Мәдениет

Тарлан күйшіге тағзым

Елордалық филармонияға қарасты «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің ХХII концерттік маусымы күйші Ғабдылхақ Барлықовтың шығармашылығына арналған «Тарлан күйшіге тағзым» күй кешімен ашылды.

Бұл жалғанда Ғабдылхақтай күйші болғанын қазір біреуі біледі, біреуі білмейді. Шәуешек қаласында туып, Бейсенбі Дөненбайұлы, Қайрақбай Шәлекенұлы, Жұмажан Сыдықұлы, Мүкей Әбілқайырұлы сынды Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебінің көрнекті өкілдерінің мұрасын насихаттаған Ғабдылхақ Барлықов өз кезінде Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінде домбырашы болды. Сол жерде атақты Нұрғиса Тілендиевтің назарына ілігіп, «Отырар сазы» оркестріне шақырылды. Осы екі оркестрде жиырма жылдан астам еңбек етті.
Жастайынан халық күйлерін үйренген ол өсе келе ел арасына танымал күйшілердің күйлерін тарта бастады. Өз жанынан «Әке арманы», «Ақ шәулім», «Сағыныш сазы» сияқты күйлерді шығарды.
Күй кешінде күйші туралы мәліметтер беріліп, оның репертуарындағы Қайрақбайдың «Телқоңыр», «Дайынкөл», «Ақсақ марал», «Майдақоңыр», «Өрелі кер», Мүкейдің «Қосбасқан», Заманбектің «Қайрақбай», Байжігіттің «Көксерке», халық күйі «Жалқы жігіт», халық әні «Айхай жалған», Тайыр Белгібайдың «Ақ арал», Бейсенбінің «Кеңес» секілді шығармаларымен қатар өзінің төл туындылары орындалды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button