Басты ақпаратРуханият

Әлемде «Абай жолы» секілді эпопея жоқ

Жуырда елордада Азия елдері қаламгерлерінің форумы өтті. Онда жан-жақтан жиылған ақын-жазушылар көркем сөздің көрігін қыздырды. Солардың арасында Ресейде тұратын жерлесіміз, көрнекті жазушы-драматург, сценарист, аудармашы, әдебиет саласындағы бірқатар сыйлықтардың лауреаты Анатолий Ким де болды. Биыл қабырғалы қаламгер сеңгірлі сексен жасқа толды. Бірақ талантты тұлғаны сексенге толды деп ойламайсыз. Қимылы ширақ. Жиын аясында суреткермен кездесіп, әңгімелескен едік.

АНА ТІЛІМ – ОРЫС ТІЛІ

– Анатолий Андреевич, әңгімені Азия форумынан алған әсеріңізден өрбіткім келіп отыр…
– Жақсы! Мен бұған дейін көптеген халықаралық әдеби форумдарға қатысып жүрмін. Халықаралық ПЕН-клубтың да кездесулерінен қалған емеспін. Кейде маған осындай жиындар бір сарында өтетіндей көрінеді. Бір тақырып аясында баяндама тыңдалып, пікірлер айтылады. Сонымен қайтамыз. Бүгінгі форумға келерде де осындай ойда болғанымды жасырмаймын. Және маған жиында «Қалам мен қару» деген тақырыпта баяндама жасауға ұсыныс түсті. Бұған келістім. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Кеңес өкіметі қазақ жерінен ядролық полигон ашып, ашық сынақ жүргізді. Соның салдарынан қаншама адам зардап шекті. Табиғат бүлінді. 1991 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті ­Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигоны жабылды. Осылай Қазақстан әлемде ядролық қарудан бас тартқан мемлекет ретінде тарихта қалды. Сондықтан мен осы бағытта әңгіме болар деп жорыдым. Бірақ форум мен ойлағанымнан басқаша өрбіді. Азияның әр жерінен келген қаламгерлер шығармашылығы мен ой-пікірлерін ортаға салды. Шын мәнінде, келелі жиыннан көп нәрсені көңіліме түйдім.
Сонда не түйдіңіз?
– Мәселен, маған араб жазушысының философия­лық ойлары ұнады. Ол өз сөзінде саясатты, мұнайды емес, бүгінгі өмірді, адамның жаны мен болмысы туралы айтты. Моңғолия қаламгері де жақсы сөйледі. Қысқасы, әрбір жазушы өзі үшін құнды саналатын тақырыпты талқылады. Бұл маған ой салды. Жазушы ретінде тәжірибе болды. Менің де жүрегімде ешкімге айтпаған сырлар бар еді. Бірақ оны біреулер түсіне ме деп ойлаушы едім. Жоқ, оным бекер екен. Форумға қатысқан ақын-жазушылармен бір-бірімізге осындай сырларымызды айтып, ақтарылып сөйлестік.
Айталық, Оңтүстік Корея­дан келген үлкен ақын Ко Ын-ды біраз жылдан бері білемін. Мен бір жылдары Сеулдегі жоғары оқу орнында дәріс оқығанмын. Екеуміз сонда төрт жылдай көрші тұрдық. Алайда жолығып әдебиет туралы әңгімелес­кен емеспіз. Оның жиындағы: «Азия Еуропа секілді біртұтас емесі анық. Азия тау мен даланың, шөл мен көлдің және табиғи ерекшеліктерге бай әлем. Осы ерекшелік әдебиетке де тән» дегенінен Азияның көркем сөзінің келешегі мен рухани кемелділігі көз алдыма келді.
Шындығында, қазір батыс әлемінде адамгершілік құндылықтар өзгеріп барады. Кейбіреулердің не еркек, не әйел екенін білмейсіз. Құдайдың бергеніне шүкірлік етпей, адамдар жынысын өзі таңдайды. Мұны рухани құлдырау деп білемін. Отбасылық қасиеттің де қадірі қашты. Ал Азияда мұндай жағдай байқалмайды. Құрлықтағы әрбір ел салт-дәстүрі мен ата жолынан тайған емес. Дәулеті шалқыған Араб мемлекеттері де салтын берік ұстанады. Яғни, форумда тек әдебиет қана емес, әлемді алаңдатқан адами құндылықтар проблемасы қозғалды. Осындай өзекті мәселені ортаға салуға мүмкіндік туғызған Қазақстанды жаңа қырынан таныдым.
– Қазақ жерінде кіндік қаныңыз тамды. Балалық шағыңыздан сыр шертіп өтесіз бе?
– Қазіргі Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Сергиевка деген ауылда мұғалімдер отбасында тудым. Әке-шешем Қазақ­станға 1937 жылы Ресейден қоныс аударған. Бір жылдан кейін өмірге мен келдім. Түлкібас – табиғаты көркем, тамаша жер. Бірақ біз онда көп тұрған жоқпыз. Кейін бұрынғы Талдықорған облысы Үштөбе ауданындағы бір колхозға көшіп келдік. Осында тоқсан тоғыз пайыз корейлер тұрды. Сауатымды осы ауылдағы мектептен ашып, оқуымды аудан орталығында жалғастырдым. Алғашқы ұстазым бізден корейше үйреніп, кейін корейше ұрсатын еді. Кейін отбасымызбен Камчаткаға көшіп келдік. Мектепті, жоғары оқу орнын орысша оқыдым. Шығармаларымды орысша жазамын. Сондықтан ана тілімді орыс тілі деп айтамын.

