Басты ақпаратҰлт ұпайы

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ: Жалтақтық жарға жығады

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫН «Ұлт ұпайына» шақырып, сұхбат құрдық. Ортақ әңгіме ұлт руханияты мен мәдениеті төңірегінде өрбіді.

Қызыл империя зардабы әлі білінеді

– 1995 жылғы Конституцияның 7-бабында, 1989 жылдың 22 қыркүйегінде қабылданған Тіл туралы заңда «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай көрсетілді. Тәуелсіздік алғалы заңның толық орындалуына мүдделік таныта алмай келеміз. Себебі неде?

– Мемлекеттік тілді дамыту үшін мемлекеттік деңгейдегі саяси шешім керек. 30 жыл бойы осындай саяси шешімді халқымыз күтумен болды, бірақ осы мәселе әлі күнге шешімін тапқан жоқ. Халықтар достығы, саяси тұрақтылық, қоғамдық түсінік деген желеумен әлі күнге мемлекеттік тіл туралы тұрақты, түбегейлі көзқарас қалыптас­пады. Ат төбеліндей аз ғана ақын-жазушылар мен журналистердің, қоғам белсенділерінің біржақты талап етуімен ұлт тілінің ұстыны тұжырымдалмайды. 70 жыл бойы халықтың бойына жоғарыдан бұйрық беру, жоғарыдан нұсқау көрсету психологиясы қатты сіңді. Сондықтан Президент, оның Әкімшілігі, Үкімет мүшелері мен ұжымы, қос палаталы Парламент қазақ тілінде толық сөйлемей, мемлекеттік тіл мәселесі шешіле қоймайды. Тіл іскерлік қатынасқа түскенде ғана дамиды, өркендейді. Ол үшін мемлекеттік қажеттілік керек. Қарапайым халықтың сұранысы жоғары деңгейде шешілгенде ғана іс өз нәтижесін береді. Тілдік орта сонда ғана қалыптасады.

Екіншіден, ана тілдің басты қайнар көзі – ата-ана. Ата мен әженің, әке мен шешенің ұлт тіліне немқұрайды қарауынан әлі орыс шеңберінен, орыс психологиясынан шыға алмай, орыс тілінде білім алған балалар білімдар болып, жан-жақты қалыптасады деген тар түсінік әлі келе жатыр. Осы тұрғыда мемлекеттік идеология өз деңгейінде жүрмей, қазақ тілі орыс тілінің көлеңкесінде көп жүрді. Әлі де сол көлеңкелі көріністен арылған жоқпыз.

Ұзақ жылдар бойы жасырын, отарлық түрде ұлтсыздандыру саясаты жүріп, қазақ азаматтарының бойындағы ұлттық «мені» тапталып, жалтақтық пен қорқақтық орын алды. Мұны жасырып қайтеміз, жоғары лауазымда отырған қазақ азаматтарының бірқатары әлі күнге дейін осы жалтақтық пен әсіре сақтықтан арыла алмай отыр. Міне, Астанадағы келеңсіз көрініс – осының айқын айғағы. Мектепке бала бөлу процесіндегі жауапты тұлғалардың жетесіздігі мен ойсыздығы осындай жағдайға әкеліп, жас ұрпақты ұлттық тұғырынан айырып отыр.

Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қыз­мет етеді» деген ұлағатын ұран етіп ұстанбасақ, өз жолымыздан адаса беретін боламыз. Өйткені жазушы Жүсіпбек Аймауытов айт­қандай, «Ана тілі – халық болып жасалғаннан бергі жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгілік құламайтын бәйтерегі» ретінде адамның таным-түсінігі мен парасат-пайымы қалыптасып, дамытатын құрал. Қысқасы, тіл болмаса, ұлт та болмайды. Ахмет Байтұрсыновтың: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген ащы сөзі әлі тұщы күйінде өмір сүріп келеді. Ұлт қайраткерлерінің ұлы сабақтары жұртымыздың жүрегіне әлі жетпей келе жатқаны – өте күрделі проблема. 32 жылда біз осы олқылықтың орнын толтыра алмадық. Бір тұлғаның басқаруындағы ұлттық мәселе миллион тұлғаның ой-өрісін тежеп, мемлекет дамуының мешеу жолына ұласты.

