Қоғам

Алаяқтықтан арылу керек



Онсыз көлікті техникалық байқау саласында реформа жүрмейді дейді халық қалаулылары

Елдегі «қаңтар қасіреті» көп адамды есеңгіретіп кеткені рас. Әсіресе бизнес өкілдерінің шаруалары шатқаяқтап, алдағы уақытта не істерлерін білмей абдырап, мемлекеттен қолдау күтетіндерін де жасырмады. Форс-мажор деп барлығын кейінге ысыра беруге болмайтынын халық қалаулылары да сезіп отыр.

[smartslider3 slider=2025]

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерік Өмірғалидің сөзі осыған саяды. Ол өзінің ­Премьер-министр Әлихан ­Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында «Қауіпсіздік үшін қашан да мемлекет жауап беруі керек. Кәсіпкерлерге тек салықты жеңілдетіп қана қоймай, мемлекеттік органдар тарапынан туындап отырған басқа да түйінді түйткілдердің шешілуіне қол ұшын созған жөн» деп ашық пікір білдірді.

Ал «Халық партиясы» фракциясы атынан екінші бір депутат елдегі көліктердің техникалық бақылауын тоқтату керек деген ұсыныс түсірді.

Осыдан үш жыл бұрын ҚР Индустрия министрлігінің Көлік комитетінде жекелеген операторлардың көлікті техникалық байқаудан өткізуге байланысты кейбір мәліметтерді қолдан енгізіп, жалған диагностикалық карта сату, көлікті әкелмей, фотошоп арқылы ешқандай талапқа сай келмейтін орындарда техникалық байқау өткізу сияқты алаяқтық әрекеттерімен аяусыз күрес жүргізуі керектігі жөнінде мәселе көтерілген еді.

Депутат Айқын Қоңыров тіпті өткен жылы Көлік комитетінің қызметкерлерінен құрылған осы негіздегі ұйымдасқан қылмыстық топтың әшкереленіп, жойылғандығын да алға тартты. Олар қағаз жүзінде 28 жалған фирма ашып, 260 мың жалған диагностикалық карта әзірлеген. Сөйтіп, мемлекетке 1 миллиард теңгеге тарта залал келтіріпті.

Осыдан үш жыл бұрын ҚР Индустрия министр­лігінің Көлік комитетінде жекелеген операторлардың көлікті техникалық байқаудан өткізуге байланысты кейбір мәліметтерді қолдан енгізіп, жалған диагностикалық карта сату, көлікті әкелмей, фотошоп арқылы ешқандай талапқа сай келмейтін орындарда техникалық байқау өткізу сияқты алаяқтық әрекеттерімен аяусыз күрес жүргізуі керектігі жөнінде мәселе көтерілген еді

Халық қалаулысының ойынша, елдегі автокөлік иелерінің көпшілігі – заңға бағынатын жандар. Олар қашан да техникалық байқаудан өту үшін тиісті бес мың теңгені төлеуден қашпайды. Бірақ сол техникалық байқаудан өтудің өзі тек ақшасын төлесе болды жүрдім-бардым өткізе салып, үстірт көңіл бөлінетін жағдайға айналып кетті. Одан көліктің қауіпсіздігіне де, көлік иесіне де, қоршаған ортаға да зиян болмаса, келіп-кетер еш пайда болмай қалған көрінеді. Сондықтан «Халық партиясы» автобустар мен жүк машиналарынан, таксилерден басқа көлікті міндетті техникалық байқаудан өткізуді тоқтатуды ұсынды.

Осы көлікті техникалық байқаудан өткізудің өзі жыры таусылмайтын мәселеге айналып бара жатыр. Бұл бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Бірақ әлі күнге нүктесі қойылмай келеді. Мәселен, 2019 жылы БАҚ беттерінде бұл саладағы алаяқтықты ашық айыптаған құзырлы орган қызметкерінің ресми мәлімдемесі шыққанмен, нақты бір шешім қабылдана қойған жоқ. 2012 жылы бәсекелестік ортаға берілді деп саналған саладан дау-дамай арылмай қойды.

«Бізге техникалық байқаудан өтпеген көліктер санының күрт көбейіп бара жатқаны туралы шағымдар түсе бастады. Көлік комитеті орын алған кемшіліктер бойынша сараптама жүргізді, талдау жасады. Нәтижесінде 2019 жылы қараша айында ҚР Көлікті техникалық байқаудан өткізу жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізілді» деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары Данияр Қоспабаев.

«Біз көлікті техникалық байқаудан өткізу саласына жасалатын реформаға қарсы емеспіз. Тек ол жүйелі түрде жүргізілсе екен дейміз. Оның бәсекелі ортаға берілуі де сол жең ұшынан жалғасқан сыбайластыққа тосқауыл қою мақсатында жүзеге асырылып еді ғой. Енді келіп оның ақша жасаудың көзіне айналып кеткенін құзырлы органдар осы уақытқа дейін қалай байқамай келген. Қазір көлігі ескілеу кез келген жүргізушіні тоқтатып сұраңызшы. Көлігін техникалық байқаудан өткізгендігін айтады. Ал сонда жарық шамы жанбай, есіктері дұрыс жымдасып жабылмайтындығы көзге анық көрініп тұрған сол көлік техникалық байқаудан қалай өткен деген ой туады. Бұл – сол жергілікті жерлердегі тәртіптің босаңсуы, сыбайлас жемқорлықтың етек алуы. Осы бағытта техникалық қауіпсіздік туралы сөз қозғаудың өзі артық болар еді» дейді отыз жылдан астам жүргізушілік тәжірибесі бар еңбек ардагері Ерсайын Сарыбаев.

Кейінгі кезде автокөліктердің техникалық бақылаудан өтпейтіндігі жоғары жаққа дендеп жете бастады. 2012 жылы барлық автокөліктің 13 пайызы өтпеген болса, 2019 жылы ол бес пайызға дейін төмендеген. Осы бағытта шара қолдану үшін «Техбақылау» атты бірыңғай ақпараттық портал жүйесі енгізіліп, техникалық байқаудан өтпеген көліктердің тізімін ішкі істер органдарына беріп отыру үрдісі қалыптаса бастады.

Қазақстанда жыл сайын 2,7 миллион көлік техникалық байқаудан өткізіледі. Көлік жүргізушілері әрбір акт үшін 5000 теңге төлейді. Осы саладағы жылдық табыстың көлемі 7-13 миллиард теңге шамасында болады екен. Осының барлығы біреудің қалтасына кетпес үшін депутат Айқын Қоңыровтың ұсынысын құзырлы органдар қолдай ма, қолдамай ма, ол енді басқа мәселе. Бірақ осы саладағы жемқорлыққа бір тосқауыл қойылуы керек-ақ.




Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button