Басты ақпарат

Жүз күннің жүгі: Басты бағыттар



«Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес»
 Абай. Отыз жетінші Қара сөзінен

21 қыркүйек Алтай Көлгіновтің биыл ғана аты өзгерген астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып тағайындалғанына 100 күн болды. Мемлекеттік қызметте жазылмаған заң бар. Басшының жұмысының бастауына баға беріледі. Алғашқы үш айда ешкім де тау қопарып тастай алмас. Алайда, басшы болған соң өзіне артылған міндеттерді орындау мақсатында басты бағыттарды айқындайды.

Сонымен Қазақстанның екінші Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ант беріп, ұлықтау рәсімін өткізген күннің ертеңінде бірінші болып 13 маусымда елорданың 8-әкімін тағайындап, Алтай Көлгіновті көпшілікке таныстырды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қайраткерлігімен тығыз байланысты ел тәуелсіздігі, территория тұтастығы, шекараның шегенделуі сияқты ұлы мұраттардың қатарына жаңа астанамыздың салынуы да жатады. Бас сәулетшісі – Тұңғыш Президенттің өзі. Халық көп шоғырланып, дамуы тым қарқынды жүріп жатқан қала болған соң, елорданың тізгіні берілген басшыға артылар үміт те, жауапкершілік те, айтылар сын да зіл батпан. «Азаматтардың әл-ауқатын арттыруға баса мән берілетін болады. Жақын күндері тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған маңызды шешім қабылданады. Бұл үдерістерден астанамыз қалыс қалмауы керек. Керісінше, әлеуметтік мәселелерді шешу ісінде алдыңғы қатарда жүруі қажет» деді Қасым-Жомарт Тоқаев бас қаланың басшысын таныстыру рәсімінде.
Сонымен Ақжайықтың ақ батасын алып келген А.Көлгіновтің астанамыз бойынша алған бағыты қандай?

1. ҮЛЕСКЕРЛЕР ҮМІТІ

Алғашқы күннен кабинетте қол қусырып отырмайтынын байқатты. Әкімнің жұмыс уақыты таңғы 7:00-де проблемалы нысандарды аралаудан басталады. Себебі елордадағы күйіп тұрған басты мәселе де осы. 14 мыңнан асатын үлескер отбасы бар. 2 айдың ішінде Нұр-Сұлтан қаласындағы үлескерлер бар барлық 76 көпқабатты үйді аралап шықты.
Әрбір үлескермен ашық кездесті. Оның арасында жаңа оқу жылына дайындықты пысықтап білім нысандарын да назардан тыс қалған жоқ. Қазір де бұл дәстүрі жалғасып, таңның атысы, кештің батысы үлескерлермен кездесіп жүр. Елбасының тапсырмасымен үлескерлер мәселесін шешу үшін 40 млрд. теңге қарастырылды. Сол қаржыны тиімді жұмсап, проблемалы тұрғын үйлердің мәселесін шешуді негізгі бағыты десек болады.
Алғашқы нәтижелері де жоқ емес. Құжаттары реттеліп баспаналарына кіріп жатқан тұрғындар да жоқ емес. Жосықсыз құрылыс жүргізгендерден зардап шеккен «Магистральный» тұрғын үй кешенінің 1 және 2-блогының үлескерлері әкімдіктің қолдауымен мәселелерінің шешілгенін растады. Әкім өзінің сұхбатында бұл мәселелер туралы ашық айтты.
«Бір жылда шешілмейді. Біз қысқа мерзімді, орта мерзімді, ұзақ мерзімді деп бөлдік. Биыл 10 үйді іске қосуды көздеп отырмыз. Алдағы уақытта 15 үй, одан кейін қалған үйлерді бітіреміз. Сонда 3-5 жылда біз оны түбегейлі шешуіміз қажет. Ол үшін үлкен жұмыс атқаруымыз керек», – деді қала басшысы.

