Басты ақпаратРуханият

«Пайғамбар қыл ақылды…»

(Шәкәрім дүниетанымына фәлсапалық көзқарас)

Қазақ фәлсапасында Шәкәрім мұрасының орны ерекше. Болашақта оны тереңдетіп зерттеу қажет. Мәселен, арысы түрк (түркі), берісі қазақ фәлсапасындағы іргелі ұғымдардың бірегейі – ақыл ұғымы. Ақыл – адамзатты басқа тіршілік иесінен даралап тұратын қасиеті. Түрк ойшылы Жүсіп Баласағұн «Ақыл – Алланың сыйы» деген. Шәкәрім «Өмір сырын көздесең» деп басталатын фәлсапалық өлеңінде «Пайғамбар қыл ақылды» дейді. Адамзат баласына Жаратушыдан келген осы ғажап сыйды Пайғамбардай құрметтеуін талап етіп отыр. Бұл – үлкен талап. Неге? Ойшыл ақын осы өлеңіде «Адасып әлім (ғалым – Т.Ш.) шатылған» дейді.

Құдайсыз өмір сүреміз деген аласапыран заманда «әлім» де адасып отыр екен. Не істеу керек? Түрк-қазақ даналары айтады: «Алланың сыйы – ақылыңа сүйен, ақылыңды – Пайғамбар қыл» дейді. Пәлен айтты деп көзсіз ерме дейді. Алланың сыйы, ақылыңа сынат деп отыр. Шәкәрім осы терең ойды, поэзияның тілімен, метафоралық жолмен жеткізіп отыр. Бұл – бүгін де аса өзекті мәселе. Ақылына сүйенген жұрт бәйгенің алдында келеді. Ал фәлсапалық тұрғыдан келсек, академик Ғарифолла Есімнің «Ақыл болмаса, адамның барлығы туралы сөз жоқ» дегені осы ойды негіздей түседі. Яғни адамның барлығының басты көрінісі ақыл болып тұр. Ендеше Шәкәрім мұрасында мол көрініс тапқан осы ақыл ұғымына кеңінен тоқталайық.

Ақыл – Шәкәрімнің фәлсапалық трактаты «Үш анық» пен көркем шығармаларында да ең көп қолданыс тапқан метаұғым. Шәкәрім мәнін ашқан, кең өріс берген жүйелі әрі түрлі контексте қолданған ақыл ұғымының біразын атап өтейік: жанды ақыл, ақылды жан, таза ақыл, арлы ақыл, ақыл көзі, толық ақыл, терең ақыл, аз ақыл, анық ақыл, арақ ақыл, мас ақыл, ақыл құсы, сау ақыл, ақыл – нұр, хайуандар ақылы, саяз ақыл, ақылды зат, азат ақыл, мол ақыл, шын ақыл, ақыл-айна, өз ақыл, еркін ақыл, жайлы ақыл т. б.

Шәкәрім ақыл туралы «Пайғамбар қыл ақылды», «ақылдың шолғыншысы – ойқұмарлық», «ақылыңа сынат», т. б. тіркестерді жиі қолданады, ақылдың статусын көтереді. Демек, Шәкәрім ақыл ұғымының мәнін ашуға аса күш салған. Ойқұмарлықтың өзі ақыл емес екен, ол оның шолғыншысы екен. Фәлсапалық тұрғыдан, анық қылып айтсақ: ақыл – субстанция, ал ойқұмарлық – аксиденция. Шәкәрім анықтаған ақылдың әрбірі жеке зерттеуді, танып білуді талап етеді.