ОРАЛХАНДЫ ЖАНЫМА ЖАҚЫН КӨРДІМ

– Қазақ жазушыларымен жақын араласып, олардың біраз шығармаларын аудардыңыз? Алғаш кімді тәржімаладыңыз?
– Әуелі өмірден ерте озған дарынды жазушы, жақсы азамат Оралхан Бөкеевтің «Кербұғы», «Айқай», «Қар қызы» атты повестері мен әңгімелерін тәржімаладым. Онымен мені Мәскеуде Роллан Сейсенбаев таныстырды. Өзі де түр-түсі келіскен, сымбатты жігіт еді ғой. Бірден шүйіркелесіп, жаныма жақын көрдім. Оралхан өз кейіпкерлерін жан дүниесін ішек қырындысына дейін ашады. Және оның шығармаларынан әуезді әуен есіп тұрады. Осы ырғақты барынша сақтап аудардым. Кейін осы аудармалар арқылы оның кітаптары Еуропа оқырмандарына жетті. Қабырғалы қаламгер Төлен Әбдіктің де «Әке» деген тамаша хикаятын аудардым. Мұнда өткен ғасырда қазақ жұртының басынан өткен ауыр нәубет бейнеленген. Кейін жазушының «Парасат майданы» повесін тәржімаладым. Төлен осы туындысына Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлықты алды. Аудармаларымның ішінде классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романын жоғары қоямын. Бірде Әбекең Герольд Бельгердің тәржімасына көңілі толмайтындығын білдіріп, «қайтадан аударғым келеді» деген өтініш айтты. Мен одан: «романның аудармасы бар ғой» деп бас тарттым. Арада он жыл жөңкіліп өтті. Тағы да Әбекең хабарласты: «Кітаптың екінші бөлімін тәмамдадым. Енді романның бас-аяғын қосып аударып бер» деп қолқа салды. Қинала келістім. Сөйтіп, Бельгер аударған романның алғашқы бөлімін әдеби редакторлап, екінші бөлімді толықтай тәржімаладым.
– «Абай жолы» роман-­эпопеясын аудардыңыз. Бұл сүйекті көркем дүниеге қалай келдіңіз?
– Бірде маған Мұрат Мұхтарұлы Әуезов хабарлас­ты. Ол әкесінің Кеңес заманында аударылған романына риза еместігін айтып: «Сол кезеңде цензураның кесірінен кітаптың біраз жері қиылды. Әсіресе байларды дәріптеді деген тұстар тұтас­тай түсіп қалды. Сондықтан шығарманы жаңадан аудартқым келеді. Сіз бұған қалай қарайсыз?» деді. Мен оған алдымен ескі аудармамен танысып шығайын дедім. Алайда «Абай жолының» орысша нұсқасын оқи алмадым. Кітапты бес адам бөліп аударған екен. Романның сұлбасы, ырғағы сақталмаған. Тараулардың арасында бір-бірімен байланыс жоқ. Қысқасы, жазушы, әрі кәсіби аудармашы ретінде аудармадан көп кемшілік байқадым. Мұрат Мұхтарұлына романның түпнұсқасын қайтадан жолма-жол аудармасын жасап беріңіз дедім. Көп ұзамай менің қолыма цензураның қайшысы түспеген туынды тиді.
Оны оқып шыққаннан кейін бұл дәуір тудырған ұлы шығарма екендігіне көзім жетті. Әлемде «Абай жолы» секілді ешкім эпопея жазған жоқ. Мұнда Әуезов көзімен көрген мыңжылдық көшпенділер мәдениетінің соңғы жұрнағын жазып қалдырды. Жер жүзінде тарихы мен мәдениетін жазбаша емес ауыз­ша сақтаған халық сирек. Ал қазақ ұлтының тарихы мен өнері ауыз әдебиетінің арқасында ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырды. Сондықтан суреткер романда туған халқының этнографиясы мен суырыпсалмалық, ақындық, жыршылық, күйшілік, әншілік өнерін керемет суреттейді. Бұл кітаптың көркемдік қасиеттері әлі де талай талдау­ды қажет етеді.
Эпопеяны оқығанда қазақтардың кез келген қиындыққа төзімділік қасиетін көшпенділерден дарыған деп ойлаймын. Өйткені көшпенділер түрлі құбылыстар мен апаттарға дайын болып, шұғыл шешім қабылдап отыр­ған. Кешегі тоқсаныншы жылдардағы күрделі кезеңнен Қазақстанның аяғынан тік тұрып кетуі – байырғы бабаларынан қалған батырлық пен қажырлы болмысынан. Бір сөзбен айтқанда, «Абай жолы» эпопеясын аудару барысында мен өзім де бір университет бітіргендей мол рухани қазына жинадым.