2. ҚАЛА ІШІНДЕГІ ҚАУЫРТ ЖҰМЫС

Шаһардың күнделікті шаруашылығы да шаш етектен. Қараусыз қалған саябақтарды аралап, тиісті шешімдер қабылданды. Аудандық әкімдіктердің иелігіне беріліп, күтіп баптау жұмыстары тапсырылды. Бұрын оларға күтім жасау ешкімге жүктелмеген.
Саябақтарға жөндеу жүргізіліп, ондаған гүлзарлер мен саябақтар жаңаланды. Жұмыс нәтижелерін әкімдіктің ресми ақпараттық ресурстарынан көруге болады.
Астанамыздың жағдайы нөсерден соң күрт өзгеріп, сай-саланы су басады. Қала бойынша су жиналып қалатын 32 орын бар екен. Соның 16-сы жобалау жұмыстарын бастап кетті. Алдағы уақытта тағы 16-сына жобалау жұмыстарын жүргіземіз деді.
«Биыл бастасақ, келесі жылы аяқтауымыз керек. Бауыржан Момышұлы көшесі екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – инженерлік желі, су жинайтын кәріз жүйесі. Ал екіншісі – суды тазартатын жоба. Бұл 3 млрд теңге тұрады. Қазір аталған көше мен А.Иманов көшесінде жұмыстар басталды», – деді А.Көлгінов сұхбатында.

3. ШЕТКЕРІ АЙМАҚТАРДЫҢ АХУАЛЫ

Нұр-Сұлтан қаласының да қалтарыс-бұлтарысында кемшіліктер жетіп артылады. Орталық аудандарынан тысқары жатқан шеткері аймақтардың жағдайы қандай?
Қала аумағындағы 16 жеке секторлы елді мекенді аралап болған соң әкім қоғамдық кеңес мүшелерімен, мәслихат депутаттарымен бас қосты.
Сол шеткері аймақтарда тұратын 280 мыңнан астам халық елорда тұрғындарының 25 пайызын құрайды. Яғни 1/4 сол жерлерде тұрады.
«Осы аймақтардың, елді мекендердің мәселесін шешуге байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы тапсырмасы бар. Үкіметпен бірге осы мәселелерді шешумен айналысып жатырмыз. Бізде елорданы дамытудың кешенді жоспары бар, кешенді жоспар – 5 жылдық» деген болатын сол кездесуде.
Көлгінов ондағы мәселелерді 3 блокқа бөліп көрсетті. Біріншісі – инфрақұрылымдық мәселелер, ол – инженерлік желілер мен жолдар. Екіншісі – әлеуметтік нысандар. Ол – білім беру нысандары, мектеп, балабақша немесе дәрігерлік амбулатория, спорт нысандары. Үшінші блок – абаттандыру. Ол – тротуар, саябақ, жарықтандыру, аялдамалар, яғни адам өмірінің сапасын арттыруға бағытталған маңызды мәселелер. Осының барлығына 270 млрд.қаржы қажет екенін есептеп шығарды. Қыруар қаражат бір күнде бөліне салмайтыны тағы анық. Сондықтан, тұрғындарға ең қажетті дүниелерді жеткізуді басшылыққа алып отыр.
Бүгінде шеткері аймақ тұрғындарының да билікке деген сенімі артып келеді. Бір ғана Ильинка елді мекеніне 2,5 млрд.қаржы бөлініп инфрақұрылымға жұмсалуда. Көктал-1, Көктал-2-ге барсақ, ол жерде биылдың өзінде 43 көшеге асфальт төселді.