Алдымен ақыл ұғымының мәніне, зерттелу тарихына қысқаша тоқталайық. Дін мен фәлсапада, ғылымда ақыл – көп қарастырылған, өрістете зерттеліп жүрген ұғым. Адамзат ойының түйіні, ғылымның танымы, діннің сенімі – ақыл адамның негізгі сипаты, маңызды қасиеті деген тұжырым жасайды. Адамның ақыл арқылы әлемді тануға ұмтылысын философияда рационализм деп атайды, ал метафизикалық рационализм деп сол ақылға сенімді айтады. Фәлсапада таным мен сенім үндесіп, өзгеше өріс табады. Жаратушы, жан және жаратылыс туралы таным онтологиялық деңгейге көтеріледі. Шәкәрімдегі ақыл, тұтас алғанда, осы биікке көтерілген таным, концепткатегория. Ақыл ұғымына Шәкәрімге дейін әр ғасыр биігінен данышпандар назар аударған. Сократ, Аристотель, Платон, әл-Кинди, әл-Фараби, әл-Ғазали, И.Кант, Гегель, Абай, т. б. ақылдың негізгі сипатын даналықпен тануға ұмтылған. Философия тарихында ақылды тануда ғылыми бағыттар қалыптасты. Ақыл – абсолютті шындық, ол – барлық, өмір оның айнасы деген панологизм; Ақыл тек адамның сипаты, қасиеті деген натурфилософтар, Платон, Анаксагор, Аристотель грек тілінде қолданған «Нус» ұғымы да ақыл туралы, бүкіл ғалам «жанды» дейтін діни-философиялық сенім мен танымның да ақылмен байланысы бар. Ақыл туралы Ғарифолла Есім өзінің «Адам-зат» деген іргелі еңбегінде айтқан.

Шәкәрім мұрасындағы ақыл ұғымын екі топқа бөліп қарастырамыз. Бірінші, «Үш анық» атты фәлсафалық трактатта, Шәкәрім «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді…» деген. Шәкәрім ақыл деп қоя салмаған, ақыл көзі деген. Ақылға жандылық мән беріп тұр. «Үш анық» трактаты адамның ақиқатты ақыл көзімен көретінінен басталады. Бұл кездейсоқтық емес, Шәкәрім танымының бастауы, тұтас ар ілімі концепциясының негізі – осы ақыл көзі. Кейіннен, осы еңбекте, өзінің жаралыс, жаратылыс, жаратушы, жан, ұждан сияқты адамзат баласын толғандырып келе жатқан мәселелерге ақыл көзімен (жүрек көзімен, ақыл мен жан) жету туралы сырын ашады. Бәлкім, Шәкәрімнің ақыл көзі Абай айтатын өлшеусіз ұлы ақылды тануға ұмтылған сыр-айнасы болғандықтан да ақиқатты танитын жол деп сенімді айтып отыр. Қалай болғанда да, ақылға ерекше мән берілген. «Біліп жаратушы – Тәңірі» дейтіні сондықтан болар. Шәкәрімнің осы ойы фәлсапалық лирикасында терең жалғасын тауып жатады: «Ақылдан ойға сыр тарап, Үміттің шамы жанған күн. Жар есіркеп бер қарап, Нұрына жүрек қанған күн». Шәкәрімнің ақыл көзі – антропологиялық фәлсапаға, теологияға, нақты қазақ фәлсапасына әкелген ұлттық танымдағы концепткатегориясы. Шәкәрімнің «Үш анық» фәлсапалық трактатында ақыл ұғымына ерекше орын берілгені, осы ұғымды жүйелі әрі түрлі контексте қолданғанынан байқаймыз. Мәселен, Шәкәрім барлық тіршілік иесінің өсіп-өнуге қам қылатынын айтып, бұл барлық таласы екенін, яки жаратылыстың берік жолы екенін айтып келіп, былай дейді: «Сондықтан барша адам шамасына қарай, қай бірі өзі үшін, қай бірі табы үшін, қай бірі барша адам үшін жақсылық бақ іздейді. Ақыл қарауында адам толығы барша адамға бақ іздеген болады». Сөйтіп, толық адамның болмысын айқындайды. Толық адам болудың негізгі факторы «барша адам үшін жақсылық бақ іздеу екен». Толық адам ақылдың қарауында болуы да бір белгі екен.