– Ұлттық мемлекет ретінде дамуды таңдаған елдердің өркениет көшіндегі орнын көріп отырмыз…

– Дұрыс айтасыз, ұлт рухынсыз ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізе алмаймыз. Тәуелсіздік дегеніміз тек тәтті сөз емес, ол – жауапкершілік. Тәуелсіздікті алу бар да, оны сақтау бар. Оның негізгі тұғыры – ұлт тілі, ділі, тарихи санасы, анығын айтсақ, ұлттық ожданы мен ары. Мысалды ұзақтан іздемей-ақ Жапонияны алыңыз, сұрапыл соғыстан кейін, Американың атом бомбасынан кейін күлден тұрған феникстей дамып, қарыштап, өркендеп, күллі әлемнің таңдайын қақтырып отыр. Қызығасыз ба, әрине, кезінде Алаш көсемдері де қызыққан, сол үшін құрбан болған. Қазіргі таңда бұған тоқтау салып жатқан кім бар, ешкім жоқ. Демек, халық бойындағы қорқыныш пен үрей әлі сейілген жоқ. Болмаса, Корея немесе Қытай тілді, ділді, салт-дәстүрді, ең бастысы, ғылымды берік ұстанып, әлемдік өркениеттен өз орнын тапты. Біз араб әлеміне бойлап, сананы шырмаған сан алуан сектаға кіріп, надандық аймағына кіріп барамыз. Әсіресе жастарымыз осы кесапатқа дендеп батып барады. «Ораза, намаз тоқтықта» деген сөз бар еді, осының мән-мазмұнын түсіндіретін ұлттық идеология әлі әлсіз.

Ұзақ жылдар бойы жасырын, отарлық түрде ұлтсыз­дандыру саясаты жүріп, қазақ азаматтарының бо­йындағы ұлттық «мені» тапталып, жалтақтық пен қорқақтық орын алды. Мұны жасырып қайтеміз, жоғары лауазымда отырған қазақ азаматтарының бірқатары әлі күнге дейін осы жалтақтық пен әсіре сақтықтан арыла алмай отыр

Өкініштісі, елімізде ұлттық мемлекет ретінде дамуға кедергі келтіріп отырған топтар бар. Біріншісі – билік басындағы орыс тілді қазақ шенеуніктері. Олар жеке бас мүддесіне қызмет етіп отыр. Халықшыл, елшіл пиғылын мансап буы баурап кеткен. Екіншісі – орыс тілімен, мәдениетімен сусындаған өзіміздің қарапайым қазақтар. Олар «ұлт тілінің болашағы жоқ» деген теріс пиғылдан әлі арылған жоқ. Біз үшін осы топ бәрінен де қауіпті.

Өзім де сол жерде қызмет жасағаннан білемін, Президент Әкімшілігінде, Үкіметте, Парламентте жауапты қызмет атқаратындар, орыс тілді отандастар қызметін, мансабын сақтау мақсатында мемлекеттік тілге жанашырлық танытпайды. Президент Әкімшілігінде қызмет істеген жылдары орыс тілді қазақтар осындай пікірде болғанын білемін. Олар қазақ тілділер билікке келсе, қызметсіз қаламыз деген үрейде болатын. Мұны рухани мешелдік деп айтуға болады.

Тілге қажеттілік туындау керек

– Қазір тіл тазалығы бұзы­лып, шұбарланды. Мұның себебі неде?

– Қазір қолданыстағы қазақ тілінің қоры 200-300 сөзден аспай қалды. Тіл жұтаңдады, содан ой жұтаңданады, сана селкеулікке ұшырайды. Осы жылдарда тіл, шындығын айтқанда, біршама дамуға жетті, бірақ діттеген межеге жете алған жоқпыз. Тілді дамытамыз деген желеумен жыл сайын өте мол қаражат беріліп келеді. Бірақ жемқорлық деген дерт бұл жерге де дендеп еніп кетіп, тіпті қайғылы жағдайлар да болды. Тіл дамуы үшін іскерлік, практикалық қажеттілік керек. Даму өрісі қажет. Кезінде Сәкен Сейфуллин «Кеңсе тілі қазақшаға көшпей, тіл дамымайды» деп дабыл қаққан, бұған жақын жылда 100 жыл толады.

