Мәдениет

Алтай-Қобда күйлері қолға тиді



Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Қазына» сериялық басылымы аясында жарық көрген Мұсайып Хұсайынұлы мен Қабыкей Ахмерұлының «Алтай-Қобда қазақтарының домбыра және сыбызғы күйлері» кітабының таныстырылымы өтті.

Қазақ халқының мәдени мұрасына қатысты жаңа деректер мен зерттеулерді, қорытынды еңбектерді өзектілігіне сай әр тараптан жинақтап, толықтырып, сараптап, жариялап, ғылыми айналымға енгізу мен насихаттау мақсатында Ұлттық музей жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты осыдан екі жыл бұрын «Қазына» сериясымен кітап­тарды шығаруды қолға алды. Осы серия шеңберінде 1000 данамен шыққан аталмыш еңбек Алтай-Қобда аймағындағы күйшілік өнерді ғылыми түрде жүйелі зерттеуге жол ашады.
«Кітап бір күнде жазылған жоқ. Бұл еңбекті қолға алғаныма өте көп уақыт болды. Моңғолия жеріндегі қазақ күйлері туралы зерттеп, олардың ерекшелігі, шығу тарихы мен аңыз-әпсаналары туралы деректерді қағазға түсіру үшін біраз уақыт қажет болды. Кітап үш бөлімнен тұрады. Мұнда күйлердің тарихы, шерту ерекшеліктері және сыбызғы күйлері туралы айтылған. Кітапқа Қазақстанда белгісіз күйлер жинақталып, дискімен 321 домбыра күйі беріліп, жалпы 50 сыбызғы күйінің ноталары енгізілді» дейді кітап авторларының бірі күйші, сазгер Мұсайып Хұсайынұлы.
Оның айтуынша, кітапқа енгізілген домбыра және сыбызғы күйлері алғаш рет толыққанды түрде жарияланып отыр. Ол Қобда бетіндегі қазақтардың күй өнерін зерттеуді алпыс жыл бұрын қолға алып, ел ішінен жинақтап, сол қалпында, еш өзгеріссіз нотаға түсірген.
Авторлар жөнінде айтсақ, Мұсайып Хұсайынұлы – күйші, сазгер, дирижер, Қазақстан және Моңғолия композиторлар одағының мүшесі. Моңғолиядағы қазақтар тарихында алғаш рет опера, балет, симфониялық шығармалар жазып, музыка өнерін кәсіби деңгейде дамыту ісіне елеулі еңбек сіңірген қайраткер. 100-ден астам авторлық және халық ән-күйлері мен классикалық шығармаларды оркестр­ге өңдеп түсірді.
Қабыкей Ахмерұлы – күйші, сазгер, Моңғолияның еңбек сіңірген әртісі, осы елдің «Алтын жұлдыз» орденінің иегері, 30 күй мен 20 әннің авторы. Өткен ғасырдың 60-80 жылдары Моңғолия қазақтарының ән және күйлерін алғаш жинақтап, құрастырған қайраткер. Қабыкей Ахмер­ұлы 1992 жылы атамекенге оралып, 2012 жылы қайтыс болды.

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button