Басты ақпарат

Әлеуметтік қолдауға қосымша қаржы бөлінді



Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды қолдауды күшейту мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының 2019-2021 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізілді. Елорда қоғамдық кеңесінің отырысында аталмыш өзгерістермен қалалық Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжан Түгелбаева таныстырды.


Оның айтуынша, қалада өтетін мәдени-сауықтық шараларға бөлінген қаржы, өзге де әкімшілік шығындар, республикалық бюджеттен келетін мақсатты трансферттер қайта қаралды. Жалпы биылғы 1 мамырға дейін бюджет 102 па­йызға орындалды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 19 пайызға жоғары.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атау­лы әлеуметтік көмек көлемін өсірді. Ағымдағы трансферттерден осы мақсатқа 942,6 млн теңге бөлдік. Айлығы төмен бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын 30 пайыз­ға көтеруге 4,4 млрд теңге, әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға 50 шаршы метрден кем емес 616 пәтерді алып беруге 5,1 млрд теңге, мемлекет мұқтаждығы үшін жер телімдерін сатып алуға 3,8 млрд теңге бөлінді» деді А.Түгелбаева.
Бұған қоса, дербес бюджеттік бағдарламаларға бөлінген қаржы қайта қаралып, 10 млрд 956 млн теңге жедел шешілуі тиіс мәселелерге бөлінетін болды. Аз қамтылған азаматтарға үзбей қолдау көрсетіп отыруға және жұмыс орындарын құруға бюджетке 1,5 млрд теңге салынды. Жылдың басынан бері оған қосымша 460,7 млн теңге қарас­тырылды. Соның арқасында бұл көмекпен жылдың аяғына дейін 4 мың адамды қамту жоспарланып отыр.
«Әлеуметтік осал топтарға, соның ішінде тұрмысы төмен отбасыларға 30-дан астам әлеу­меттік көмек түрлері көрсетіледі. Осының барлығына
14 млрд 11 млрд теңге жұмса­лады. Қала басшылығының көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылармен кездесулерінің нәтижесінде жаңа әлеуметтік бастамалардың портфелі дайындалды. Оларды орындауға 2019 жылы 2,5 млрд теңге бөлінеді. Жұмысшы мамандықтарды алуға және одан кейін жұмысқа тұрғызуға барлық жағдайлар жасалды. Бұл бағыт бойынша қаржыландыру 6 млрд теңгеден 8 млрд теңгеге ұлғайды. Қайта оқыту және біліктілікті арттыру бағдарламасына қосымша 110 млн теңге қаралды. Аталмыш бағдарлама 700 адамды қамтиды» деді А.Түгелбаева.
Қатты отынды алатын отбасылардың тізіміне мыңнан астам отбасыны қосу жоспарлануда. Бұл көмек түрі 8 АЕК-тен 16 АЕК-кке өсіп, 40 мың теңге шамасындағы қаржыны құрайды. 750 адам тісін тегін емдете алады. Оқу гранттары 130-дан 180-ге көбейді. Көпбалалы отбасылардан шыққан жоғары оқу орындары студенттері қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру құқығына ие болды.
«Бүгінгі күні елорда мектептеріндегі 1-4 сыныптардың барлық оқушылары ыстық тамақпен қамтылады. Әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардан шыққан 5-11 сынып оқушылары да бұл тізімге қосылды. Қосымша көмек ретінде осы топтағы отбасылардың 2 мыңнан астам баласына балабақшаларда тегін тамақ берілетін болады. Мектеп формасы мен оқу құралдарына қосымша 200 млн теңге бөлінбек. Екі мыңнан астам баланы каникул уақытында сауықтыруға 100 мың теңге қарастырылды» деді баяндамашы.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button