Қазақ тілі тәуелсіздік жылдарында аударма тілдің құрбанына айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары барлық мекемеде аударма бөлімдері ашылды. Аудармашылар қазақ тілінің аясын тарылтып, дамуына барынша кедергі келтірді. Мемлекеттік мекемелердегі аударма тар шеңбердегі формаға түсті. Ақпараттық тіл пайда болды. Тілдік көркемдік жойылып, қазақ тілінің ұлы байлығы тарылып, қасаң сөздік қалыпқа түсті. Онда көркем ой, көркем тіл жоқ, шығарып салма шаблон ғана болды. Аударма ана тіліміздің ажарына көріксіз бояуын жақты. Содан жастарымызда «қазақ тілі қау­қарсыз» деген ұғым пайда бола бастады. Орыс тіліндегі «лицо» деген сөздің қазақ тілінде 24 баламасы бар, оның әрбірінің контексте өз реңі бар. Махамбеттің өлеңдеріндегі небір ғажайып теңеулерді орыс тілін жүз пайыз білетін адам ешқашан аудара алмайды. Кезінде орыс ақыны Евгений Евтушенко Махамбетті аударам деп келіп екі ай жатып, басын алып қашып кеткен. Бірақ «мұндай ақынды ешкім аудара алмайды, сөздері сұрапыл екен» деп таңданумен кеткен.

Мемлекеттік органдағы баспасөз хатшылары орыс тілінде дайындалған баспасөз парағын Google Translate арқылы аударып, журналистерге ұсынады. Сосын журналистер сол бойынша ақпарат дайындап, көп жағдайда тілдің тазалығын сақтай бермейді. Сорақысы, әлеуметтік желідегі блогерлердің тілдің орфографиялық принципі мен пунктуациялық ережесіне бағынбайтын, сауатсыз жазбасы көбейді. Блогер болу оңай, білімді болу қиын, жаза салу оңай, жауапты болу қиын. Мұхтар Әуезовтің тек «Абай жолында» 17 мыңнан астам сөз қолданылған, Пушкиннің барлық шығармасында 21-23 мыңдай сөз қолданысқа түскен. Өкінішке қарай, небір ғажап сөздеріміз уақыт зынданына түсіп кетті. Оны енді кім жарыққа алып шығады?

Аударма деген белгілі дәрежеде, белгілі бір деңгейде тілді шектейді. Біз аударма шеңберінен шығып, тіліміздің орасан зор байлығын сарқа пайдаланып, өрісін кеңейту үшін өмір сүруіміз керек.

– Ұлттық мүддені қорғау ұлттық идеологияға келіп тіреледі. Біз нені тұтқа тұтамыз, кімді үлгі етеміз?

– Алдымен мемлекеттік идео­логия мен ұлттық идеология арасындағы рухани байланыс қандай, осының мән-маңызын ашып алайық.

Меніңше, мемлекеттік идеология – адамдарды саяси-қоғамдық және әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге топтастырып, әлеуметтік мінез-құлығын шыңдайтын, өркениет көшінде бәсекеге сай ететін алдыңғы арба. Ал ұлттық идеология – мемлекеттік билікте ұлттың мүддесі мен құндылығын қорғайтын құрал.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Әуелі – экономика, сосын – саясат» деген тұжырым ұсынылды. Осы қағида негізінде жаппай жекешелендіру жүріп, жабайы нарық, базардағы баға халықтың көңіл күйіне әсер етіп, сананы тұрмыс билей бастады.

Кешегі кеңестік кезеңнің өзінде идеология мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бір бөлшегі ретінде бағаланып, мәдениетке, әдебиетке, өнерге байланды. Соның нәтижесінде руханият саласы жоғары деңгейге көтеріліп, адамдар арасында ар-ождан, намыс принципі жоғары тұрды.

