міндетті» деп айқын жазылған.

Қала көшелері мен саябақтарына ит, мысықтарын қаңғытып жібергендер осы жауапкершіліктен қашқан болса керек.

Чиптеу қанша тұрады?

Жануар иелеріне міндеттеліп отырған чиптеу туралы әңгіме көп. Заңды жете оқымай, дүрбелеңге салынып жатқандар да кездеседі. Рас, ит пен мысықты есепке алу 1 қыркүйектен бастап міндеттелді. Олар иелерімен көшеде бірге жүре ме немесе пәтерден шығарылмай ма, ол маңызды емес. Міндетті түрде құжаттары болуы қажет. Ал басқа үй жануарларын (егеуқұйрық, үй қояны, ақтиін, тағы басқа да) чиптеу, чиптемеуге иесі ерікті.

Жалпы жануарды есепке қою үшін ветеринарлық клиникаларға барған дұрыс. Жоғарыда айтқанымыздай, чип салу ақылы. Ол шамамен әр жануарға 2500-ден 8000 теңге аралығында болады. 2023 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Астана мен Алматы қалаларында алдын ала чиптеткендерге тегін қызмет көрсетіліпті. Ал тұрмысы төмен жандар мен көпбалалы отбасылар үй жануарларын чиптету үшін көмек сұрап, жергілікті әкімдікке өтініш жазуына болады екен.

Айту керек, заңға бағынбай, есепке қойып, чиптеуден бас тартқан жағдайда әр үй жануа­рының иесіне 10 АЕК (34500 теңге), ал заңды тұлғаларға 30 АЕК (103500 теңге) айыппұл қарастырылған.

«Чиптеу микросызбаны жануардың терісіне енгізу арқылы жүзеге асырылады. Ешқандай ауырсыну болмайды. Терінің астына енгізілген чиптің нөмірлік сандарын кез келген уақытта арнаулы құрылғының көмегімен көруге болады.

Мұндағы мақсат – көшедегі қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын азайту. Тіпті кейбір жағдайда кетіп қалып, адасып кеткен үй жануарларын чиптің көмегімен иелеріне қайтару оңайырақ болады. Сосын тағы бір маңызды мәселе – көшеде бала-шағаны ит қауып алса, оны кімнің иті екенін чип арқылы еш қиындықсыз дәлелдеу мүмкіндігі бар. Мәселен, Петропавл қаласында жас қызды көршінің иті талап тастап, жеме-жемге келгенде жауапкершіліктен қашқан иесі «бұл менің итім емес, мен білмеймін, аулама кіріп жүрген қаңғыбас ит» деп мойнына алмаған. Міне, бұл процесс осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін керек» дейді мамандар.

Бәрін уақытында атқарса…

– Қазір кейбір адамдар «заң қабылданғанына екі жылға жақындады, ал құзырлы органдар үй жануарларын чиптеу мәселесін енді ғана қолға алуының себебі неде?» деген сауал қояды. Оның басты себебі –  біріншіден, үй жануарларын ұстайтын азаматтардың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керек болды. Екіншіден, материалдық база дайын болмады. Осы кейінге қалдырылған екі жылға таяу уақытта бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желідегі талқылауға наразылық танытқан, ой-пікірлерін айтқан мыңдаған адам қатысты. Солардың барлығына мәселенің мән-жайын нақты ашып түсіндіруге тура келді. Тіпті кейбіреулер «жаңа ереже, қызметке ақы төлеу, айыппұл осының бәрі кімге керек?» деген сыңайда өкпе-реніштерін білдіріп жатты. Оларға айтарымыз: «әлеуметтік желілерде үй жануарларын қорлап, азаптап, аса қатыгездік танытатыны жөнінде қоғамдық пікірді жете зерттегеннен кейін ғана осындай заң қабылданып отыр» дейді Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік басқармасының басшысы Әсел Шыңғысова.

Астана қаласында тұратын тәжірибелі мал дәрігері Жұмағазы Кенжебектің айтуынша, үйде ұстайтын жануарларды уақытында ектіріп, ветеринарға көрсетіп тұруды жауапты  адамдар заң шыққанға дейін де тұрақты түрде істетіп жүрген. Ал енді ит пен мысықты немесе басқа да жануарды асырап алып, оларға жүрдім-бардым қарайтындар талап күшейтілсе де азаяр емес. Оларға заңмен жіті оқып танысыңыздар дер едім. Осы ереженің 12-тармағында чип енгізудің бірнеше түрі көрсетілген. Электронды белгіні қарғыбау ретінде мойнына тағып, не болмаса чипті асқазан-ішек жолдарына да енгізуге болады. Алайда олардың бағалары әртүрлі болатынын ескерген жөн» деді маман ветеринар.

Үй жануарларын ұстау жауап­кершілігіне қатысты мәселе газетіміздің өткен сандарының бірінде жазылған болатын. Сонда аталған заң талаптарын жүзеге асыру үшін үкімет 1 млрд 485 млн 600 мың теңге қаржы бөліп отырғаны айтылды. Бірақ ол – иесіз қалған үй жануарларына оқшаулау орталықтарын ашып, вакцинация жүргізу үшін берілетін азын-аулақ қаржы. Ал күшік күнінен үйінде өзі асырап, өздерімен бірге жүретін ит пен мысығын иесі көп кешікпей есепке тұрғызып, чиптетсе, сөйтіп оның денінің саулығы мен, тазалығына қамқорлық жасаса, бұл табиғатқа да, қоғамға да пайдалы болар еді.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button