ЖаңалықтарМәдениет

Бас театрда ән салу да бір арман

Бұрнағы күні «Астана-опера» мемлекеттік опера және балет театрында 250 орындық камералық зал салтанатты түрде ашылды. Халықаралық музыка күніне орай өткен шараға көрермендермен қатар Парламенттің қос палатасының депутаттары қатысты.

Ән әуелеп, саз кернеді

Гала-концертте Парламент Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Орманшеевтің сүйемелдеуімен ән салды. Сонымен қатар, әлемге танымал скрипкашы, Халық әртісі Айман Мұсақожаеваның өнерін тамашалады. Шараға «Астана-опера» театрының жеке орындаушылары, белгілі әншілер Талғат Мұсабаев (баритон), Жан Тапин (тенор) және «Солистер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрі сахнаға шығып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кеште Барокко дәуірінің музыкасы, сол заманның дәулескерлеріГендель, Бах, Витали, Вивальди шығармалары орындалды. Ұжымның көркемдік жетекшісі – Айман Мұсақожаева, бас дирижері – Бақытжан Мұсақожаева.
Театрдың баспасөз қызметі хабарлағанындай, камералық залдың салтанатты ашылуынан кейін 9 қазанда өнерсүйер қауым үшін «Астана Операның жас дауыстары» атты классикалық музыкадан концерт ұйымдастырылады.

Чехияның шамы, Италияның орындықтары…

Шара барысында театр директоры Төлеген Мұхамеджанов жаңа камералық залда абонементтік концерттер қойылатынын мәлімдеді. «Камералық зал тынымсыз жұмыс істейтін болады. Онда абонементтік концерттер қойылады, яғни, билет құны әлдеқайда арзандайды. Абонементтік концерттер түрлі тақырыптарға арналмақ. Мысалы, классика кештері, танымал сазгерлердің мерейтойларына арналған және Қазақстан сазгерлері шығармашылығының концерттері ұйымдастырылады. Әрине, міндетті түрде балаларға арналған концерттер де болады» деді ол.
Залдың акустикасын «B&A Contractors SA» компаниясы Biobyte-пен бірлесіп жасаған. Залды италия және француз суретшілері безендірген. Төбесі мен айнала қоршаған картиналарға ұлттық элементтерді пайдалана отырып, классикалық стильде айшықтаған. Залдың ортасында Чехияда жасалған 450 келілік аспалы шам ілініп тұр. Камералық залдың сахнасы қарағайдан тұрғызылыпты, орындықтары Италиядан арнайы әкелінген.
Жаңа зал көп функциялы, яғни, онда музыка, ән орындаумен қатар, мәжілістер өткізуге де болады. 250 адамға шақталған зал ерекше акустикалық мүмкіндіктерге ие. Келешекте мұнда әлемдік музыка өнерінің бірегей шығармалары орындалмақ. Бұл жөнінде Төлеген Мұхамеджанов «Акустикасы керемет ойластырылған. Сондықтан, қай мемлекеттің өнерпазына болса да, осы камералық залдың сахнасына шығып, концерт беру үлкен мәртебе деп ойлаймын» дейді.

 Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button