ӘлеуметБасты ақпарат

Адал қызмет айқын мақсаты болған

Жылдар жылжып, айлар алыстап, бүгінде 85 жастың төрінен орын алған қария Макен ҚАЙЫРҰЛЫМЕН жылы жүздесудің, сырлы сұхбат құрудың сәті түсті. Көпті көрген, көкейге түйгені мол ақсақалдан жауап алып, оқырманның назарына ұсынуды жөн санадық.

– Макен Қайырұлы, бүгінде қария жасты еңсерген ардақты азамат, қадірлі ақсақалсыз. Уақытты кері айналдыруға болса, нені еске алар едіңіз?

– Қалқам, балалық пен жастық шаққа саяхат жасауға қолқа салып отырсың. Айтайын, еске алайын. Мен 1938 жылдың қоңыр күзінің алғашқы айы – қыркүйектің 10-ы күні дүние есігін аштым. Әкем Қайыр қарапайым еңбек адамы болатын. Жанына ілесе жүріп, еңбекпен есейдім. Бірде тоқ, бірде ашқұрсақ жүру уақыты басымыздан өтті. Тәтті жеп, нанға тойып өстім деп жалған айта алмаймын. Жасым 14-ке келгенде, ас атасы  – нанды тоя жегенім еске түседі. Бұл – 1952 жылдар кезі. Қарапайым шаруа отбасының тіршілігі оңай бола қойған жоқ. Киелі Семей өңірінде балалық шағым өтті. Мақаншы ауданында орта шаруа отбасында бірнеше бала өмірге келіп, тәрбиелендік. Әкеміз барынша еңбек етудің қыр-сырын бала күнімізден санамызға сіңіре білді. Әкем болашағыма қатты алаңдап, зор үмітпен қарады.

– Қандай бала болып ержеттіңіз?

– Бала күнімнен зерек, алғыр, сөз ұққыш бала болсам керек, өсе келе білімге құштар болдым. Бақты орта мектебін бітірген соң, трактор руліне отырдым. Дала төсінде таңдамастан әртүрлі еңбекке араластым. Оң-солымды ерте сезіндім, байқампаздығыммен ертерек көзге түстім. Еңбекпен есейдім, өстім, ержеттім. Соның арқасында жаңадан құрылған Мақаншы совхозында қара жұмыстан бастап, түрлі қызметке көтерілдім. Жүріп өткен өмір жолым туралы «Өмірдің кейбір естеліктері» деген атпен жарық көрген кітабымда жан-жақты баяндадым.

Макен Қайырұлы «Құрмет белгісі» орденімен, КСРО төсбелгілерімен марапатталған. 1980 жылы Жоғары партия мектебін сырттай оқып бітірді. Ол – еңбек ардагері және Үржар ауданының құрметті ­азаматы. Отбасылы, зайыбы мен балалары бар

– Жоғары білім алу, біліктілікті жетілдіру мақсатыңызға енді ме?

– Әрине, бөлім басқара жүріп, білімімді жетілдіру мақсатында 1959 жылы Семей ауылшаруашылық техникумына қабылданып, арнайы техникалық механика мамандығын алып шықтым. Одан соң 1962 жылдан 1965 жылға дейін совхозда инженер-бақылаушы және 1965-1971 жылдар аралығында Калинин атындағы колхозда бас инженер болдым. 1971 жылы коммунистер партком хатшылығына сайлады. Барынша адал қызмет ету айқын мақсатым болды. Соның арқасында 1974 жылы Үржар аудандық комитеті кәсіподақ ұйымына төрағалық қызметке ұсынылдым. 1976 жылы Үржар аудандық партия комитетінде ұйымдастырушы-нұсқаушы лауазымын да атқардым. 1977 жылы Семей облысы Мақаншы ауданында Арқалды ірі қой совхозында кәсіп­одақ комитетінің төрағасы қызметін атқардым. 1978 жылы «Қызыл партизан» партия комитетінің хатшылығына сайландым. Фрунзе колхозында іскер маман ретінде көптің ықыласына бөлендім деп ойлаймын. Қызмет барысында тұрғын үй құрылысы мен арнайы фермаларда игі жаңалықтар көрініс тапты. «Көктерек» деп аталатын жаңа театр есігін айқара ашты. Қуыршақ театры ашылып, сахнагерлерге киімдер тігілді. Қуыршақ театры үшін де қажетті бұйымдар алынды. Ұлттық аспап – домбыралар сатып алынды. Осының бәрі халықтың мәдениетін арттыруға, өнерсүйер қауымның әлеуетін көтеруге ықпалы болғаны анық. 1996-2011 жылдар аралығында «Маяк» автокооперативін жандандыруға белсенді үлес қостық.