Руханият мәселесін кейін реттеп аламыз деп, идеология мәселесін екінші орынға қалдырып, арты рухани трагедияға ұласты. Қызылорда, Шымкент, Алматы қаласында тегін тамаққа таласқан халықтың пиғылы – сондай немқұрайды шешімнің нәтижесі. Кеше Астана қаласындағы көрмеде халықтың жеміс-жидекті талан-тараж етуінен 90-жылдардағы жүйесіз жұмыстың көрінісін көруге болады. Сол кезде біздің басшылар мемлекеттің мүлігін дәл осылай таласып, жекешелендірген еді. Жөнсіз жекешелендіру процесі рухани майданды айналып өтіп, халықтың мәдени мәйегін екінші жаққа лақтырып жіберді.

– Сонда ел ретінде ұлттық идеологияға мән бермедік дейсіз ғой.

– Әлбетте, біржақты баға беруге болмайды. ХХ ғасырдың 90-жылдарының аяғында, 2000 жылдардың басында Мемлекет хатшысы қызметін атқарған Әбіш Кекілбаев ұлттық идеологияны дамыту мақсатында «Ұлттық тарих жылы», «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», «Мәдениет жылы», «Мәдени мұра жылы» дегенді тізбектеп, экс-президентке ұсынып, мемлекеттік идеологияға апаратын жол ретінде негізін қалады. Бірақ одан кейінгі кезеңде Қазақстанды әлемге танытамыз деген желеумен әртүрлі халықаралық симпозиум, форум, конференция бірінен кейін бірі өтіп, насихат идеясы бірінші орынға шығып, идеология мәселесі екінші деңгейге ысырылды. Сөйтіп, ұлттық мүдде-мұрат ойын-сауық идеологиясының көлеңкесінде қалды.

Жаһандану жағдайында ұлт руханиятына жеңіл-желпі қарап, жүйелі, жоспарлы бағдарламалар ойластырудың орнына науқаншылдыққа салынып, бір айлық іс-шаралар топтамасын орындау салдарынан өз тілінен жиренген адамдар қалыптасып, олар қоғамда ойын ашық білдіріп, өз отандасын көрші елдің басшысымен қорқытатын жағдайға жеттік.

Жаһандануға жұтылмайық

– Сөзіңізде жаһандану үдерісін ұлт руханиятына антоним ретінде қолдандыңыз. Бұл сөзіңізді қалай түсіндіріп бересіз?

– 1986 жылы қырғыздың Халық жазушысы Шыңғыс Айтматов Алматы қаласына келгенде, сұхбат алдым. Сол кезде жазушы жаһандану дегенге анықтама беріп, оның жақсылығынан жамандығы көп болатынын дәйектеп, халықтар арасында ұлттық ерекшелік, өнер ерекшелігі, мәдениет ерекшелігі уақытпен жойылып, халықтың барлығы бір деңгейде ойлайтын жұртқа айналатынын айтты. Жаһанданудың жақсы жағы – ғылым мен технология саласы инновациялы шешімдер нәтижесінде дамудың жаңа деңгейіне көтеріледі. Соның бір дәлелі – мобильді құрылғылар – гаджет, смартфон, планшет технология­сы дамудың өрісін кеңейтіп, сервистік қызмет көрсету саласын бір жерге шоғырландырды. Ақпарат алу, ақпарат алмасу, ақпарат тарату едәуір жеңілдеді әрі шапшаңдығы артты. Қазір бесіктегі баладан еңкейген кәріге дейін телефонға байланып, оқу, тоқу мәдениеті құлдырап, француз қаламгері Дени Дидро «Адамдар кітап оқуын қойса, ойлауын да қояды» деген тұжырымына келіп тірелді. Дастарқан үстінде болсын, концертте немесе жиналыста болсын смартфоннан ажырай алмайтын «фаббинг» ауруына ұшыраған адамдар саны көбейді.

Қазір жаһанданудың бір құралы – әлеуметтік желі. Ұлтқа қауіптісі – әлеуметтік желідегі контенттің мазмұнын байытып, қазақ тілді өнімдерді көбейту керек. Онсыз ұлт ретінде даму тежеледі. Қазақ отбасында орыс немесе ағылшын тілді балалардың жетілуі – соның айқын мысалы.

– Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аяқталды. Бұл жобаға көзқарасыңыз қалай? Не бітірдік, нені бітіре алмадық?

– 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғыртуға, 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинауға мүмкіндік алдық. Рас, қаншама елдің архивінде сақталған құжаттарға қол жеткіздік. Алайда осы күні солардың басым көпшілігі құжат күйінде жатыр. Ғылыми айналымға енгені аз. Бұл тарихи құжаттардың қайсысының мән-мазмұны ұлттық тарихымызға сай келеді деген сараптама жасалған жоқ.

2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаланың негізінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданды. Әрине, атқарылған ауқымды жұмыстарды жоққа шығара алмаймыз. Алайда бағдарламаның арты сұйылып, балабақша мен мектептердегі кез келген іс-шараның айдарына рухани жаңғырудың логотипі ілініп, жұрт күлкі ретінде қарайтын бастамаға айналды.

Бағдарлама науқандық деңгейде атқарылып, халықтың рухани жан дүниесіне жауап бермеді. Негізі, бағдарламаны балабақша деңгейіне түсірмеу үшін жүйелі жоспар керек еді. Мәселен, тұлғатану бағытында елдің кесек-кесек тұлғаларының тарихи өтпелі кезеңдерде еңбегін бағалап, ономастика бағытында көше, елді мекен, қалалардың атауын қайта қарап, лайықты атау беруді, өлкетану бағытында әр өңірдің тарихи ерекшелігін насихаттауды жолға қою керек еді. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелеп, іске асыруға Мәдениет және спорт министрлігі жауапты болды. Алайда ұлт руханияты саласында еңбек сіңірген Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібековтің орнын басатын, ұлт мәдениетін жаңа деңгейге көтеретін министрлерге зәруміз. Қазірдің өзінде бұл ведомство науқаншылдық жұмыстан аса алмай, ұлттың рухани-мәдени ұйымдастырушысы қызметін атқара алмауда. Негізі, ұлттық анимацияны дамытуға, тарихи оқиғаларды кезең-кезеңімен жүйе­леп, оның мән-мазмұнын көркем фильмдер арқылы көпшілікке жеткізуге, тарихи тұлғаларды өңірлік деңгейде ғана атап өтпей, мемлекеттік деңгейде дәріптеуге жауапты. Бастысы, театрлар мен музейлерге, кітапханалар мен клубтарды қолдаудың жаңа тетігін тауып, мәдениет, өнер адамдарын рухани және материал­дық тұрғыда демеу көрсеткені орынды.

– Қаңтар оқиғасынан кейін «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» концепциясы ұсынылды. Осы термин ұран сөзге айналып, жиі қолданатын болдық.

– «Жаңа Қазақстан» деген тұжырымды іске қосқан идеолог­тар асығыстық танытты-ау деп ойлаймын. Неге десеңіз, Қазақстан кеше пайда болған ел емес. Дұрысы, қаңтар дүрбелеңінен кейін «Жаңарған Қазақстан», «Жаңару жолындағы ел» дегені ақылға сыйымды еді.

Енді Әділетті Қазақстан деген сөзге тоқталсақ, әділетті болу үшін не істеу керек? Ең алдымен, сыбайлас жемқорлықты түбірімен жою керек. Ол үшін ел байлығының 55 пайызын иемденген 162 адам халыққа есеп беріп, негізсіз тапқан капиталын қайтарғаны абзал. Бұл – Әділетті Қазақстанға бастайтын алғашқы жол. Сонымен қатар құқық қорғау органдары – сот жүйесі, прокуратура, полиция заң аясында жұмыс істеп, халықтың сеніміне ие болу керек. Әділетті Қазақстан сөз жүзінде қалмауы үшін Президенттен бастап әрбір Қазақстан азаматына дейін адалдық орбитасында болуы қажет. Мұны Мемлекет басшысы ұдайы айтып жүр. Адал еңбек, әділетті шешім, еститін Үкімет, заңшыл Парламент, мінезді билік болғанда ғана Әділетті Қазақстанға баратын жол жемісті болмақ.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button