Тағзым

Ана жүрегінің жылуы

 Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистерінде ең алдымен ананы құрметтеу парыз екені айтылады. «Әуелі анаңа, тағы да және тағы да анаңа, содан соң әкеңе жақсылық жаса» делінген онда. «Егер атаң мен анаң бір мезгілде үн қатып қалса, әуелі анаңа жауап бер» деген ұлағатты сөз де бар.

Кез келген адамның кісілік қасиеті, адамгершілік қырлары, жан дүниесінің көркемдігі, сол перзентіне ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан бастау алатыны анық. Нәрестеге нәр беріп, бесігін әнмен тербетіп, ертегі-дастанды ыңылдап айтып, тақпақ-өлеңді жаттатып, тыным таппайтын сол аналардың қарапайым тыныс-тіршілігінің өзі – тәлім-тәрбиенің қайнар көзі екені де белгілі.
Перзент ретінде мен де анамды еске алған сайын осындай ойға шомамын. Оған бірталай себептер де бар. Оны тарқатып айтпасам тағы болмайды. Ендеше, ойымды өзім көрген оқиғалармен өрнектеп көрейін.
Қарапайым ғана отбасынан шығып, өсіп-өнген бір әулеттің арқа сүйер ақылшысына айналған өз анамды ұрпақтарына, жақын-жуықтарына, жалпы таныстарына жылылық шуағын төккен үлкен жүректі жандардың қатарынан санаймын. Әкемізден ерте көз жазып қалсақ та, ол кісі тағдырдың сынын мойымай көтеріп, бәрімізге бас-көз бола білді, бағып-қақты, ержеткізді. Қайран анамыздың өзі жастай жетімдік көріп, туған анасы ерте қайтыс болып, әжесінің бауырында өскен екен. Бұдан кейін де тұрмыс тауқыметін тартып, қайын атасы жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған, өмірлік серігі одан жапа шеккен қилы жағдайларды бастан кешіреді.
Анамның қадір-қасиетін айт­қанда, есте қалған мынадай сәт­терді айту парыз. Менің 7 жасқа толар кезім. Мектепке барар алдында, анам екеуміз үйден өзі әдемілеп дайындаған екі кигізді алып Ащысай, Кентау қаласынан асып, Түркістан шаһарына келдік. Бізді әкеміздің нағашылары күтіп алды. Бұл 1970 жыл еді.
Сол кездегі текеметтің құны шамамен 50-60 сомнан аспайтын. Алғаш рет биік дуалды-қақпалы үйге келдік. Алғаш рет темір жәшікті (теледидар) көруім. Ертеңіне Түркістанның орталық базарына келіп, екі текеметті сатып, қаржылы болдық. Анам алғаш рет аяғыма «сандалик», қара шалбар мен ақ көйлек, қосымша жылтырақ әдемі көйлек алып берді. Мінекей, еңбекпен тапқан нәпақаның не екенін өз көзіммен көріп, қуанышқа кенелдім.
Сол секілді, біздің Теріскей өңірінде тау баурайында өсетін сасыр деп аталатын құнарлы өсімдік болады. Өзі мамыр, маусым айларында пісіп-толады. Қысқа сақтайтын, мал бордақылауға таптырмайтын нағыз құнарлы мал азығы. Қолы жеткен жеке адамдар да әрекет қылатын. Бір қиындығы, көбіне таудың қия беткейінде өсетіндіктен, елдің бәрі бірдей бара бермейді. Оның үстіне, оңай жұлынбайды, қолдың күші керек, еңкейіп жүріп, орақпен ору керек болады. Сол бір кездерде анам мен ағам мені ертіп алып, сасыр шөпті оруға баратынбыз. Таудан орып, оны төменге жинап, бірнеше арба шөпті қораға тасып алатынбыз. Осының бәрі, қарап тұрсам, үйдің, болашақтың қамы екен. Анамыздың отағасы жоқ болса да, отырып қалмай, үй шаруасының, мал басының берекелі болуын ойластыруы, ең бастысы, қолы қимылдағанның аузы қимылдайды дегендей, балаларын еңбекке тәрбиелеудің үлкен мектебі екен ғой. Иә, еңбекпен, таза ниетпен нан тауып жеуге үйреткен ата-ана бала үшін қашанда үлгі, өнеге мектебі болып қала бермек.
