ЖаңалықтарМәдениет

АЛҒАШҚЫ ШЫМЫЛДЫҚТЫ «АБАЙ» АШТЫ



 

Кеше Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрында «Абыз актер – Қаллеки» атты дөңгелек үстел отырысы өттіҚалибек Қуанышбаевтың 120 жылдығына орай ұйымдастырылған басқосу алдында көпшілікке Қоянды жәрмеңкесінен театрландырылған көрініс ұсынылды. Қонақтар Қаллекидің пайдаланған заттары, тұлғалармен түскен суреттерінен жасақталған көрмені де тамашалады . 
Дөңгелек үстелде театр сыншысы Әшірбек Сығай, академик, әдебиеттанушы Сейіт Қасқабасов, жазушылар Төлен Әбдік, Әкім Тарази, Тұрсын Жұртбай, Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Самат Тергембаев, Халық әртістері Гүлжан Әспетова, Тілектес Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Рымкеш Омарханова, Болат Ұзақов сынды белгілі өнер және мәдениет саласының майталмандары сөз сөйлеп, талантты актер Қалибек Қуанышбаев туралы тартымды естеліктер айтты. Жиынға Қаллекидің немере-шөберелері де қатысты.
Абыз актердің атын алған театрдың жаңа XXIII маусымы дәстүр бойынша Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашылды, қоюшы режиссері – Ә.Оразбеков.
Қалыптасқан дәстүр бойынша жаңа маусым қарсаңында Қаллеки театрының әртістері жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептердегі жас көрермендерімен «Театр және көрермен» тақырыбында көптеген кездесулер өткізгенін айта кету керек. 23-29 қыркүйек аралығында Ақтөбе қаласында Халық жазушысы, драматург Тахауи Ахтановтың 90 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXI республикалық фестивалі өткен. Додаға астаналық театр ұжымы Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» драмасымен қатысып, «Ең үздік актерлік ансамбль» номинациясын жеңіп алды. Қойылым жазушының «Текебұрқақ» әңгімесінің желісі бойынша сахналанған. Шығарманың сахналық нұсқасын жазған әрі қоюшы режиссері – Болат Ұзақов. Енді ұжым сейсенбі мен жексенбі күндері аралығында көрермендер назарына түрлі қойылымдарды ұсынады.

 

 

 Асхат РАЙҚҰЛ

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button