Жаңалықтар

Алғашқы қар бірден шығарылды



Астанада биылғы қыстың алғашқы қары қазан айының басында түскен еді. Алайда ол жылдам еріп кетті. Өткен демалыс күнгі жауған ақ ұлпа да ұзақ жатқан жоқ. Дегенмен Нұр-Сұлтан қаласының коммуналдық қызметтері жексенбі күні таңертеңмен алғаш рет қар тазалауға шықты.

Қала көшелерін қардан тазартуға жүздеген адам мен техника жұмылдырылды. Байқоңыр ауданы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл күні аумақта 107 арнайы техника жұмыс істеген. «Бірінші кезекте орталық көшелердің бойы, жаяу жүргіншілер жолы, сонымен қатар аялдамалар мен тротуарлар тазартылды. Сондай-ақ көктайғақ­тың алдын алу үшін құм-тұз қоспасы шашылды. Қар тазалауға арнайы техникадан бөлек 300-ге жуық адам қатысқан.
Мұндай жұмыстар қаланың басқа аудандарында да дереу қолға алынды. Барлық коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшірілді. Сарыарқа ауданында қар тазалаумен 19 мердігерлік ұйым айналысты. Бұл ауданда 159 арнайы техника және 371 жол жұмысшысы іске жұмылдырылған.
Қазгидрометтің болжамынша, алдағы қыс былтырғы жылдағыдай жылы, бірақ жауын-шашын мол болуы әбден мүмкін. Өткен қыста республика аумағына атлантикалық жылы және ылғалды ауа ағысы соқты. Осыған байланысты еліміздің басым бөлігінде мол жауын-шашын жауды. Бұл процестер Қазақстанның солтүстік-шығысында және орталығында қатты байқалды. Елордада ақтүтек боран соғып, қар қалың жауды. Синоптиктер алдағы желтоқсан-қаңтар айлары қарлы, жауын-шашынды болады деп болжап отыр.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button