Асыл анашым Балажан Әбіл­қызы Созақ ауданы Теріскей өңіріндегі тоқсан жастың тө­ріне шыққан қастерлі ана, қа­сиетті әже, қадірлі қажы, текті қариялардың бірі болды. Атақты академик, тілші-ғалым Ісмет Кеңесбаевтың қарындасы. Ертеде Тілеу Ботбайұлы деген атақты би, ел ағасы болған. Осы Тілекеңнің бір немересі Кеңесбай ата болса, Нұрымбет деген баласының немересі – Балажан апа. Анамыз 1924 жылы 8 наурызда дүниеге келген. Көзі тірі болғанда биыл 95 жасын тойлайтын едік.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы қуғын-сүргін заманы өте бере, бұл кісі Мейірбековтер әулетіне келін болып түседі. Әзиз әкеміз – Қуан Мейірбекұлы адал ең­бегімен ғұмыр кешкен соғыс ардагері. Бұл арада қуғын-сүргін науқанын еске алып отырған себебіміз, біздің әулеттің үлкені Мейірбек молда жазықсыз жалаға ұшырап, қасіретті кезеңнің құрбаны болып кетеді. Уақыттың қиындығынан, әлі отау көтермеген Қуан көкемізге де бас сауғалауға тура келеді. Мекеңмен бірге туған ағайынды төрт азаматтан еркек кіндікті ұрпақ қалмайтындай, әулет басына үлкен қауіп төнеді. Міне, осы тұста әкеміз бен анамыз бас қосып, отау құрады. Құдай қолдап, екеуі үбірлі-шүбірлі болып, ұрпақ өрбітті.
Менің шешем – қилы-қилы өмір жолынан өткен, қиындықтармен талмай күресе білген қайраткер ана. Соның арқасында еңбегінің зейнетін көрген бақытты ана, еңбек ардагері болды. Жақсы ұрпақ өсірген жайсаң жанға айналды. Асыл әже, қадірлі құда­ғи атанды. Анашым сек­сен­­нің сеңгіріне шыққанда мұ­сылмандық парызын өтеп, қажы атанып қайтты.
Отбасымыздың үлкен ұлы – Серік, қаржы саласының білікті маманы, 7 бала өсіріп отыр. Одан кейінгі ұлы – Берік, аудан әкімі болған, ол да 6 баланың әкесі. Үшінші ұлы – мен, Бердібек Қуанұлы, қаржы-экономика сала­сының маманымын, 2 ұл, 1 қыз өсіріп отырмыз. Әулеттің қыздары: Орынкүл, Рая, Райхан, Раушан, Қалдыкүл. Жиен немерелері де өсіп-өнген. 30 шақты немере, 20-дан астам шөбере сүйіп, өркені өскен кейуана. Ол кісі дүние есігін ашқан шөпшегін де көзі көріп, оны перзентханадан бірге алып келісіп, «біссімілла» деп бесікке де бөлеу бақытына ие болған аяулы жан. Ең бастысы, «Жасымда бейнет берсең де, қартайғанда зейнет бер» дегендей, балалардың, немерелердің қызығын, өмірдің жақсылығын көріп бақты. Өзі өркен жайғызған әулеттің, ағайын-туғанның, құда-жегжаттың қуанышын бөлісіп, құрметін көріп, той-думанның төрінде, өмірдің өрінде жүріп келді. Амал қанша, 2017 жылғы 28 тамыз күні тоқсан жастың бел ортасына таяған алып жүрек кенеттен соғуын тоқтатты… Соңғы күнге дейін туған перзенттері аяулы ананы аялап бақты, келіндері мен қыздары, немере, шөберелері зыр жүгіріп күтім жасады. Үлкен кісі де сол қадір-құрметті сезініп, өз ризашылығын білдіріп өтті.
Немерелерінің алды «Болашақ» жолымен шетелде оқып келіп, жаңа бағытта жұмыс істеп жатыр.