– Зейнетке шыққанға дейін жемісті еңбек атқарған Макен қария одан әрі зейнеткерлік уақытын қалай ұйым­дастырды?

– 2011 жылы Астана қаласына қоныс аудардық. Осы уақыттан бастап қала жағдайындағы жас ұрпақ тәрбиесіне қалай оң ықпал ете аламын деген мақсатпен түрлі шаруаны ұйымдастыруға ден қойдық. 2017 жылы «Темірлан» аула клубын ашуға мұрындық болдық. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың 7-ден 14 жасқа дейінгі 90 баласын тегін оқу, шахмат, дойбы және ұлттық ойын – тоғызқұмалақ ойнауды үйрететін ойын алаңдарын ашуға кірістік. Арасында аталмыш ойын түрлерінен чемпион атанған жастар болды және республикалық жарыстар мен турнирлер ұйымдастыруға белсене араластық.

– Жақсы қартаю дегенді қалай түсінесіз?

– Еңбек бәрін жеңбек, абыройың асқақтап, ер атанасың. Әдемі қартаю – рахаттанып өмір сүру, менің ұғымымда, еліңе құрметті, атқарған қызметіңе адал болу.

– Жаңа Қазақстан туралы қандай пікірдесіз?

– Қазақстанның болашағы зор болады. Тек айтарым әкімдер, министрлер, жоғары билік басындағылар адал болса. Елінің болашағын дамытуға шынайы қызмет ету қажет. Сол кезде әділетті қоғам салтанат құрады деп ойлаймын.

– Аға ұрпақ бүгінгі жастар жайлы әртүрлі пікірде. Сіз қалай ойлайсыз?

– Қазіргі жастардың бойында күш-қуат мол, білімді жастар жоқ емес. Тек оларды тани және қызметке тарта білу керек. 35 жасқа дейінгі білімді жастарды билікке, саяси-­идеология ісіне жұмылдыру қажет. Олардың бойында сенімділік, отаншылдық қасиет басым. Санасы таза, сыбайлас жемқорлықтың дәмін тата қойған жоқ, дамыған елдерде (шетел) білімін жетілдіріп келген озық ойлы азаматтарды қолдау қажет.

– Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы керек деп ойлайсыз ба? Бұл орталық кезінде қоғам дамуына бар саналы ғұмырын сарп еткен, бүгінде зейнет жасына шыққан, яғни егде жастағы көпшілікке жасалған қамқорлық, мемлекет тарапынан жасалып жатқан игі іс деуге әбден болады. Астанамыздағы 4 ауданда 4 орталық жұмыс істейді. Сіздің пікіріңіз қандай?

– Бұл құптарлық жаңалық екен. Адам баласы егде жасқа келгенде жылы сөз, жағымды қамқорлыққа зәру болары анық. Орталықтағы сан алуан қызмет түрі, сөз жоқ, аудан зейнеткерлерінің өмір сүру белсенділігін арттырары анық.

Маржан ПІРІМБЕТОВА,

Қазақстан Журналис­тер одағының мүшесі, қалалық Ардагерлер кеңесі медиатобының мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button