Шәкәрім ақыл деген денеге егулі дән дейді, оған жан суғарылса ғана кіретінін, өсіп-өнетінін айтқан. Суғарылмаған ақыл өнбей қалатынын да атап көрсетеді: «Саяз ақыл бас ұрған, Мақтауын көкке асырған, Жаба тоқып жасырған». Шәкәрім шығармаларында антропологиялық фәлсапаның көп мәселесі көркемдік тәсілмен көтерілгенін осы таным мен пайым байқатады. Саяз ақылға қарама-қарсы Шәкәрім өзі ерекше ден қоятын сау ақыл бар

Осы еңбегінде Шәкәрім сау ақыл ұғымын да қолданады. Және ерекше мән беріп қолданған. Жанның мәңгілігі, өлімнен соң бір түрлі тіршілік барлығы немесе өлген соң тірілетін жан жоқ деген екі жолды кең талдауға барарда сау ақыл ұғымын қолданған: «Менің ойымша, осы екі жолдың қайсысы анық екенін табу ақылы сау адамға қатты міндет. Неге десең адамды түпкілікті бақытқа жеткізбек болсақ біліп жаратушы ие бар, өлген соң да бір түрлі өмір бар деген жолдың шын, өтірігін білуіміз керек. Егер шын болса, соның да қамын ойлап, адамдарды түпкілікті бақытқа жеткізу үшін, егер өтірік болса, оған әуреленбей жалғыз ғана осы дүние қамын қылу үшін, олай болса бұл екеуін қалай тексереміз? Оны тексерушінің әртүрлі діндер жайынан әрбір білімділердің сол туралы айтқан сөздерінен хабары болу керек. Және қатты керек бір шарты – өзінің тұтқан діні, оқыған-ұғынғаны, қалыптанған әдеті, құмар ісі бәлендей жақсы кісі айтты деп нанып қалған сөзіне біржола байланып қалмай, ақылын әбден шын босатып сол екі жолдағылардың жазған кітап, айтқан сөз, қылған істері һәм оларға қарсы айтқан сөздердің бәрін ноқтасыз, науқассыз сау ақылмен сынау керек». Бұдан белгілі болғаны сау ақыл ноқтасыз және науқассыз болуы керек екен. Сау ақылдың үнемі қозғалыста, ізденісте болатынын да аталған екі жол туралы ой толғағанда атап өтеді: «Бұл екі жолдың түбі қайдан шыққанын тексерсе, адамдардың біз һәм әлемдегі барша нәрселердің қайдан бар болғанын, мұны кім жаратқан деген ойынан шыққан. Неге десең, адамның ақылы оны ойламай тұра алмайды және адам жаңа бір нәрсені көрсе мұны кім жасаған, бұл неге керек демей қоймайды? Сондықтан жаратушыны іздеп әркім әртүрлі ой жүргізген». Шәкәрім ақылдың субстанциялық түпнегізбен бірлігін, соған ұмтылысын ашып көрсетеді. Шәкәрім осы еңбегінде екі жол туралы білімділер сөзімен таласқа түсіп, қорыта келіп өзінің тұңғыш ойы екенін айтады. Басқа біреудің ойымен үндес шығуы мүмкін екенін де, реминисенциялық табиғатының болуын да теріске шығармайды. Қорытындысында «Барлықтың түп себебі жаратушының білім, құдірет шеберлігінде өлшеу жоқ» деп айтып келіп, Жаратушының барлығы туралы өз ойын толық ашу, дәлелдеу барысында ақылға қатысты «есті ақыл, естінің ақылы» ұғымдарын қолданады: «Біз естінің ақылын, күштінің қуатын, ұстаның шеберлігін ісінен танимыз. Менің ойымша, бүтін барлықтың бәрі, бізді осындай болмақ жолды салған түп жаратушының білім, құдірет шеберлігінде. Өлшеу жоқ деп бізге секунд сайын айғайлап тұр: «Бізге дүние түпкі сырын, көрсетіп те айтты ғой. Елемеді оны біздің, тіпті өзімшіл мисыз ой» деп көркем фәлсапа, бір шумақпен ойын тұжырымдайды. Шәкәрімнің осы еңбекте жан мен ақылды субстанция ретінде бірлікте қарастыратын сәті де бар: «Жан менің айтқанымдай баста бар болса, тұрған денесі орын болуға жарамаған соң, денеден шыққанда біржола жоғалып кетпейді. Құр ғана өзгеретін болса, бұрыннан бар жанның жоғалуына еш дәлел жоқ. Олай болса бір түрге түсіп, барлықтың ішінде бар болып жүреді. Мен бұл араға шейін жанның бірінен бірі артылатын қасиеттерін анықтап бөліп айтпай, бәрін де бір жан деп келдім. Жан әр түрге түседі. Мәселен, инстинкт-сезімді жан, сознание-аңғарлық жан, мысль-ойлайтын жан, ум-ақылды жан дегендей әртүрлі қасиеттері болады». Шәкәрім ақыл туралы ойын Абай айтатын өлшеусіз ұлы ақылмен ұштастырып түйіндейді: «Аңғару, ойлау ерікті хайуанның бәрінде бар. Бірақ олардың да бірінен бірі есті, бірінен бірі шебер, оны теріп жазбасақ та әркімге белгілі. Адамның күйі сол хайуандардан есті болмаса да, толық терең ақыл адамнан шығады. Бірақ сол адам да табиғаттан шебер емес». Шәкәрімнің ой түйіні осы жерде байқалған. Ол толық терең ақылдың тек адамнан шығатыны, солай бола тұра адамның өзі табиғаттан (Жаратушыдан, жаралыстан) шебер емес. Ар іліміне негізделген, имандылыққа, ұжданға шақырар ең дұрыс жол мұсылман жолы екенін де осы еңбегінде атап айтқан: «Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол мұсылман жолы сияқты. Кейбір діншілдерді қорлыққа түсіріп жүрген шатақ дін, жалқаулық, әйтпесе жаратушыда білім бар, өлген соң да бір түрлі жан тіршілігі бар». Шәкәрім осылай деп ойын түйіндеген.