4. АШЫҚТЫҚ ҺӘМ ӘЛЕУМЕТТІК САЛА

Азаматтарды қабылдауды жүйелі түрде өткізіп, тұрғындардың проблемасын өз ауыздарынан естиді. Алғашқы үш айда 400-ден астам азаматты қабылдаған. Заң бойынша айына 1 рет қана қабылдауына да болады. Алайда күн сайын қабылдау өткізіп, халықпен жақын тілдесуді жалғастырып келеді. Президенттің тапсырмасымен ашылған «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында азаматтарды қабылдауды бастады.
«Ашық әкімдік» шарасы осыдан үш жыл бұрын Батыс Қазақстан облысында қолға алынған болатын. Жуырда Нұр-Сұлтандағы 4 ауданның әкімдігі бір күнде «Ашық әкімдік» ұйымдастырды. Есіл ауданының ғимаратынан «Open akimat» іске қосылды.
Қоғаммен тығыз қарым қатынасты әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан аңғаруға болады. Инстаграмдғы әкімнің аккаунтына келіп түскен түрлі деңгейдегі арыздарға әкімдіктегі басшылық лауазымдағы азаматтар жауап береді. Яғни, әкім аппараты, басқарма басшылары кері байланыс тұрғысынан мобильді жұмыс режиімне көшті деуге болады.
Тағы бір айта кететін жәйт, Нұр-Сұлтан қаласында ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарымен кездесуден кейін А.Көлгінов елордада тағы екі оңалту орталығы салынатынын айтты.
Сонымен қатар, қаладағы ипподромдардың бірінде иппотерапия орталығы салынатын болды.

5. ГАЗБЕН ҚАМТУ

Елбасының 5 әлеуметтік бастамасында көрсетілген елорданы газбен қамту жұмыстары жалғасуда. Тағайындалған күннен бері бірнеше рет жылыту қазандықтарының биылғы қысқа және газдандыру жұмыстарына дайындығын бірнеше рет қадағалады.
«Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елорданы газдандыруды тапсырды. Бүгін желі құрылысы басталды. Жобаның іске асырылу мерзімі де, сапасы да қатаң бақылауда болады. Келесі жылу беру маусымы басталғанға дейін адамдар газды үйлеріне өткізіп үлгеруі үшін жобаның бірінші кезеңін 2020 жылдың жазында аяқтау көзделіп отыр. Техникалық қадағалау төсемнің тереңдігін, жылу оқшаулау нормаларын, газ құбырларының түйісулерін және орындалатын жұмыстың сапасын зерделеуге тиіс. Мерзімі бойынша тездету керек» деген қала әкімі Алтай Көлгінов газ құбырының негізгі магистральдары жыл соңына дейін жүргізілетінін айтты.

– 18 қыркүйек күні астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының негізін қалаушы, шаһарымыздың Бас сәулетшісі – Елбасымызға елорда маңындағы жасыл белдеудің даму барысы туралы баяндадым.
Тұңғыш Президентіміздің тапсырмасына сәйкес қала маңындағы жасыл белдеуді дамытудың кешенді жұмыстары жүргізілуде. Дәл қазір біз 2025 жылы аяқталуы тиіс екінші кезеңін жүзеге асырудамыз. 2012-2019 жылдарды қамтитын екінші кезеңде 2 мың 264 га. аумаққа 2 млн. 800 мың көшет отырғызылды. Енді 2020-2025 жылдар аралығында тағы 2,5 мың га. жерге 3 млн. 500 мың көшет егіледі. Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша барлығы 6 млн. 300 мың тал отырғызылады.
Сонымен қатар қала әкімдігі бөлген қосымша 2 мың 800 га аумаққа да көшет егіледі. 2025 жылға дейін барлығы 7,5 мыңнан астам гектар жерге 12 млн. ағаш отырғызылады.
Нұрсұлтан Әбішұлы жасыл белдеу енді еліміздің тұрғындары үшін қолайлы орта болып қалыптасуын тапсырды. Ендігі кезекте Елбасының тапсырмасына сәйкес, жасыл белдеуде инфрақұрылым дамытылып, тұрғындарға арналған демалыс орындары салынады,– деді Алтай Көлгінов.
Осы аралықта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында Алтай Көлгінов бір рет (19 тамыз) болып, Тұңғыш Президентпен бірге (7 қыркүйек) Мәскеуге сапарлап келді. 18 қыркүйек күні Тұңғыш Президентке елорда «жасыл белдеуінің» даму барысы туралы баяндады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында қала әкімі 2 рет болып (18 маусым, 26 шілде), жұмыс бағыты бойынша нақты тапсырмалар алды.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button