Руханият

Тағы да көктем келді Астанаға

Оңайгүл ТҰРЖАН

Қиылыстар мен құйылыстардың кезеңі,
Цифрлар бізді –
көрмей тұрып-ақ сезеді.
Жапырағымен желпіген болып жанымды,
Ормандар менің ой-қиялымды кезеді.

Заманым – осы, мысы басады жаһандай,
Сыртында жүрмін, кіруге әлі бата алмай.
Сезімдер – ол да жат болып, суып барады,
Көпірген сөздің кептелістерінен өте алмай.

Қурайлар өзін құдіреттердей қайта ашып,
Инстаграмның көшелерінде байқасып,
Азаттық үшін қырғындар болған даламда,
Бүгінгі күні брендтер жатыр шайқасып.

Қалаға келсем, әрбір қадамың сынақ-дүр,
Құлтемір тұрар сым-сөздерімен сынап бір.
Далаға келсем, қобызы сынған күйлердің,
Ырғағы әлі жылап тұр.

Соларға қарап сан тарау жолды кесе өтем,
Елу жыл өтті, ел жаңа деген – осы екен.
Бүгінгі күнім жайнап тұрса да,
адамның,
Баяғы күнін сағынатыны несі екен?

Қара түндерді қақ жарып өткен оттарша,
Көңілде мына сезімдер гүлдеп, бақ қонса.
Айтар ем мен де сағынышымды жеткізер,
Бір жұтым сөйлем тап болса!

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ

Сорқұдыққа көшіңді қондырмағын,
Қонар болсаң татасың сордың дәмін.
Сол ертегі ішінде мен де болғам,
Сонда жүріп көзіммен көрдім бәрін.

Кенжекейдің желегін жел ұшырған,
Көзі түсіп перінің, ер ұшынған.
Боз тұманда боз үйден шыға келіп,
Бал-саумалды өзіңе мен ұсынғам.

Көшіңді алып ілгері жөнел енді,
Жұртта қалам, жаңғыртып көне өлеңді.
Боз тұманды бүркенген Сорқұдыққа
Сор айдаған Ер Төстік неге келді?!

Келді, кетті… Жазмышы осылай-ды,
Тағдырынан қас батыр шошымайды.
Айтып жүрмін әлі күн жолаушыға
Ерназардың ерекше көші жайлы.

Пенделігің шығар-ды періге ерсең,
Сүйенетін емендей сенім ең сен.
Қайырылмай-ақ кете бер, көшің бастап,
Сорқұдықтың басынан мені көрсең…

Мыстан жатыр мекен қып жертөлені,
Кенжекей жүр айналып кертөбені.
Жүрек-жұртым көшіріп алды өзіне
Қимасына айналып ертек елі…


Жадыра БАЙБҰЛАНОВА

Биыл қыс – басқа қыстан салқынырақ,
Жүргем жоқ тұтас әлем шалқып, ұнап.
Біреу кеп, бір-ақ сәттік сезім сыйлап,
Өзімен кеткен сынды артығын ап…

Жауабын іздеуменен «бұл қалайдың»,
Таң атса бірге ағарып, Түн қарайдым.
Қар-қырау қатып қалған жүректі кеп,
Жалаңаш қолдарыммен тырналаймын…

Табылса, іздегенім – таптатқызбан!
Аршып сәл алайыншы қатқақ, мұздан.
Неге ызғар соқты мұнша аппақ қардан,
Неге мұң қалды мұнша аппақ қыздан?

Бастағы болып барлық індетке емші,
Сол мұңға себепші жан, жыр боп келші!
Жүректен мұз құрсаулы тоңып қалған,
Жылытып, алақанымды үрлеп берші.

Ажар ЕРБОЛҒАН

Бұл көктем сен жазған ән сынды,
Жалғыздық ішінен күліп тұр.
…Қайғымды бітпейтін жол сынды,
Жай ғана ұмыттыр.

Қала да ән сынды кей шақта,
Мөлт ете қалатын көңілден.
Жан мұңын елемей қойсақ та,
Жанарын қайтеміз егілген?!

Сен жазған ән неге тым ыстық?
Адасқан көңілім секілді.
Жолдарда жоғалған тыныштық
Үнсіз кеп, мұңайып отырды…
P.S.
Ашпаса да
күйбең күннен қабағын,
Мынау қала
әдемі ғой әніңмен.
Тірлік тонап
өзгерсе де жанарың,
Өзгермеші жаныңмен.

Танакөз ТОЛҚЫНҚЫЗЫ

Менің жұпар иісімде жалбыз бар.
Жылытады ол тоңдырғанда жанды ызғар.
Көп нөпірдің келе жатсам ішінде
Мені танып қояды ылғи жалғыздар.

Менің жұпар иісімде жалбыз жүр.
Сырын таппай бақталасып сан қыз жүр…
Әлдекімді іздері хақ жан күзгі
Әлдекімін таппаған соң жалғыз жүр…

Сол жалбыздың өзісің ғой, жұпарым,
Үзілетін шағы жетті жұқаның…
Ең соңғы дем сен боп шығар кеудемнен
Сынған кезде саялаған бұтағым.

Менің жұпар болмысымда сен жүрсің.
Алғаш сені көргенімдей мөлдірсің…
Сенсіз өмір мүмкін болса, о, Тәңірім,
Осы күзден қалмай мені сендірсін.

Айжан ТАБАРАКҚЫЗЫ

Жүретұғын қадірін бұрын білмей,
Сағынасың кіршіксіз сәттеріңді.
Бұл дүние бір рет сүріндірмей,
Бақытты қылды дейсің, әттең, кімді…

Гүл жинап қайтатындай қыр астынан,
Өзіңді-өзің алдайсың әлі күнге.
Көктем сайын бүрлейтін кінәсіздеу,
Бір үміті бар шығар бәрінің де…

Тағдыр да тауысқандай дәрменіңді,
Бұл күндер мұңға құшақ жаяды ұдай.
Есің кете сүймейсің әлдекімді,
Көктемді де күтпейсің баяғыдай…

Өткен күндер жүрекке нала болып,
Терезеден түнге үнсіз телміремін…
Қанша үмітім ақпанмен барады өліп,
Қанша үмітім алдайды енді менің?!

Көз ілермін сұраумен Хақтан бақыт,
Жүрген сол бір жан үшін жат қалада…
…Жалғыздықтың жанарын жаутаңдатып,
Тағы да көктем келді Астанаға…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button