Шәкәрім көркем шығармаларында ақыл туралы еркін таным-метафорамен айтқан. Шәкәрімнің фәлсапалық лирикасында, жалпы көркем фәлсапасында да ақыл ұғымы жүйелі әрі түрлі контексте мол қолданыс тапқан. Солардың ішінде ерекше орын берілгендері – таза ақыл мен жанды ақыл. Таза ақыл мен жанды ақыл ұғымдарын қалай қолданған, соларды мысалға келтіріп барып, ой қорытайық.

Алдымен таза ақыл ұғымын келтірейік: «Мен адамнан таза ақыл таба алмадым», «Бар ғылымның түп атасы, Таза ақылмен ойлану», «Таза ақыл ақты барлайды, Дәлелсіз сөзді алмайды, Танитын жанға кез болса, Хақиқат жерде қалмайды», «Адамның сыртқы дене жаралысы, Нәпсісі айуанмен анық теңдес. Бөлектігі – жалғыз-ақ таза ақылда, Әлің келсе, жол тап та осыны емдес», «Көз адасты, ой тапты көрдіңіз бе? …Тетігі – таза ақылмен – өлшеп сынау!», «Ар жеңіп шығады, арамның қарасын, Адал еңбек, ақ жүрек берер шешіп, Таза ақыл қосылса, Әлемнің таласын», «Таза ақылмен таппаған дін, Шын дін емес жындылық», «Айнымайтын ақ жүрек пен, Таза ақылды адамның, Таппасы жоқ бұл өмірде, Осыны ұқ балам», «Ақ жүрек пен пен таза ақыл, Қылсаң адал еңбек, Бірінен де сол мақұл, Артқыға жол бермек», «Дәлелсіз сөз – соққан жел, ұшқан тозаң, Таза ақылдың алдында жоқ қой құны», «Рух деген дінсіз таза ақыл, Мінсіздің ісі шын мақұл. Айуандағы ақыл ол емес. Аз ғана сөзім – аз тақыл, Құранды оқы нанбасаң», «Бәрін де тапқан таза ақыл», «Ғаділ жүрек, таза ақыл мақтайтұғын, Солдар сөкпес іс қылар жолды көксе». Шәкәрім таза ақыл ұғымын бұдан да басқа оншақты өлеңінде келтірген.