Ана деген ұрпақ жалғастырушы ғана емес, бір заманнан бір заманға, бір буыннан бір буынға тұтас бір әулеттің рухани мұрасын, тағылымын жеткізуші үлкен тұлға, уақыттың дәнекері ғой. Біздің Балажан анамыз да әлгіндей аталарымыздан келе жатқан, үзіліп қалған бай дәстүрді жалғастырып әкеткен, сол ізгі қасиеттерді жанын салып қолдап-қорғаған, ұлағат-ұлылықты ұлғайтып ұрпағына сыйлаған қадірлі жан болды.
Сол аяулы анамыздың қай­та­рының алдында туған-туыс­қандар бір бас қосқанда айтқан мына бір құнарлы сөздері құла­ғымыздан кетпейді:
– Аяулы қарақтарым, бүгінде мен, Құдайға шүкір, тоқ­санның бел ортасына таяп, тағ­дырдың талай тамаша күн­дерінің куәсі болдым, не­бір қиындықтарды, өкінішті жайт­тарды да бастан кешірдім. Бармын деп тасыған емеспін, жоқпын деп жасыған емеспін. Адал еңбек етіп, балаларымның тілеуін тіледім. Тәуба, ұл-қыздарым өсіп-жетілді. Сүйкімді немерелер сүйіп, шөбе­релерімнің маңдайынан иіскеуді нәсіп етті.
Тілеуін тілеген балаларым үмітімізді ақтап, абыройлы қызмет жасап жатқан жайлары бар. Солардың арқасында, Алла жазып, Мекке-Мединеге жол түсіп, қажылық парызды атқардым. Еліміз тәуелсіздігін нығайтып, болашаққа нық қадам басып барады. Осының бәрі көңілге қуаныш ұялатады. Әрине, өмірдің бәрі қызық-думан емес. Торқалы той, топырақты өлім бар. Сүйікті пайғамбарымыз: «Қайда жүрсең де Алла Тағаладан қорық! Егер қателікке жол берсең, одан артық ізгілік жаса! Адамдармен әрдайым жақсы мінезбен қарым-қа­тынаста бол!» деген екен. Сон­дықтан да біздің әулеттің де әрбір шаңырағының алтын қазығындай – ұлдарым мен қыз­­дарым, келіндерім мен кү­йеу балаларым, ұрпақтарым, ағайын-туғандарым, құда-жег­жаттарым, көрші-қо­лаң­дарым, жерлестерім, әр­дайым ын­тымақ-бірлікте болып, тату-тәтті өмір сүріңдер, бір-біріңе кешірімді болып, сыйласа біліңдер. Адал кәсіп қылыңдар. Құдайдың сәтті күні Сіздерге аналық ақ батамды беріп, өмір­дегі бар жақсылықтарды тілеймін! Алла Сіздерге менің жасаған жасымды берсін, көрген бейнетімді бермесін! Үйлеріңнен ынтымақ, бақ-береке кетпесін! «Ағайын тату болса – ат көп, абы­сын тату болса – ас көп» деген қазағымыздың қасиетті қағидасын да ұмытпаңдар! – деген еді-ау жарықтық! Кейуананың мұндай киелі сөзіне не алып-қосуға болады. Иманы саламат болсын, асыл рухы ұрпақ жадында жаңғыра берсін. Ұрпағына, халқына жақсылық тілеген әрбір ананың ақ батасы, жүрек жылуы дәл осындай ғой, шіркін! Ортамызда жүрген осындай ақ тілеулі аналар аман болсын. Перзенттік сөзімді абзал аналарға арналған, әнге айналған жүрек лебізіммен аяқтағым келеді:
Абзалым, асыл анашым,
Біз үшін дарқан данасың;
Бауырыңа басып өсірдің,
Әулеттің барлық баласын!..

Сырларын ұғып өмірдің,
Биіктен дәйім көріндің;
Еліңнің тілеп тілеуін,
Киесі болдың төрімнің!..

Анашым, жарық жұлдызым,
Өзіңе разы ұл-қызың;
Өтсең де пәни өмірден,
Өшпейді мәңгі нұрлы ізің!..

Жайылған кеңге керегең,
Жан едің жайсаң не деген;
Жолыңды жалғай береді,
Желкілдеп өскен немерең!..

Бердібек МЕЙІРБЕКОВ,
Астана

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button