ӘДЕБИ ЖУРНАЛДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚИЫН

– Бұрын ақын-жазушылардың тұрмысы жақсы болды. Қаламақылары да жоғары еді. Ресей қаламгерлерінің жағдайы қалай?

– Қазір Ресейдегі «Роман-­газета», «Дружба народов», «Октябрь», «Знамя», «Мос­ква» атты мұқабалары қалың әдеби журналдардың жағ­дайы өте қиын. Бұрын осының бәрі оқылымды басылымдар болды. Мысалы, «Дружба народов» журналына әлемнің айтулы сөз зергерлерінің туындылары жарық көретін. Менің бір романым 1989 жылы «Новый мир» журналына екі миллион таралыммен басылды. Қазір ондай таралым жоқ. Әдеби журналдар авторға қаламақы төлемейді. Қаламгерлер кітабын баспаға қалтасынан төлеп шығарады. Осыдан жазушылардың жағдайын білесіз.
– Сіз қаламгер ғана емес, танымал қылқалам шеберісіз. Осы екеуінің қайсысын хобби санайсыз?
– Жазушылық секілді суретшілік өнерімді де жоғары қоя­мын. Екеуі де хоббиім емес, өмірім десем болады.
– Нұр-Сұлтан шаһарына ат басын тіреп отырсыз. Қаланы аралап көрдіңіз бе?
– Иә. Кеше ауруханада жатқан Әбдіжәміл ­Нұр­пейісовке барып амандас­тым. Содан шығып, көлікпен қаланың біраз жерін араладым. Маған ұнады. Шаһар өте жылдам дамып барады екен. Көздің жауын алар әсем ғимараттар да жетерлік. Қазақ елінің жүрегі – бас қаласының келбеті одан әрі көркейе берсін!
– Әңгімеңізге рақмет!

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button