Шәкәрім ақылды барлық қырынан тексеріп, оның сипатына терең барған. Соның басты түпнегізі – осы таза ақыл мен жанды ақыл. Қасиетіне, болмысына қарай анықтаған осы екі екі ұғымды Шәкәрім жай ғана келтірмей жүйемен берген. Оның әрбірі жеке-жеке санаға салып өлшеуді талап етеді. Мынаны айтып отыр деп шолақ қайыруға келмейді. Контекстен бөлек алып қарастырсақ та түп негізі тереңде екенін байқаймыз. Біз оған екі сілтеме-мысал келтірейік. Бірі Шәкәрімнің өзі келтірген сілтеме: «Құранды оқы нанбасаң». Екіншісі Ғарифолла Есімнің «Жаралыс басы – қозғалыс» өлеңін талдау барысындағы айтқан ойына сілтеме: «Шәкәрім жанды ақыл дегенде ақылдың генезисі туралы айтып отыр. Ақыл қайдан шықты немесе қайдан пайда болды дегенде, ол оны жаннан шығарған, содан барып «жанды ақыл» деген түсінік қалыптастырған».

Осыдан белгілі болды, бар ғылымның түп атасы таза ақыл ойлау, соған сынату екен. Әлемдегі барша барлық та, еш нәрсе бос қалмақ емес, бәрі мейлі шөп пен топырақ жанды ақылдың табысы екен. Шәкәрім неге Құранды оқы дейді, бәрі жанды ақылдың табысы дейді, ақылдың генезисі қай жерде? Абай айтатын өлшеусіз ұлы ақылдың өзі ме, жоқ әлде содан нәр ала ма? Шәкәрім осылай ой жарысына өріс ашады, таным көкжиегін көркем фәлсапада кеңейтеді. Ақылмен бойға сыр таратады.

Осы жанды ақыл мен таза ақылға жақын тұрған тағы бір түсінік – ақыл-нұр, нұрлы ақыл ұғым категориясы. Шәкәрім ол туралы: «Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр, Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр, Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен, Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр», «Зарадушке айтсам кезі кеп, Үйреттің ақыл нұр ғой деп, Ұға алмай отқа шоқынып, Бұзылды елің боғын жеп».

Ие, Жаратушыны танымау көп адасушылықтың басы екенін, өлшеусіз жарық нұр барлықтың иесі екені және соны фәлсапада, сөз өнерінің фәлсапалық лирика жанрында Шәкәрім көркемдік таныммен шебер береді. Шәкәрім ақылдың сипатын ашу барысында лирикалық шығармаларында бұдан басқа да жүздеген жерде жүйелі түрде қолданған.

Фәлсапада, ғылымда адам ақылын тәрбиелеу, қабілетті дамыту теріске шығарылмаған. Шәкәрім де терістемейді: «Ақыл деген денеге егулі дән, Суғарылса кіреді оған да жан, Ақылдың өсіп-өніп зораймағы, Көрген, білген нәрседен ғибрат алған». Адам ақылының табиғи дамуы туралы ойды Шәкәрім көркем шығармада фәлсапалық-метафоралық стильде айтып отыр. Шәкәрім адресатты қашан да ақылға бағыттап отырады: «Пайғамбар қыл ақылды, Сол табады мақұлды». Мұсылман әлеміндегі пайғамбардың статусын білетін данышпан, ақылды сол дәрежеге көтеріп отыр. Ұлттық көркем фәлсапада мұндай метафоралық теңеудің орны ерекше екенін ақын біліп отыр. Сол ақылға барлығын сынат, тексертіп отыр дегенді мол айтады: «Ақылмен өлшеп санасам», «Бұл сөзді ақылға сал, кірге тартып», «Ақылға әрбіреуін сынатарсың», «Кім айтса да сынамай қойма, жаным, Ақылыңа сынатып ойла, жаным», «Ақылға салып бар сырын», «Ақылға салып шындаса, Ашылды, міні, анық сыр», «Ақылға сынат, сабыр қыл, Жығылмайтын дәлел тап», «Ақылдың көзін байлама, Білгіш деп басшы сайлама, Оқуым, дінім, наным деп, Әдетке қарай айдама, Ақылға сынат әр істі», «Сал ақылға, дұрысы не, Дәлелін тап жақсырақ», «Ақ жүрек, ақыл көзбен сынға алыңыз», «Ойла, тексер, ақылмен», «Көңіл көзін аш – тағы ақылға сал», «Ақылыңа сынат деп, – дәлел айтқан, Құраннан табылады талай аят, Тәпсір деп қасиетін талқан қылып, Бұзғанмен Құран болмас адасқан хат».

