Басты ақпарат

Әлеуметтік көмек 1 сәуірден беріледі



Көмекке аса мұқтаж және көпбалалы отбасылар биыл 1 сәуірден кешікпей әлеу­меттік көмек ала бастауы керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан ­Назарбаев әлеуметтік саясатты іске асыру мәселелері жөніндегі кеңесте мәлімдеді.

Елбасының төрағалығымен өткен жиынға Премьер-министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешев және Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова қатысты. Онда жақында өткен «Нұр Отан» партиясының съезінде ұсынылған әлеуметтік саясат саласындағы шараларды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары жан-жақты талқыланды.
Президент қазақстандықтардың әл-­ауқатын арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған шаралардың айтылғанына көп бола қоймаса да, бұл істі ұзаққа созбай тезірек қолға алуды тілге тиек етіп, Үкіметтің жүктелген міндеттерді орындау жөніндегі жұмыс жоспарын сұрады.
– Әлеуметтік шаралардың әрбір бағыты бойынша жол карталары әзірленіп, жауапты органдар белгіленді. Бюджетті нақтылау мәселелері келесі Үкімет отырысында қарастырылады. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және білім беру, денсаулық сақтау нысандырының құрылысын жүргізу жұмыс­тарын бастаймыз. Сондай-ақ жол жөндеу, электр энергиясымен жабдықтау, газ тарту, шағын және моноқалалардың инфрақұрылымын дамыту бағытында жұмыстар ұйымдастырылады, – деді Премьер-министр.
Елбасы аталған іс-шараларды жүзеге асыруға бөлінетін қаражат салық түсімі есебінен құралатынын, ол әлеуметтік тұрғыдан тұрмысы төмен отбасыларды қолдау мақсатында жұмсалатынын жеткізді. Осы ретте салық төлеушілердің бюджетке құйған қаржысы неге көпбалалы отбасыларға жұмсалуы керек деген сөз шықпауы үшін халық арасында тепе-теңдікті сақтай отырып, мемлекет көмекке аса мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсететінін баршаға түсіндіру керек екені айтылды.
– Әл-ауқаты төмен отбасыларға әлеу­меттік көмекті 1 сәуірден бастап бере бастайық. Басқа шараларға қаржы жылдың ортасынан бастап жұмсала берсін, ал әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мемлекеттің қамқорлығын жақын арада сезінуге тиіс. Мемлекеттік органдардың басшылары мен облыс әкімдерінің жұмыстарын бағалау азаматтардың әл-ауқатының деңгейіне және тұрмыс сапасына тікелей байланысты болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы барлық қалаларда, аудандар мен ауылдарда халықты жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыс орындарын ашу шараларын жаппай жүргізу қажеттігін атап өтті.
Соңында Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, жүктелген міндеттердің орындалу барысын үнемі бақылап отыруды тапсырды.
– Үкімет, әкімдер, жұртшылық және Нұр Отан» партиясы нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін осы жұмысқа атсалысуға тиіс. Мен бұл үдерісті өзім қадағалап отырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button