Құран Кәрімде ақылға сынат деген талай аят бар, оның орнын Шәкәрім фәлсапалық лирикада ерекше анықтап берген, асқақтатқан. Мен «ақылмын» деп келетін, реңі ұқсас ұғыммен астас келетін сәттерді де терең аша білген: «Надандықпен қарнымыз тоқ демелік, Біз білмеген еш ақыл жоқ демелік, «Айланы ақыл, арсыздық әдеп қой» деп, Арамды адал, асылды боқ демелік». Айланың ақыл болып көрінуі, жақсы мен жаманды айырмауды соқырға таяқ ұстатқандай қылып көрсеткен.

Шәкәрім ақыл деген денеге егулі дән дейді, оған жан суғарылса ғана кіретінін, өсіп-өнетінін айтқан. Суғарылмаған ақыл өнбей қалатынын да атап көрсетеді: «Саяз ақыл бас ұрған, Мақтауын көкке асырған, Жаба тоқып жасырған». Шәкәрім шығармаларында антропологиялық фәлсапаның көп мәселесі көркемдік тәсілмен көтерілгенін осы таным мен пайым байқатады. Саяз ақылға қарама-қарсы Шәкәрім өзі ерекше ден қоятын сау ақыл бар. Сау ақылға жақын азат ақыл, еркін ақыл, арлы ақыл деген т. б. ұғым-түсініктер бар. Бұл ақыл(дар)дың негізгі ерекшелігі соншалықты «матаулы» еместігінде. Жан мен ақыл тәнге матаулы болғанымен, бұлардың бейнесінде бір түрлі еркіндік бар. Шәкәрім былай дейді: «Отыз жылдай жиғаным, Сау ақыл менің иманым», «Тамам дерттен сау ақыл менің сыншым», «Бұл күнде дұрыс иман жоқ, Шатақ дін нәпсі тиған жоқ, Ақылы саудың ойына, Алдамшы діндер сыйған жоқ». Шәкәрімнің сау ақылға ерекше статус беріп отырғаны айқын.

Шәкәрім ақылды субстанциялық болмысында танып, оның басқа да еркін, азат сияқты акциденцияларымен бірлікте қарастырады: «Еркін ақыл тіпті адаспас, Кезсе кірсіз жарқырап», «Азат ақыл ойланбай мида жатса, Шіріп, тозып тартқызар ол бір зорлық». Ақылдың өзінің жұмсалар орны бар екені, болмаса оның өзі де жайдан-жай жоғалмайтыны анық болды. Шәкәрім адам болмысындағы ақылдың орнын ерекше бағалаған. Ақылды құсым деген, ақылды айнам деген, тіпті адам өмірін түзеуге, олардың тату тұруына апарар жолды да арлы ақыл деген: «Ақыл құсы адаспай аспандаса, Әлемде нәрсе болмас оған таса, Жеті көк жерден оңай басқыш болып, Ғарышқа қол жетеді қармаласа», «Келдім қайдан? Қайтсе пайдам? Өлгеннен соң не пайдам? «Мен» деген жан, ақыл-айнам».

Бүгінде адамзат баласы ақылының нәтижесінде ғарышқа да ұшты. Ал оның пайдасы мен зияны әлі өлшенген жоқ. Шәкәрім тура мағынасында айтып тұр ма, жоқ әлде ақылдың тұтас қуат күшін айтып тұр ма? Мен деген жан, ал айнам дегенде соның көрінісін өмірдегі айтып тұр ма, әлде субстанциялық бірлігін айтып тұр ма? Шәкәрімнің әрбір сауалы жауап та, әрбір жауабы сауал. Шәкәрімнің көркем прозасы «Әділ-Марияда» мынадай фәлсапалық толғаныс бар: «Бізше, адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі – адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек». Шәкәрімнің ар ілімінің метакатегориясы осы – ақыл. Шәкәрім мұрасы – берері мол, мәнді құндылық.

Тұрдықұл ШАҢБАЙ,

әдебиеттанушы-­философ, ­Қазақстанның еңбек сіңірген ­қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button